Қарашаның қақаған суығына қоя салыпты бұл мерекені. Бәлкім, бүрсеңдеген қыз-жігіттердің бойына шуақ сыйлар деді ме екен?! Әйтеуір, біз білерде 17 қараша «Студентер күні» болып аталатын.

Жастығыңның жалынды кезі ғой, бұл. Жаңа қала, жаңа достар. Қуану, ренжісу, қайта татуласу. Аялдамадан адасу. Қоғамдық көліктен шатасқандар. Кейбірі шұқшия білім іздейді. Кейбірі қызық қуып, қала аралайды. Бірі кітапханада. Бірі парк ішінде. Қыз қолынан ұстап, жетектесіп жүретін серілер де осы студенттер ішінде. Сезімге бойлап, махаббат машақатына белшесінен бататын сылқымдар да осы жақта. Автобус ішінде бір-біріне ұрлана қарап, аз да болса ұнату сезімін кешіретін халық та осылар болатын. Ауылдан келіп, мың адасқан дала баласының қызықтары көп болушы еді мұндайда. Өз басым алғашқы студент болған жылғы аңқау кейпімді әлі ұмытпаймын. Баяндалық.

Орыс тіліне келгенде омақаса құлайтынның бірі мен едім. Әзіл-шыны аралас, ауызекі сөйлем арасында тұздықтап сөйлегенім болмаса, әлі де таза ауыл тілінде гәпіремін. Оныма түк қысылған да емеспін. Тіпті, қазақи сөздің мәнін түсінер адамым кезіксе, мақал-мәтелмен тұспалдап, орағытып, бұрынғыларша алыстан қозғап, әлденені меңзеп сөйлесер болсақ, біразға дейін қолтықты жазып шабуға болар еді.

Қош. Әңгіменің сүрлеуіне де енді жеттік қой. Өгізаяңмен бастайын. 2005 жылдың күзінде  оқуға түскенімде қырық қыздың арасында оқимын деп ойламағанмын. Тіпті, студент болар шағымды мектептегіден сәл өзгеше, ақ көйлек, қара шалбар кимесек те, ұл-қызы тең, аралас оқиды деп түсінсем керек. Сөйтсем, «қазақ тілі мен әдебиетін» оқу ауылдан келген қыздардың маңдайына жазылыпты. Сол кездің шындығы еді бұл. Көбісі ата-ананың айтуымен, мұғалім болса болды да деген «жерде қалмайтын ақылдың» жетегімен келгендер. Сондағы ең оңайы мұғалімдік те, ең оңай пән тіл-әдебиет болып тұр ғой. Кейінірек қарасам, қаладан институтқа түскен көп ару финанс, аудит, ағылшын тілі, заңгер сияқты сол кезгі хит мамандықты тізгіндепті. Ал қазір бұл жағдай көп өзгерді ғой. Біздің I курсқа түскен қыздардың арасында арғысы Шу, мына беті Жаңатас, өзге аймақ – Шымқала мен Семейден де қаракөздер бар. Алғаш аудиторияға кіргенімде өз-өздерімен шуласып жатқан қырық қыз бір сәт сілтідей тына қалған. Қырық қыздың сексен көзі өзіңді тінте қарағанда желке тұсымнан аққан суық тер жауырын арасымен жылжи отырып, құйымшаққа жеткенін бір білем. Құдай оңдап, қасыма Сәбит есімді «сенімді се­ріктес» келіп, қо­бал­жыған көңіл сәл ба­сылды. Көп ар­па­ның ішіндегі қос би­дайдай институт де­ген елекке осылай түс­кен­біз.

Сабақ басталғанына бір апта өтті. Бір қуанғаным, бірінші курста, тура мектептегідей «Дшы» болады екен. «Дшы» ше? Дене шынықтыру. Физкультура. Жаман қуанғанмын. «Дшы» ағай да көңілшек біреу. Ортаға екі-үш допты лақтырады да, өзі буфетке қарай тартып кетеді. Жаздық спорттық алаңда қырық қызды қайырып, Сәкең екеуміз қала береміз.

– Кәне, бөлініп, волейбол ойнайық. Староста Монтаеваның ұсынысы бұл.

– Ойнайық. Кім бар? Іріктеліп, он шақты қыз ғана шыққан. Қалғаны бізден сырттай берді. Әрірек барып, бірі кітап оқиды, тым сылқымдары құтақандай айнасына қарағыштап, бет-аузын көркемдеуге кіріседі.

– Жақсы, бөлініп болсақ, бастайық. Мәшік қайда, бере ғой. Тым белсеніп ортаға шыға бергенмін. Старостаның көзі ит көрген ешкідей бағжаң ете қалды. Жалғыз Монтаева емес, басқалары маған біртүрлі қарап қапты.

– Не дейсің?

– Не дегені несі? Мәшікті берсей. Ойнамаймыз ба?

– Ол не? Енді мен ашулана бастадым.

– Жейтін нәрсе ғой. Ау, енді волейболды мәшікпен ойнамаймыз. Берсей қолыңдағыны.

– Бұл доп қой. Ақерке қолына қарап күледі.

– Қайдағы доп. Сендерге доп шығар, бізге мәшік бұл. Доп екенін білсем де, қырсықтықпен айта салғам. Қыздар тырқылдап күледі маған. Іштерінен «мынауың ауылдың да ауылынан келген біреу ғой» дегені анық.

Қызылорданы қайдам, біздің Арал-Қазалыда допты «мәшік» дейді. «О, мәшік бар ма, кеттік алаңға» деген сөзді біздің ауылдың ұлдары ғана айтады. Екі үлкен тастан қақпа жасап, қалағанынша футбол ойнап, мәшік тебетін де солар.

«Мәшікті» сөйтіп Таразға да апарғанмын. Негізі, мәшіктің дұрысы мячик екен. Біз оны өзімізше қазақыландырып…

Айтпақшы, алғашқы курста, әйтеуір, үй телефонымен өзімді сыпайы түрде ұстап танысқан арумен кездесетін болдық. «Джеванши» деген оригиналдан алыстау иіссуді құлақ түбіне бызд-бызд еткізіп, орталық алаңға жақын жерге барып тұрдым. Белгіленген уақыттан сәл аса, қалтамдағы соткамнан «Белалимнің» музыкасы сыңси қойғаны. Жылдам көтересің мұндайда.

– Алло.

– Қай жердесіз?

– Плошытта ғо.

– Именно, қай жерінде? Жаныңызда бірдеңе бар шығар.

– Аа, иә, қазір. Жан-жағыма тез қарай салдым. – Мен Нотариус деген магазиннің қасында тұрмын.

– Қалай дедіңіз?

– Нотариус деген төбесінде жазу бар магазин тұр. Сол жерге келсеңіз. Ана ару күлді де телефонды қоя салған.

Сәл уақыттан кейін ол қыздың маған «әзілді қатырасыз» дегені, солай түсінгенін айтқаны, менің ыржия бас шұлғи бергенім есімде. Шынымен, екі-үш күннен кейін нотариус пен магазиннің ара қашықтығы ай мен күндей екенін бір-ақ білгенмін мен.

Мұндай қызық көп. Тек қызықтың соңына түсем деп сабақ жайынан сырғақсып кетпесең болғаны, студентім. Айтпақшы, өткен пандемия өздеріңе де біраз соққы болды. Соны ұмытпағайсыз. Мойындау керек, онлайн оқудың озық үлгісі бола қоймады бізде. Ауылда жүргендердің дені ұялы телефонның азабын көрді. Желі тартпайды ғой көп ауылда. Мұндайда көзілдірігін сәл төмен түсіре, лекциясын қырағаттап бастайтын ақ шашты ұстаздың алдында отырған ғажап қой. Биік өкшелі сүйір топлайын тықылдата «Сабаққа неге қатыспайсың?» деп ізіңнен өкщелей қуар кураторыңды да сол кезде сағынғансың.

Міне, кешегі қыркүйектен бері сағынған курстастардың басы қайта қосылды. Сабағы мен серуенін қатар алып жүретін студент дейтін халық көшеде қайта пайда болды. Топтасқан жастардың жарқын күлкісі әр жерден естіледі. Естіле берсін. Қала дейтін қауырт тірлігі көп мекенде олардың жүргені өзгеше көрініс береді. Көзге кәдімгідей қуаныш қой. Мерекеңмен, студентім! Бірде аш, бірде тоқ осы кездің уақыты өзінше қызық. Бастысы, алдағы болашағың жарқын болсын!

Ақжігіт СОЙЫРҚАС

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!