Осыдан сексен жыл бұрын Кеңес қарулы күштері фашизмді талқандап, Еуропа халықтарын Гитлер басқыншылығынан азат етті. Сұрапыл соғысқа қатысып, майдан даласында небір қилы сәттерді бастан кешіріп, ерліктің үлгісін көрсеткен батырлардың есімі ел есінде. Өз елінің тәуелсіздігі мен жарқын болашағы үшін күрескен ерлердің қатарында жерлесіміз Кеңшілік Жылқыбаев та бар.

Сол қаһарлы күндері соғысқа аттанған жауынгерлердің қатарында 19 жасында жорыққа аттанған Кеңшілік Жылқыбаев сұрапыл соғыстың ортасында болып, туған жерге жеті жылдан соң ғана оралды. Ұрыс даласында шыңдалған ол Берлин қаласы үшін болған шайқастарға қатысып, жаужүрек батыр Рақымжан Қошқарбаевтың Рейхстагқа ту тіккен сәтіне куә болды.

Ол Жалағаш ауданының бұрынғы Жаңаталап, қазіргі Т.Жүргенов ауылында дүниеге келген. Елдегі көнекөз қариялардың айтуынша, әкесі Жылқыбай ел арасында абыройлы, беделді әрі ауқатты адамдардың бірі болыпты. Кеңшілік ата-анадан екі ағайынды еді, өкініштісі ел басына күн туғанда қан майданға алдымен аттанған інісі Жақыпбек Жылқыбаевқа туған жердің топырағы бұйырмады. Бауыры майдан даласында із-түзсіз кетті.

Осындай өнегелі әулетте туып-өскен ол соғыс басталғанда майданға өзі сұранады. Сол жылдың күзінде Воронеж қаласындағы офицерлер курсында әскери дайындықтан өткен соң соғыстың бел ортасында жүріп, жеңісті жақындатуға үлес қосады.

1942 жылдың наурыз айында алғашқы ауыр жарақатын алып, дала госпиталінде бірнеше ай емделіп, майдан даласына қайта аттанады. 1943 жылы коммунистік партия қатарына қабылданды. 10.1942-09.1944 жылдары атқыштар бөлімшесінің командирі, 09.1944-04.1945 жылдары есептеу бөлімшесінің командирі, 04.1945-09.1945 жылдары МСР немесе мотоатқыштар бөлімшесінің командирі міндеттерін адал атқарды. Украинаны азат ету үшін болған ұрыстардың бірінде де қолынан жарақат алған майдангер емделгеннен кейін де сарбаздар сапына қосылады.

Соғысқа бастан-аяқ қатысқан жауынгер 1947 жылы елген аман-есен оралады. Бейбіт күн үшін күрескен батыл да еңбекқор азамат атамекеніне оралғасын ел дамуы үшін аянбай еңбек етеді. Солы жылы Мақпалкөл ауылында ашылған төртжылдық мектепке мұғалім болып орналасып, жауапкершілігі мол шәкірт тәрбиелеу жұмысын атақарады. Содан 1953 жылға дейін «мектептің жүрегі», бала бағбаны болады.

Онан кейінгі қызмет сатыларына қарасақ, жігерлі әрі білімді Кеңшілік Жылқыбаевтың бірқатар салада абыройлы еңбек еткенін байқаймыз. 1953- 1960 жылдары колхоз партия ұйымының хатшысы, 1960-1963 жылдары колхоз төрағасының орынбасары қызметтерін атқарған. 1963 жылы жер-жерде совхоздардың қайта жасақтала бастағаны белгілі. Сол кезеңде құрылыс бөлімінің жұмыс жүргізушісі, бригадир болып, ауыл шаруашылығы саласында түрлі қызмет атқарады.

Осылайша соғыста ерлік көрсеткен майдангер елге келгесін де жұртшылықтың қамын ойлап, халықтың тұрмысын түзеуге атсалысқан.

«Жеті өзеннің сағасындай » болып, дана қарттыққа жеткен соғыс және еңбек ардагері Кеңшілік Жылқыбаев 2006 жылы 84 жасында дүниеден өтеді.

Майдандағы көрсеткен ерлігі үшін екінші дәрежелі Отан соғысы орденімен, жауынгерлік ерлігі үшін, Германияны жеңгені үшін медальдарымен, Ұлы жеңістің 30, 40, 50, 55 және 60 жылдығы медальдарымен, Украина президенті Леонид Кучманың «Украинаны азат еткені үшін» медалімен марапатталған.

Соғыс ардагері жұбайы Қазына Жабағиевамен бірге 4 бала тәрбиелеп өсірді. Өкінішке қарай, майдангердің ұлдары дүниеден ерте озды. Жалағаш ауданы Мақпалкөл ауылындағы қарашаңырақта үлкен ұлы Жомартбектің балалары тұрып жатыр. Қызы Жаннат Жылқыбаева – жары Жарқынбекпен бірге 8 бала тәрбиелеп өсірген Батыр ана. Сырдария ауданы, Амангелді ауылында тұрады.

Қан майданда от кешіп, ел дегенде қара нардай қайыспай қызмет еткен Кеңшілік атаның өмір жолы мен ерлігін, ел үшін атқарған еңбегін аздаған дерекпен жеткізу мүмкін емес. Халықтың амандығын ойлаған майдангердің еңбегі – ұрпаққа үлгі. Бізбен әңгімесінде қызы Жаннат Жылқыбаева майдангердің есімін есте қалдыру шаралары ұйымдастырылса деген өтінішін білдірді.

Айдана ЖҰМАДИНОВА

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!