фото: ашық дереккөзден алынды
Адам баласы – өткенінен сабақ алып, келешектен үміт күтеді. Жүректің түкпіріне ұялаған бір естеліктің өзі кейде өмірлік шешімдерімізге әсер ететіні рас. Бірақ сол естеліктердің бәрі шын ба?
Жалған естеліктер феномені – ғылым үшін де, сана үшін де әлі толық шешілмеген жұмбақ. Ең қызығы – бұл құбылыс жиі кездеседі, бірақ біз оны байқамаймыз. Есіміздегі «шындықтың» кейде миымыздың қиялымен қайта жазылған нұсқасы болуы – әрі қорқынышты, әрі қызық.
Ғылымда бұл құбылыс «false memory» деп аталады, яғни жалған естелік. Адам кейде өз басынан мүлде өтпеген жағдайды бұрын көргендей, сезгендей қабылдайды. Не болмаса болған оқиғаны басқаша, бұрмаланған түрінде есте сақтайды. Бұл – миымыздың шындық пен қиялды шебер үйлестіре алатын ерекше қабілеті.
Зерттеушілердің айтуынша, жады болған оқиғаны бейнетаспа секілді бәрін бұлжытпай жазып алатын құрал емес дейді. Ол тек ақпаратты сақтап қана қоймайды, қайта өңдейді, қайта құрастырады. Кез келген естелік – миымызда бүгінгі күнмен жаңарып, «жөнделіп» отырады.
Лофтус пен жалған куәгерлер
Америкалық психолог Элизабет Лофтус жүргізген тәжірибелерде адамдарға бір бейнеролик көрсетіледі. Кейін оларға түрлі сұрақтар қойылады. Сол сұрақтардың бір-екеуінде оқиғада мүлде болмаған детальдар қосылып айтылады. Мәселен: «Көлік бағдаршамнан өтіп бара жатқанда, оның алдынан бала жүгіріп шықты ма?» деген секілді сұрақтар қойылды.
Нәтижесінде көп адам баланы «есте түсіріп», «ия, көрдім» деп жауап береді. Ал шын мәнінде бейнеде бала болмаған. Бұл ненің дәлелі? Естеліктің иесі біз емес, біздің миымыз. Ол кейде бізді сендіріп қойып, болмағанды болғандай етіп көрсетеді.
Мандела эффектісі:
Ұжымдық жалған жады
Тағы бір қызықты құбылыс – Мандела эффектісі. Бұл – адамдардың бір оқиға жайлы жаппай жалған естелікке ие болуы. Мысалы, көптеген адам Оңтүстік Африка лидері Нельсон Мандела 1980-жылдары түрмеде қайтыс болды деп ойлайды. Алайда ол 2013 жылы өмірден өткен.
Бірнеше мысал келтіре кетейік. Танымал анименің кейіпкері «Pikachu»-дың құйрығында қара жолағы бар деп ойлаймыз – бірақ қара жолақ ешқашан болмаған. «Looney Tunes»-ті «Toons» деп жазамыз, бірақ шын нұсқасында «Tunes» деп жазылады. Одан бөлек, көпшілігіміз «Monopoly» ойынының логотипіндегі атақты бай мырзаның көзінде монокль болған деп еске аламыз. Алайда бұл – миымыздың ойлап тапқан иллюзиясы ғана. Расында ол кейіпкер ешқашан монокль тақпаған. Сол секілді «Kit-Kat» логотипінде сызықша бар деп ойлау – қате.
Бұл неліктен болады? Жалған естеліктердің ортақ негізде құрылуы, яғни біздің санамызда бірдей байланыстар қалыптасады деп түсіндіруге болады.
Тіл үйрену, мәдени орта, бұқаралық ақпарат құралдары – бәрі де жадымызды бір ізбен жүріп қайта бағдарлайды.
Миымыз біз білетінді ғана көруге бейім тұрады. Тіпті өзіміз ойлап тапқан, болмаған естелікті нақты өмір сүргенбіз деп сеніп қаламыз. Ондай сәттерде шындықтың өзі шайқалып кеткендей әсер қалдырады. Жады – біздің ішкі көркем лабиринтіміз. Онда шындық та, жалған да қатар жүреді. Екеуінің айырмасын тапқың келсе, алдымен өзіңе үңілуің керек.
Әрбір есте сақталған оқиғаны үзінді, кадр деп қабылдасақ, оның жалған болуы – біздің өмірлік «фильміміздің» монтажына әсер етеді. Біздің есіміздегі оқиғалар нақты болған дүниенің көлеңкесі ғана болуы мүмкін. Бірақ біз сол көлеңкелермен өмір сүреміз. Кейде олар көңілге жұбаныш береді, кейде шатастырады. Дегенмен естеліктер біздің кім екенімізді құрайтын бөлшек. Сондықтан оларға толық сеніп қалмасақ та, оларды зерттеп, түсінуге тырысуды өзімізді танудың бір жолы деп білгеніміз абзал.
Қорлан САРЫ
Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!