Ауыл баласы орыс тіліне орашолақ болса, мұғалімнен көрудің түк те қажеті жоқ. Әйтпесе, олар барын салып үйреткенімен сенің ортаң бәрібір қазақша. Оның үстіне жарытымды ниетің болмаса да қиын ғой.

Қайбір жылдары ауылда DVD хит еді. Жұрт қара базарға барып қарын тойдырар тамағымен қоса диск сатып алатын. Алақандай табақта не жоқ дейсің?! Шаншар, Алдараспан, КВН ойындары. Одан қалса боевик кинолар топтасқан дисктер қолдан-қолға тимеген. Тіпті арнайы қазақша, шетелше (зарубеж), той әндері ішінен тоғытылған музыкалық күйтабақтарды ауылдағылар бір-бірінен алмастырып пайдалана беретін. Ол шіркіндердің кейбірі дұрыс көрсетпей, қатып қалып, іске аспаса, спиртке батырылған мақтамен жылтырата сүртіп, ауызбен үрлеп, кептіріп әуреге түсетінің тағы бар.

Студент кезіңде жазғы каникулдағы бар ермегің сенделіп түнгі жорыққа шығу. Сондай бір қауырт жұмыстан келген бетім. Мен де кірдім, үйдегі қызыл қораз да тамағын жырта айқайлап қарсы алды. Мұндайда басың жастыққа тисе, Аралдан келген құдағайдай шалжиып, түске дейін ұйықтауға барсың. Әрине, алдымен ешкім оятпаса деген ішкі дұғаңды бірнеше рет қайталауды ұмытпайсың.

Сондай бір тамаша ұйқы сәтінде туған інім Юха-Ерқанат келіп оятты. Құйрықтан бір теуіп, інгендей қайқаңдатып, бөлмемнен шығарып жіберуге әбден болар еді. Бірақ, әке-шешесінен әбден қолдау алып қалған бұл Сарының аңырап отырып, көлдей арыз-шағыммен оларға баратыны мені ойландырмай қоймайды. Оята сала:

– Көрші Жалғастан дискі алып па ең?

– Ыы, иә… Көзімді ашпастан көрпе астында жауап беруге көштім.

– Соны сұрап кеп тұр.

– Енді бере берсей.

– Тағы қасына дискі қосып берем депсің ғой.

– Иә, бере берші. Бір қырыма аунай салдым. Құтылғанша асық едім.

– Ержан деймін. Қай дискіні берейін?

Ой, мына Сары ызыңдап әлі тұр екен-ау.

– Өзің білші, Юха.

– Онда ана ақ дискіні бере салам.

– Иә, иә. Сөйт. Ей, тұра тұр, ол қай ақ дискі?

– Ақ дискі ше? МРЕЗ деген.

– Не дейді? Ішімнен мрезі несі, мұндай дискі қайдан тап болды деп мен жатырмын. – Бар, алып кел, ол қайсысы еді?

Есіме түспеген соң, кері жұмсадым. Адың-күдің жүріспен тез оралды.

– Мынау ғой. Міне, тұр ғой, МРЕЗ деп.

Шіркіннің жауабына не күлерімді, не жыларымды білмедім. Ақ диск түрлі ән-музыкасы бар МР3 еді. Сыртында солай жазылса, біздің Юха оны МРЕЗ деп тіке оқыса, оның не жазығы бар?! Осындай ауылдағы аңғалдыққа кім болса да, күлер еді-ау.

Сол Юха әлі де “тулает”, “умәлек”, “әтеберткі”, “пласкобыс” деп әлі жүр. Ауыл тілінде.

Айтпақшы, ауыл тілінде сөйлеу – өркениеттен тыс қалған дегенді білдірмейді, құрметтім!

Ержан ҚОЖАС