Биылғы жылы аудан әкімдерінің халық алдында есеп беру кездесулері онлайн өткізілетін болды.
Онлайн өтетін есеп беру кездесулерінің алдында Қазалы ауданының әкімі Мұрат Ергешбаев елді мекендерді аралауды бастап кетті. Негізгі мақсат – ауыл тұрғындарымен жүзбе-жүз сөйлесіп, ой-пікірлерін тыңдау. Бұл шараларға қоғамдастық кеңестің мүшелері мен ауылдың белсенді тұрғындары қатысты.
Санитарлық талаптарды сақтай отырып ұйымдастырылған алғашқы кездесулер Басықара, Қ.Пірімов және Жалаңтөс батыр ауылдарында өтті.
Кездесулерде ауыл тұрғындары өткен жылы ауданда атқарылған жұмыстардың ауқымды екенін айта отырып, көкейдегі сауалдарын да қойып жатты.
Мәселен, жалаңтөсбатырлықтар №103 мектептің іші салқын екенін айтып, жылу жүйесін тексеруді сұрады. Дәл осындай мәселені Қ.Пірімов ауылдарының халқы да көтерді. Тұрғындардың айтуынша, ауылдағы клубтың іші салқын. Сонымен қатар, олар аудан басшысына Басықара көпірін жөндеу және қоқыс шығаратын полигонның орнын өзгерту жөнінде ұсыныстарын айтты.
Дәл осындай кездесулер Ғ.Мұратбаев пен Сарыкөл ауылдық округтерінде де өтті.
Өткен жылы газ тартылған Ғ.Мұратбаев ауылының халқы тұрғын үй салуға жер учаскесін көптеп беріп, жаңадан бір көше ашу жөнінде ұсыныс көтерді. Сондай-ақ, «РЗА» акционерлік қоғамы пайдаланбай отырған жерін тұрғындарға мал жайылымдыққа беру, ауыл аумағындағы бөгде шаруашылық малдарының жайылып, жайылымдық жерді бүлдіруінің заңдылығын қарастыру қажеттігін айтты.
Абай ауылының тұрғындарын негізінен жолдардың жайы мен жарықтандыру мәселесі алаңдатады. Сондықтан болар аудан басшысына 4 көшеге гравий төсеп, жарықшамдар орнату жөнінде ұсыныс айтты. Сондай-ақ, аудандық мәслихат депутаттары ауыл тұрғындарымен кездесіп тұру жөнінде тілге тиек етті.
Аудан әкімі Мұрат Ергешбаев тұрғындармен кездесулерде айтылған әрбір ұсыныс-пікірлер ескерусіз қалмайтынын айтып, алдағы уақытта жүйелі жұмыстар жүргізілетінін тілге тиек етті.
Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!