Қазақ халқы үшін қызмет етіп, сол жолда құрбан болған қаншама дүр тұлға бар. Олардың ерен еңбегін айтқанда таңды-таңға ұруға болады. Мәселен, қазаққа ғана емес, арамызды қан ғана бөліп тұрған иісі түркі жұртының азаттығы үшін арпалысқан Мұстафа Шоқай жайлы сөз етейік. Ол қазақ халқының көрнекті мемлекет қайраткері, Түркістан ұлт-азаттық қозғалысының жетекшісі, публицист және саяси эмигрант. Ол 1917 жылғы Ақпан төңкерісінен кейін Түркістан автономиясын құруға белсенді қатысты. Түркістан халқының мүддесін қорғап, ұлттық мемлекеттіліктің негізін қалау үшін тынымсыз еңбек етті. Алайда Кеңес билігінің бұл бастаманы жоюы оны шетелге эмиграцияға кетуге мәжбүр етті. Өз ойын күлбілтелемей, ашық айтып, еліне сүйеу, халқына тіреу бола білген жан белгісіз жағдайда Германия мемлекетінің Берлин қаласында қаза тапты.
«Неге Берлинде?» деген сұрақ туындаса, Францияда эмиграцияда болған кезінде фашистік Германия өкілдерімен кездесті. Нәтижесінде Түркістан легионына қатысты ұсыныстар алды. Легионның мақсаты – Кеңес билігіне қарсы күресу еді. Бірақ Мұстафа Шоқай мұндай жобаларды түркі халықтарының мүддесіне сәйкес деп санамады. Ол кеңестік тұтқындар лагерлеріндегі мұсылман тұтқындардың жағдайын зерттеу үшін шақырылған. Осы мақсатпен Берлинге барды.
Нақты ресми құжаттарда Мұстафа Шоқайдың өлімін 1941 жылы сүзек ауруынан қайтыс болды деп көрсетілген. Ал зерттеуші Әбдіуақап Қараның еңбектерінде фашистік режимге қарсы көзқарастары үшін уландырылған болуы мүмкін деген болжам бар. Кейбір зерттеушілердің пікірінше, ол фашистік Германияның тұтқындар лагерінде жүргізілген тәжірибелердің құрбаны болуы мүмкін деп айтады. Бұл нұсқа оның кеңес армиясынан тұтқынға түскен мұсылмандарды «Түркістан легионына» тарту үшін қолданылмақ болған деген деректерге негізделген. Сондай- ақ тарихшы Мәмбет Қойгелдиевтің еңбектерінде Мұстафа Шоқайдың өліміне кеңестік арнайы қызметтердің (НКВД) қатысы бар деген болжам келтіріледі.
Өткен жылы Берлин қаласына саяхаттау бұйырды. Бұл сапарым барысында әрине, Сыр елінің перзенті Мұстафа Шоқайдың зиратына бару жоспарланған. Берлиннің орталығында орналасқан Түрік мұсылман зираты – бұл тек тыныштық пен рухани орнықтылық мекені ғана емес, сондай-ақ тарих пен мәдениет тоғысқан ерекше жер. Зираттың аумағы ұқыпты, жасыл желекке толы, әр қабірдің маңында ескерткіштер мен құлпытастар орналасқан. Мұстафа Шоқайдың қабірі де сол жерде. Құлпытасында оның туған және қайтыс болған жылдары жазылған. Бұған қоса, «JOH.15,13» деген жазу көрсетілген. Мұнын мағынасы, христиан дінінде «достары үшін жанын қиғаннан бұдан артық махаббат жоқ» дегенді білдіреді. Соған қарағанда жерлеген адамдар елі үшін жанын берген тұлға екенін көрсеткісі келген сыңайлы.
Қабірдің жанында Берлиннің тарихи мұсылман мешіті орналасқан. Бұл мешіт Осман империясының мұрагерлері тұрғызған ғимарат ретінде белгілі. Оның сәнді күмбезі, нәзік архитектурасы және рухани тыныштығы әр келушіні таң қалдырады. Тіпті әлем мешіттері арасында сұлулық бойынша 12 орынға жайғасқан екен. Атауы да ерекше. «Шаһидтік» (Şehitlik) мешіті деп аталады. Атына заты сай мешіттің жанындағы қабірде дін жолында, Отан қорғау жолында опатболғандар жерленген. Атап айтсақ, Мұстафа Шоқайдың жанында Осман империясының атақты дипломаты Халил Хамид паша және Екінші дүниежүзілік соғыс кезіндегі мұсылман көшбасшылары бар. Жалпы,бұл орын – ұрпақтарға рухани мұра ретінде қалған естелік мекені.
Осы сапар барысында мен Мұстафа Шоқайдың өмірі мен мұрасына деген құрметімді арттырдым. Оның рухына тағзым ете отырып, қазақ халқының ұлт-азаттық күресінің маңыздылығын тағы да бір терең сезіндім. Көбіміз ата-бабамызбен мақтанып жатамыз. Бұл үлкен мәселе. Себебі оның мөлшерінде, шегінде, қолданыс тәсілінде жатыр. Тарихи тұлғалардың жүріп өткен жолын білу мен сезіну қажет. Ал, мақтану жай ғана түлкібұлаң сөз бен бұлаңқұйрықтық қасиет. Мұнан кейін мақтаншақтарды «ұлтжанды» деп жасанды сөз айтып, ұлттық санадан бездіріп жібереміз. Неге? Болашақ ұрпаққа өткенді жеткізіп, сезімін тебірентсек сол заманның қиындығы қайтып келмеуіне қадам жасайтынымыз түсінікті. Мұндай сапар әркімге ерекше ой салып, өткенге құрметпен қарауға үйретеді. Мұстафа Шоқайдың мәңгілік мекені тек қазақ халқына ғана емес, барша түркі әлеміне үлкен маңызға ие.
Азамат АБИМОЛДА,
Германия мемлекеті, Берлин қаласы,
Фото автордың жеке мұрағатынан.
Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!