ХХ ғасыр басында негізі қалана бастаған Алашорда мемлекетінің идеологиясына алғышарт есебінде Наурыз мерекесінің уақытына қатысты тартысты 22 наурызға тіреп, Алаш көсемі Әлихан Бөкейхан нүкте қойып, 1915 жылдан бастап қоғамдық ортада бекиді. Осыны негізге алған және  Алаш идеясын өз пайдасына жарату үшін қазақстандық большевиктер ортасы да осы датаға тоқталды. 1920 жылы Түркістан республикасының Атқару комитетінің төрағасы Тұрар Рысқұлов өзінің бұйрығымен 22 наурыз бүкілхалықтық «Көктем мерекесі», «Наурыз» болып бекітілсін деген шешім шығарып, саяси сабақтастық ресми сипатқа ұласты.

Бірақ қазақ халқынан басты қауіпті байқаған сталиндік Ресей басшылығы 1926 жылдан бастап бұл мейрамды ресми мерекелеуге тыйым салды. Алайда, көптеген өңірлерде бұл мереке бейресми түрде атап өтіле берді. Тек қана «наурыз» атауының орнына енді «амал», «қамал» деген кезекші сөздер қолданылды.
Қазақ елі тәуелсіздік алу қарсаңында Қазақ КСР президентінің 1991 жылғы 15 наурыздағы Жарлығымен күн мен түннің теңелген мезгілін «Көктемгі халықтық мереке – Наурыз мейрамы» ретінде ресми тойлау бекітілді. Ал, 2009 жылы 22 сәуірде «Мерекелер» туралы Қазақстан Республикасының Заңына өзгерістер енгізіліп, Наурыз мейрамы 21-23 наурыз аралығында атап өтілетін болды. Сондай-ақ, бұл айтулы мереке 2016 жылы Қазақстан Әзірбайжан, Ауғанстан, Үндістан, Иран, Ирак, Қырғызстан, Пәкістан, Тәжікстан, Түркменстан, Түркия және Өзбекстанмен бірге көпұлтты номинация бойынша «Наурыз. Мерекелік дәстүр» деген мәр­тебемен ЮНЕСКО-ның Адамзаттың ма­териалдық емес мәдени мұрасының репрезентатив тізіміне енгізілді.

Наурыз мейрамының
қос сипаты

Наурызды ежелгі түркілік онекі­мүшелдік күнтізбеге қа­тыссыз қарай ал­май­мыз. Бұл ме­ре­келік рәсім аталған дүние­танымға негізделген Уақыт пен Кеңісті әмбебап онекі­мүшелдік жүйеге жіктеудің бір көрінісі. Бұл жүйе бойынша адам мен айуан денесінің он екі мүшеден тұруы ғаламдық құрылымның он екілік жүйесінен алынған.
Жалпы, скиф-сақтардың «айуандық стилі» көше­гендердің зергерлік, мүсін өнеріндегі жан-жануарға деген ерекше құрметі ғана емес, ол – ең алдымен олардың дү­­ние­та­нымдық мәдени көрінісінің мәйегі. Ал, мүшелдік күнтізбеге арқау болған айуандық бейнеленім бол­са, бұл – олар­дың дүние­та­нымдық көрінісінің өмірге тығыз енгізілу дәйегі, бейнелеу өнеріндегі олардың дүние­танымдық параллелі. Наурыздың мәні де – осы бейнеленім түріндегі табиғи, ғарыштық құбылысты дәріптеу, танымды паш ету. Сайып келгенде, Наурыз – прототүркілік он екімүшелдік күнтізбенің рәсімі.
Наурыз мейрамына қатысты екі танымның қабаттасып келе жатқандығы ашылмай жүр. Бұл ежелгі мерекенің мазмұнында Күн мен Түннің теңесуі ғана емес, сонымен бірге түркілік мүшелдің де алмасу сәті қабат келетіні сіңісіп кеткен. Ғаламдық жарық пен түнектің теңесімінен бұрын мүшелдік уақыт алмасымы орын алады, ол Юлиан күнтізбесі бойынша 1 наурыз, ал Григорианша 14 наурызға келеді. Ежелден келе жатқан прототүркілік таным бо­йынша жыл мезгілі 90 күндік төрт маусымнан тұрады: көктем, жаз, күз, қыс. 90 күндік қыс 13 наурызда шығып, 14-не мүшелдік жаңа жылмен бірге көктем мезгілі кіреді. Міне осы қос айтулы танымды ата-бабамыз шеберлікппен жымдастырып, тұтастыра мейрамдаған. Бұны зерттеу толық болмағандықтан, идеологиясы ашылмағандықтан соңғы кездері ұшқары, қате, шатасқан ұғымдар мен атаулар шығып кетті. 21-22 күндері Теңесім мерекесі делінеді де, ал ешбір үзілмей аталып келе жатқан мү­шелдік жыл басы «амал», «көрісу» деген қарабайыр атауға ілігіп барады. Шын мәнінде бұл екеуін де ер­тедегі ата-бабамыз бі­рік­тіріп, 8-9 күн бойы ресми атап өткен, ал бұқара бір ай бойы той­лат­қан.

Мерекенің дейтүркілік сипаты

Күн мен Түннің теңелуі ғаламдық құбы­лыс­тарға тән ұлы іс. Ұлы істің ұлылығын ата-бабамыз ежелден байқап, ерекше атап өткен. Бұны бес мың жыл бұрынғы Алматының солтүстік-батысындағы 170 шақырым жердегі Аңырақай жотасындағы Таңбалы жартаста қашалған композициялық петроглифтен байқауға әбден болады. Күндидарлы Тәңір мен түнкейіпті Іңір бір біріне құшақ жайып көрісіп тұр, олардың ортасында Сиыр жылының төрт маусымы бейнеленген, бұлардан төмен он екі мүшелдің кейпіндегі 12 бейне қол ұстасып билеп жүр. Бұл – қола заманынан да ерте неолит дәуіріне жетелейтін дерек және бұл бүгінгі Наурыз мерекесінің толық тарихи куәлігі, төлқұжаты деуге болады!

Наурыздық танымдар мен ғұрыптар

Наурыздама. Наурыз атауын қазақ ешқашан жатырқаған емес, өйткені қазақ шежіресінде Қазақтан туған екі ұл: Алаш пен Наурыз. Наурыз жастай шетінеп кеткен деседі. Демек, бұл бекер аңыз емес. Наурыз атауы қазаққа тым жақын. Наурызға қатысты салтанат пен той «наурыздама» («наурызнама» емес) аталған…Ал Абай былай дейді: «…Ол күнде Наурыз бір жазғытұрым мейрамы болып, наурыздама қыламыз деп тамаша қылады екен. Сол күнін «ұлыстың ұлы күні» дейді екен». Абай заманында қазақ наурыз мейрамын «наурыз Нама» емес, «Наурыздама» деген.
Бұл турасында Мәжһүр Жүсіп: «Орысқа қарамай тұрған күнінде қазақтың наурыздамасында болған той, мереке қызығы Бұхар мен Қоқанда да болмаған!» – десіп сөйлейді. Қайда атақты асқан бай бар болса, наурыздаманы сол байға қылдырады екен. Үйсін Төле билердің заманында наурыздаманың қадыр-құны астан, тойдан ілгері болады екен».
Ұлы іс. Қазақ халқы Наурыз мерекесін «ұлы іс» атаған, «ұлы істің ұлы күні» тіркесі осыған айғақ. Мұндағы «ұлы іс» тіркесі кейін бірігіп «ұлыс» сөзіне айналып кеткен. «Наурыз» бен «Ұлыстың ұлы күні – Ұлыс күн» атаулары бір бірімен синоним ретінде қолданылған. «Ұлыстың ұлы күні» деген бүкіл ұлыстың тойлайтын мерекесі деген ұғым емес, «Ұлы істің ұлы күні» – Күн мен Түннің теңесетін күнін, «ұлы іске» меңзеп тұр, әйтпесе ұлыстың басқа да жаппай тойлайтын кездері аз болмаған.
Ш.Құдайбердіұлы мен М.Көпейұлының жазуынша, наурыз мейрамы бұрынырақта «Ұлыс» аталған. Шәкәрімұлы Ақат та өз естелігінде «Ескі қазақша, ескі түрікше жаңа жыл күнінің аты – ұлыс», – дейді.
Бұған А.Сейдімбек: «Ұлыс таңы атып қалды, бар елге хабар бер!» деп, шабына шыбық жүгіртіп, сауырға бір салып қоя береді» деген баянындағы «ұлыс таң» тіркесі «Ұлы іс таңы» екендігі өзінен өзі сұранып тұр. «Ұлы іс таңы» тіркесі наурызда қарсы алынатын «бас таңды» меңзейді.
Қазақтағы «Ісің оң болсын!» деген тілек ұлыстың оң-терісі емес, істің оң-терісі болатынын байқатады. Демек, «ұлыс оң болсын» емес – «Ұлы іс оң болсын!» деген тілек дұрыс!

Серік ЕРҒАЛИ,
мәдениеттанушы, этнолог

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!