Кеше облыс әкімі Гүлшара Әбдіқалықова ел игілігі жолында қызмет етіп жүрген бірқатар азаматтарды «Конституцияның 25 жылдығы» медалімен марапаттады. Аймақ басшысы Тәуелсіздікті тұғырлы етуде Ата заңның берік темірқазыққа айналғанын, егеменді елдің дамуына үлес қосқан азаматтардың еңбегі зор екенін атап өтті.
«Бүгін біз ҚР Тұңғыш Президенті күні мерекесі қарсаңында кездесіп отырмыз. Ел басқару қашанда оңай болған емес. Ал, Тәуелсіздікке қолы жаңа жеткен мемлекетті қалыптастыру әлемдік деңгейдегі қайраткердің ғана қолынан келетінін тарих сан мәрте дәлелдеген. Сондықтан, егеменді ел болып қалыптасудың бастауында тұрған бұл мерекенің баршамыз үшін тарихи маңызы зор. Осыдан 25 жыл бұрын Елбасының бастамасымен егеменді еліміздің Конституциясын қабылдау халықтың таңдауына берілді және қазақстандықтар оны бірауыздан қолдады. Ата Заңымыздың арқасында біз халқымыздың әл-ауқатын арттырып, экономикамызды дамыта алдық, Ұлы Дала төрінде қуатты мемлекет құрып, ұлттарды бірлік пен тату тірлікке ұйыстыра білдік»,-деді облыс әкімі Гүлшара Әбдіқалықова.
Жиында облыс әкімі Конституцияда бекітілген нормалар бүгінде өзінің өміршеңдігін, заман талабына лайық екенін жан-жақты дәлелдегенін тілге тиек етіп, еліміздің өсіп-өркендеуіне үлес қосқан азаматтарға Мемлекет басшысының Жарлығымен «Конституцияның 25 жылдығы» мерекелік медалімен марапаттап, құрмет көрсетті.
«Биылғы жыл да еліміз үшін сындарлы уақыт кезеңі болды. Еліміз үшін осындай күрделі кезеңде Сыр халқы да ата-бабамыздан қалған асыл дәстүрден жаңылмай, бір-біріне демеу болып, елдігін көрсетіп, бірлігін танытты. Біздің облысымыздан да қоғамдық тұрақтылықты нығайту мен еліміздің әлеуметтік-экономикалық, мәдени-рухани дамуына үлес қосқан бірнеше азамат осы марапатқа лайықты деп танылып отыр»,-деді аймақ басшысы.
Мерейлі мереке қарсаңында құрмет төріне шығып, марапат иеленген азаматтардың қатарында Қазақстан Мұсылмандары діни басқармасының облыс бойынша бас имамы Болат Абуов, облыстық энергетика және тұрғын-үй коммуналдық шаруашылық басқармасының басшысы Руслан Нұрмағанбетов, облыстық тексеру комиссиясының мүшесі Талғат Ілиясов, облыстық тексеру комиссиясының мемлекетік аудиторы Қаламқас Нұрымбетова да бар. Сондай-ақ, өңірдің рухани-мәдени дамуына елеулі үлес қосып жүрген облыстық филармония әртісі Ақмарал Ноғайбаева, облыстық халық шығармашылығын дамыту және мәдени-продюсерлік қызмет орталығының сектор меңгерушісі Майра Сәрсенбаева, облыстық кәсіподақтар бірлестігінің төрағасы Серік Сермағанбетов, волонтер Динара Эшатова мерекелік медальмен марапатталды.
Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!