Бүгін облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев «China national machinery industry corporation (Sinomach)» компаниясының Қазақстан Республикасындағы Бас өкілі Ли Цзинвэй мырзамен кездесіп, Қызылордада кальцийленген сода зауытын салу мәселесін талқылады.
Аймақ басшысы өңірдегі шыны зауытының негізгі өндірістік компоненттерінің бірі – кальцийленген содаға жылдық сұраныс 36 мың тонна екенін айтып, аталған өндірісті Сыр өңірінде құруды ұсынды.
«Біз қытайлық тараппен өзара байланысты арттыруға бағытталған перспективалы жобаларды іске асыруға ниеттіміз. Сіздерге өңірдегі инвестиция қажет ететін 72 жобаның тізімін ұсынамыз. Әлеуетті индустриялық жобаларды орналастыру үшін облыста инженерлік инфрақұрылым жүргізілген индустриялық аймақтар құрылған (су, газ, электрмен жабдықтау, кәріз, авто және теміржол және т.б.) және 324 гектар бос жер учаскелері, бірқатар дайын өндірістік объектілер бар. ҚР Сыртқы істер министрлігінің Инвестициялар жөніндегі комитетімен жасалатын келісім-шарт шеңберінде инвестициялық преференциялар, яғни заттай грант, кедендік баждардан, қосылған құн салығынан босату, салықтық преференциялар көзделген. Мемлекет тарапынан отандық өнімдерді сыртқы нарыққа шығару үшін кәсіпорындарға жан-жақты сервистік қолдау, жол шығындарын 80%-ға дейін өтеу қарастырылған», – деді Нұрлыбек Машбекұлы.
Өз кезегінде Ли Цзинвэй мырза Сыр өңірінде жаңа инвестициялық жобаларды жүзеге асыру мүмкіндігін қарастыруға ниет білдірді.
Айта кетейік, Sinomach компаниясының негізгі активтері «YTO Group» ауыл шаруашылығы және құрылыс техникасын өндіруші, «China Hi-Tech Group Corporation» тоқыма жабдықтары мен талшықтарын өндіруші және «China Machinery Engineering Corporation» құрылыс компанияларына тиесілі. Сондай-ақ, компанияның құрамына Қытай ауыл шаруашылығын механикаландыру академиясы, 27 еншілес компания мен акциялары қор биржаларында тізімделген 13 компания кіреді. Елімізде Жамбыл облысында филиалы бар.
Еске салсақ, қазір Қызылорда облысы инвестиция тарту және әлемнің озық тәжірибелерін игеру мақсатында жан-жақты әріптестік орнатуда. Өткен айда Қытай Халық Республикасына жұмыс сапары кезінде облыс әкімі мамандарды тегін оқыту бойынша Меморандумға қол қойды. Мұнан бөлек, мамыр айында облыс делегациясы Корея Республикасының Сеул, Тэджон қалаларына және Чоллабук-до провинциясына барды. Осы сапарда Кореяның жетекші жоғарғы оқу орындарының президенттері және өңір басшыларымен екіжақты ынтымақтастықты дамыту туралы Меморандумдар жасалды.
Қызылорда облысы әкімінің баспасөз қызметі
Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!