Фото: altay_rainman Instagram парақшасынан

Қазақстанның інжу-маржанына айналып, бір кездері көгілдір су айдыны болған Арал теңізі жойылып барады. Осыған алаңдайтынын жеткізген “жаңбыр адам” лақап атымен танылған Алтай Айнабек теңізді жаңбыр суымен толтыратынын айтып, желіні дүр сілкіндірді. Алайда оның идеясы қазақстандықтар арасында түрлі пікір тудырып жатыр. Stan.kz ақпарат агенттігі халықтың көкейінде жүрген сауалға жауап іздеп, маманның өзінен сұрап білді.

Аралдың климатын өзгертуге тырысып жатырмыз

Алтай Айнабек – Біріккен Араб әмірлігінде тіркелген International Center of Climate Change Technologies мекемесінің басшысы. Халықаралық климат технологиялары саласының тәжірібиелік маманы, әрі сарапшысы. Сондай-ақ ол – климатты басқару жүйесінің авторы. “Жаңбыр адамның” осы салада 8 жылдық тәжірибесі бар екен. Айтуынша, климатты басқару жобасын жетілдіріп келе жатқанына 7 жылдай болған. 

“Аралды құтқарудың кешенді жоспары” атты жобамызды алғаш рет 2017 жылы Қызылорда облысы басшыларына көрсеттік. Одан бері климат басқару жүйесін едәуір дамыттық деп айта аламыз”, – дейді маман. 

Сондай-ақ Алтай Айнабек Арал теңізін жаңбыр суымен толтыруды қалай жоспарлап отырғанын, нақты механизмі қандай екенін жеткізді. Айтуынша, бірінші кезеңде климатты бейімдеу процесі жүргізіледі. 

“Жалпы Аралдың климаты ғасырлар бойы қалыптасқан. Оның үстіне Арал тартылған соң ол жерге мүлдем басқа климат орныққан. Біз соны өзгертуге тырысып жатырмыз. Қазір температура біршама түсіп, жауын-шашын едәуір артты. Климат үйрене келе түйдек бұлттарды жинау жеңілдей түседі. Жоғарыда айтқандай, материалдық техникалық база күшейіп, Аралдың тарихи табанына жауын тиген кезде су тіптен көбейеді”, – дейді Алтай Айнабек. 

Маман Арал теңізін жаңбыр суымен толтыру процесін кезең-кезеңімен айтып берді. 

“Бірінші кезең, жердегі климаттың өзгеруіне ықпал ететін қондырғылар санын жоғарылату. Бұл кезеңді жүзеге асыру үшін Маңғыстау облысына, Қарақалпақстанға, теңіздің табаны мен Қызылорда облысына қосымша станциялар орнатылады. Екінші, метеоқұрылғылармен атмосфера толық бақылауда болады. Ал үшінші кезеңде, үлкен елдімекендерде бұршаққа қарсы қондырғылар мен жауын деңгейін төмендететін станциялар салынады. Төртінші, жүздей дрон тартылған ылғалдың едәуір бөлігін Аралдың табиғи табанының үстінде конденсациялаумен айналысамыз”, – дейді маман. 

Балқаш пен Каспий де Аралдың тағдырын қайталап жатыр

Маманның сөзінше, планетамыздағы барлық ірі өзеннің басты су көзі жауын-шашыннан басталады.

“Әлемде барлық су алмасу процесі жауын-шашынмен жүреді. Жауынның мүмкіндігін жіті бағаламау керек. Өйткені планетамыздың атмосферасында бір мезетте 10 триллион тоннадан артық сарқылмайтын су болады (екі Каспий теңізі) және оның 80%-ы мұхитқа түседі. Планетамыздағы барлық ірі өзеннің басты су көзі – жауын-шашын. Бұл – аксиома!”, – дейді маман. 

Алтай Айнабектің сөзінше, су қауіпсіздігін қамтамасыз етпесе, Арал толықтай жоқ болып, Сырдың суы жылдан жылға азая береді.

“Аралдың тарихи көлемі 1000 км³-ке жақын болған, қазір 20 км³ ғана қалған. Жалпы, Арал теңізі – Орталық Азиядағы судың жылдан жылға кеміп бара жатқанының индикаторы. Тіпті Балқаш пен Каспий де Аралдың тағдырын қайталап жатыр. Әлемдік банк пен Азия даму банкінің “Қазақстанның климатты қауіптері” құжатына сай, қазірден бастап инновациялық шешімдермен су қауіпсіздігін қамтамасыз етпесе, Арал толықтай жоқ болады. Сырдың суы жылдан жылға кеми береді. Қызылорда мен Түркістан облыстарында ауылшаруашылығымен айналысуға мүлдем климаттық қолайлы жағдай болмайды”, – дейді сарапшы. 

Ол авторлық климат басқару жүйесі “Clear Sky New Generation” жобасының Қазақстанда жұмыс істеп жатқан бөлігін, өз елімізде жасап шығардық дейді. Сондай-ақ ауаға бұлт жинайтын құрылғы Қазақстанда үшінші рет қолданылып отыр екен.

Тіпті Су ресурстары және ирригация министірлігінен бұл жұмысты Экология, Ғылым және білім, Су және ирригация министірліктері бақылайтыны туралы ресми хат келіпті. 

Адам қолымен жоқ қылған Аралды, адам қолымен қайтару керек

Маман шілде айында жауын жаудыра алсақ, Орталық Азияның су және климаттық қауіпсіздігіне алаңдамасақ болады дейді.

“Қазіргі нәтиже, өте жақсы. Кей жерлерде жұмыс бастаған қысқа уақыттың өзінде 1 жылдық жауын нормасынан 3 есе жауын көп түскен жерлер бар. Ал бір Аралдағы жауын нормасын 100%-ға артқанның өзі, Аралға 7 км³ қосымша су береді. Жалпы мақсатымыз –жоба арқылы Аралдың су деңгейін жыл сайын едәуір арттыру. Орталық Азия елдерінде жаһандық жылынудан болып жатқан залалдың мөлшерін азайтуды жоспарлап отырмыз”, – дейді ол.

Сондай-ақ маман Қазақстанда жұмыс істеген төрт жылда Алматы, Жамбыл, Түркістан, Қызылорда облыстарында жауын-шашын деңгейі көп болды дейді. 

“Қазақстанда жұмыс істеген мерзімдерім – 2021 жылдың қазаны, 2022 жылдың наурыз, сәуір, мамыр айлары, 2023 жылдың тамызы және 2024 жылдың 18 маусымынан бастап қазірге дейін. Осы кездердің барлығына ортақ құбылыс бар, яғни Алматы, Жамбыл, Түркістан, Қызылорда облыстарында жауын-шашын деңгейі көп болған. Атмосфера статикалық емес. Барлық нәрсе қозғалыста. Экватордың солтүстігінде атмосфера қозғалысы батыстан шығысқа жүреді. Алматыға әсері болуы заңды. Біз циклондарды технология көмегімен ұзақ уақытқа ұстап тұруға ықпал етіп жатырмыз”, – дейді Алтай Айнабек.

Алтай Айнабек адам қолымен жоқ еткен Аралды, адам қолымен қайтаруды жоспарлап отырмыз дейді. Егер де болашақта үкімет қолдап, материалдық техникалық база күшейсе, Аралдың тарихи табанының үстіне жауынның біршама бөлігін локализация жасау жоспары бар екен. 

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!