Бүгінде орамал тартуды келіндер емес, қыздар сәнге айналдырған. Әсіресе әлеуметтік желіде орамалды арулар суретке түсуден бір-бірінен қалыспайды. Бұл орайда бірін- бірі орамал тағуға шақыратын челендж де көп. Дегенмен оны біреу дұрыс деп қолдаса, енді бірі құп көрмейді.
Кезінде тек ақ жаулықты босаға аттаған жас келін ғана тартқан екен. Себебі, үйдің үлкендері жаңа түскен жеңгелерімізге «Басыңнан орамалды тастама, жас келін жалаңбас жүрсе, шайтан үйір келеді» деп жиі айтып отыратын. «Әйелдің басынан орамал кетсе, үйден береке кетер» деген тәмсіл осыдан қалса керек.
Қарап отырсақ, кешегі нақыл сөздер, мақал-мәтелдер бүгінгі біздің өмірмен тікелей байланысты. Кейде ата-бабамыз қалай дәл тауып айтып кеткен деп еріксіз қайран қаласыз. Әрине, заман да, адам да өзгергені рас. Бірақ салт-дәстүрді, ырым-тыйымды бұрмалап, әркімнің өзіне қарай ыңғайлап алуы әсте дұрыс емес. Қазір кей үлкендер келіндеріне орамал тартпауға рұқсат беріп, бұрынғының айтқанын теріске шығарып жатады. Сондықтан болар, бұл дәстүрдің ауылы алыстап барады. Өйткені босаға аттаған келіндер күнделікті орамал тартудан қашады. Түрлі сылтау айтып, басынан шешкенше асығып тұрады. Оны көз көріп, құлақ естіп жүр. Алайда әр нәрсенің өз орны мен уақыты бар. Өкінішке қарай, бүгінде мұны түсініп жатқан ешкім жоқ.
Орамал – әдемілік емес, ең бастысы, тазалық үшін маңызды. Осыны қазіргі келіндер түсінбейтін сыңайлы. Орамал – әйелдің ары. Ақ босаға аттаған келіннің киесін сақтап тұратын да – осы орамал. Бұрын әрбір әйел басынан орамал тастамаған. Орамал – сыйластықтың белгісі. Бұл үрдіс қазақылықтың қаймағы бұзылмаған ауылдарда ғана сақталып отыр. Ондағы әдемі ақ орамал тартып, оюлы камзол киген келіндерге қарасаңыз көз тояды. Ал, қалада ағайын-туыс, көршінің үйіне тойға барсаң да, құдайыға барсаң да қызы кім, келіні қайсы екенін айыра алмайсыз.
«Орамал тон болмайды, жол болады» дейді дана халық. Орта жасқа келген апалар «Басыма орамал тартып шықсам, сол күні жолым болады, жұмысым жеңіл жүреді» деп үнемі айтып отыратын. Ал анам басы ауырса, бірден орамал тағып алады, «басымның ауырғаны қояды» дейді. Осыдан-ақ жаулықтың әйел баласы үшін тегін дүние емес екенін аңғаруға болатындай…
Аружан НОҒАЙ
Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!