Фото: ашық дереккөзден алынған
Пицца – қазіргі асхананың ең танымал тағамдарының бірі. Алайда оның тарихы тек қазіргі заманмен шектелмесі анық. Танымалдығы соншалық, бұл тағамсыз мейрамдарда жайылатын дастарханды,достармен өткізетін қызықты кештерді елестетудің өзі қиын.
Бұл тағамның түп-тамыры ежелгі өркениеттерге барып тіреледі. Мәселен, көне мысырлықтар мен гректер жалпақ нанның үстіне түрлі дәмдеуіш пен май жағып жеген. Бірақ біз білетін классикалық пицца өз шынайы болмысын Италияның Неаполь қаласында тапты.
Бұл тағам XVIII ғасырда Неаполь көшелерінде қарапайым халыққа арналған арзан әрі тойымды ас ретінде кеңінен тарала бастады. Ол кезде қызанақ Еуропада жаңадан пайда болып, алғашында күдікпен қаралғанымен, уақыт өте келе пиццаның басты құрамдас бөлігіне айналды. Әсіресе «Маргарита» пиццасының тарихы ерекше. Аңызға сүйенсек, 1889 жылы италиялық аспаз Рафаэле Эспозито савойлық Маргарита патшайымға арнап қызанақ, моцарелла ірімшігі және насыбайгүлден тұратын пицца әзірлеген. Бұл үш түс Италия туының реңдерін бейнелеген екен.
Қызығы, пицца алғашында тек кедейлердің асы саналса, бүгінде ол әлемдік гастрономияның символына айналды. ХХ ғасырда италиялық эмигранттар арқылы пицца Америкаға жетіп, сонда ерекше қарқынмен дамыды. Қазір АҚШ-та жыл сайын миллиардтаған дана пицца сатылады. Тіпті америкалықтар үшін бұл тағам футбол матчтары мен отбасылық кештердің ажырамас бөлігіне айналған.
Таңғаларлығы, әлемдегі ең қымбат пиццалардың бірі Италияда дайындалады және оның бағасы мыңдаған долларды құрайды екен. Оның құрамына сирек кездесетін трюфельдер, теңіз өнімдері және ерекше ірімшіктер кіреді. Ал ең үлкен пицца 2012 жылы Римде дайындалып, оның аумағы 1200 шаршы метрден асқан. Осындай көрсеткішпен бұл тағам рекорд орнатып, Гиннестің рекордтар кітабына енген.
Пицца тек дәмді ас қана емес, мәдениеттер тоғысының айқын көрінісі. Әр ел оны өз талғамына сай өзгертіп, жаңа қырынан танытып келеді. Мысалы, Жапонияда теңіз өнімдері мен майонез қосылса, Бразилияда тіпті тәтті пицца түрлері кең таралған. Қазір елімізде «суши-пицца» түрі танымалдылық жинап келеді.
Осылайша қарапайым қамыр мен бірнеше қоспадан басталған бұл тағам бүгінде бүкіл әлемді біріктіретін ортақ дәмге айналды.
Қорлан САРЫ
Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!