Жасанды интеллекттің дамыған шағында технологиялық жетістік көп. Қолданыста жүрген ұялы телефон, үйдегі кір жуғыш машина, теледидар және тағы да сол сияқты техникалар өмірді жеңілдетті. Қазір тіпті басқарушысыз көлік сұранысқа ие болып жатыр…
Бұл көлік автоматты түрде такси режимінде межелеген жерге жеткізеді. Шетелде қолданысқа енген технология жақында Қазақстанға да келмек. Бұл туралы жақында «Яндекс» компаниясының басшысы Аркадий Волож хабарлады. Алдағы уақытта бастама сәтімен жүзеге асса, мыңға жуық пилотсыз көлік өндіріледі. Олар «Toyota», «Uber» және «Denso» маркаларымен жарыққа шығады. «Ақылды көліктер» бірнеше рет тест драйвтан өткен.
Жоғары технологиялы темір тұлпардың «жауапкершілігі» зор. Оның көмегімен жол жүру ережелері қатаң сақталып, құқық бұзушылық саны кеми түседі. Қозғалыс жылдамдығы белгіленген мөлшерден аспайды, әрі ол егде жастағы кісілер мен мүмкіндігі шектеулі жандарға қолайлы. Бірақ ескеретін тұс бар. Көліктің пульті – жасанды интеллектте. Таксист, жүргізушілерді ығыстыруы мүмкін технология экологияға оңтайлы өзгеріс әкелсе, бір жағынан жұмысшы күштің қолын байлайды. Цифрлы әлемде қатер туғызуы мүмкін жайт жеткілікті. Көліктің басқаруын да робот алатын болса, уайымға себеп бар.
Бұған дейін әлемге әйгілі ІТ кеңесші Ричард Сасскинд «Мамандықтар болашағы» атты кітабында «Жаңа мамандықтар пайда болуы мүмкін» деп дабыл қаққан еді. Ричард Сасскинд бұл еңбегінде, біріншіден, жаңа технологиялар дәстүрлі жұмыс түрін жеңілдетуі мүмкін деген пікір білдірген. Екіншіден, технология кез келген саладағы проблеманы шешудің тиімді тәсіліне айналатындықтан, қызметкердің жұмысынан айырылу қаупі барын көрсеткен. Болжам шындыққа айнала ма?
Нұршат НЫШАНОВА
Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!