Қызылорда облысының әкімі Гүлшара Әбдіқалықова жұмыс сапарымен Қармақшы ауданына барды.

Аймақ басшысы алдымен Жаңажол ауылдық округіндегі орталық алаңның салтанатты ашылу рәсіміне қатысты. Орталық алаңның құрылысын «Жаңажол» ЖШС жеке қаражат есебінен жүргізген. Жоба құны 250 млн.теңгені құрайды. Бұл жерде арка, стела, су бұрғақ, балалар ойын және спорт алаңы, сауда дүңгіршегі орналасқан.Мұнан соң облыс әкімі аудан орталығында орналасқан ҚР Мемлекеттік рәміздер алаңының ашылу рәсіміне қатысып, тұрғындарға құттықтау лебізін жеткізді.

«Биыл Тәуелсіздігіміздің 30 жылдық мерейтойын атап өтудеміз. «Біз тәуелсіздікке аңсап, зарығып жеттік. Енді сол тәуелсіздіктің қасиетті белгілерін де ерекше қадірлеуіміз, қастерлеуіміз керек» – деп Тұңғыш-Президент Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев баса айтқан болатын. Сондықтан, бүгін киелі Қармақшы жерінде көк байрағымызды биікке көтеріп, «Мемлекеттік Рәміздер алаңы» ашылып отыр. Тәуелсіздігіміз баянды, бірлігіміз бекем болсын! Көк туымыз көкте мәңгі желбірей берсін», – деді Гүлшара Әбдіқалықова.

Аймақ басшысы салтанатты шарада өнер көрсеткен, халықаралық және республикалық жыршылар байқауларының жүлдегері, Елбасы қолынан домбыра алған жас өнерпаз Арай Оңғарқызына сый сияпат жасады.Айта кетейік, Рәміздер алаңының құрылысын жүргізген бас мердігер мекеме «SILK ROAD CONSTRUCTION» ЖШС. Құрылыс жұмыстары ағымдағы жылдың мамыр айында басталып, тамыз айында пайдалануға берілді.

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!