Қорқыт Ата атындағы Қызылорда университетінде студенттер үшін тағылымы зор, мәні терең жүздесу кеші өтті. Қазақ руханиятының бірегей тұлғалары бас қосқан бұл шара жастардың ой-санасын байытып, болашаққа бағыт сілтеген игілікті басқосу болды.
Шараның басты қонағы – Қазақ радиосының аңызы, Қазақстанның Еңбек сіңірген әртісі, диктор Сауық Мәсіғұтқызы Жақанова. 45 жылға жуық Қазақ радиосының «үніне» айналған Сауық апайдың әсерлі даусын тыңдап өскен бірнеше буын бар. Қазақтың Левитаны атанған Әнуарбек Байжанбаевтың «эфирдің Ақбаяны» деп бағалауы Сауық апамыздың дара болмысын дәл сипаттайды. Бүгінде Қазақ радиосының «Алтын қорында» сақталған әдеби-сазды хабарлардың 80 пайызы – Сауық Жақанованың әуезді үнінде жазылғаны белгілі.

Дикторлық жолымен қатар ол ұстаздық қызмет атқарып, «Сөйлеу техникасы» (2002), «Жүргізушінің сөйлеу мәдениеті» (2004) атты оқу құралдарын жазып, көптеген шәкірттерді тәрбиеледі. Студенттерге әсерлі әңгімесімен ой тастап, сөз өнерінің биігіне жетудің қыр-сырымен бөлісті.

Кештің құрметті меймандарының бірі – Еуропадағы қазақ диаспорасының белді өкілі, саяси ғылымдарының докторы Абдұлқайым Кесижи. Ол алыстан арнайы ат терлетіп келіп, қазақ жастарына ұлттық құндылықтарды сақтау мен рухани мұраға адал болу жайлы тағылымды ойларын жеткізді.

Сондай-ақ кешке белгілі журналистер мен өнер өкілдері – ҚР Журналистер одағының мүшесі Жазира Амантайқызы, Халықаралық Жанашыр қоғамының президенті Жаңыл Әпетова, Сыр өңірінің өнерпазы Сара Бекахметова қатысты. Олар да студенттерге шығармашылық жолдан өз тәжірибелерін айтып, руханияттың қоғамдағы орнын айшықтап берді.
Бұл жүздесу – қазақ руханиятының алтын қазынасымен сырласқан, өнер мен мәдениеттің мәнін айқындаған, студенттерге ғибрат болған тағылымды сәт болды. Жастарға ерекше рух сыйлаған кеш университет тарихындағы маңызды беттердің бірі болып қалары анық.
Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!