Қазақстанда доллардың қымбаттауы тұрмыстық техника бағасына да кері әсерін тигізе бастады. Электроника дүкендер желісі өкілдерінің айтуынша, соңғы үш күнде дүрліккен халық жаппай тұрмыстық техника сатып алуға көшіпті, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі “КТК” арнасына сілтеме жасап.

Сауда орындарында тұрмыстық техниканың бағасы қымбаттаған. Дегенмен сауда орындарының басшылығы импорт тауарлардың қанша пайызға қымбаттағанын айтуға құлықсыз. Алайдасөредегі барлық тауардың бағасы өскен жоқ дейді кәсіпкерлер. 

“Соңғы үш күнде бізде кішкене сатып алушылар саны өсті. Дүрбелең болды. Бағаларына келетін болсақ, кейбір тауар бағалары өзгерді. Мысалға теледидарды алатын болсақ, барлық теледидар бағасы өзгерді деп айта алмаймын. Арасында бар өзгергендері. Бірақ қатты өзгерген жоқ”, –дейді техника дүкенінің супервайзері Елдос Ерланұлы.

Халық үш күн бойы тұрмыстық техника дүкендеріне жүгіргенімен тауар жетіспеушілігі байқалмады дейді сатушылар. Ал доллар кезекті рет  шарықтағанда  көбіне теледидар, смартфон, тоңазытқыш пен кір жуғыш машина сатып алған. Дүкен иелері бір көтеріліп, бір басылған баға қазір тұрақталғанын айтады.

Бүгін сатып алушылардың да қатары бәсеңсіген. Алайда, сауда орындары  доллар көтерілсе бағаның тағы  құбылатындығын жоққа шығармайды. Десе де болжам бойынша алдағы күндері де тауар жетіспеушілігі байқалмауы тиіс. Бірақ, мұндай болжамдардың бір-біріне керағар келетін тұсы бар. Өйткені кәсіпкерлер Еуропадан тауарларды әкелу логистикасы өзгеретіндігін айтады.  Бұл бірінші кезекте тауарларды жеткізу уақытын кешіктіруі мүмкін.

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!