Фото: YouTube/Atameken Business News

Заман құбылған сайын уақыт талабына сай адамдардың да талғамы өзгеріске ұшырауда. Бұл жаһандану дәуірі қазақ халқын да айналып өтпеді. Қазір паста, стейк, балық өнімдері сұранысқа ие. Алайда өзіміздің ұлттық тағамдар тек мереке күндері ғана еске түсетін болды. Өткеннің еншісінде «өліп» бара жатқан ұлттық тағамдар неге танымал емес?

Аймақта ұлттық стильде тағам ұсынатын тек санаулы орын бар. Мәселен, «Бидай» ұлттық мейрамханасы, «Арафат» кафесіндегі қазақи на­қышта көмкерілген VIP бөлме, сондай­-ақ «Жеті тандыр» ұлттық тағамдар орталығы. Басқа мейрам­ханаларда ұлттық тағам­дардан ет, бауырсақ, қуырдақ, айымыз оңынан туса нарынды кездестіріп қалуымыз мүмкін. Қалада мейрамханалардан көз ашпаймыз, ал ұлттық асхана сау­сақпен санарлық. Біз білетін ұлттық тағам көп, алайда неліктен олардың дәмін тату бізге бұйырмай келеді?

– Өзге асханалардан ерек­шелігіміз – тағамдар­дың құнарлылығы. Әр­ бір тағамның өзіндік тарихи маңызы, дайындалу жолы бар. Біздің мейрамханаға қонақ болған әрбір мейман ағарғанға тапсырыс береді. Яғни қымыз бен шұбат ерекше сұранысқаиие. Олардың дайындалу жолын сұрайтын кездері де болған. Шүкір! «Бидайға» келушілердің саны күннен күнге артып келеді.

Ұлттық тағамдарымызға қызығушылық бар. Қызылордаға келетін қонақтардың көбі асханамыздан дәм татып кететіні рас. Жалпы айтқанда, қызылордалықтар қазақилыққа етене жақын. Бізге ұлттық асхана басқа қа­лаларға қарағанда таңсық емес деп ойлаймын. Әйтсе де біз білмейтін тағамдар саны жеткілікті. Ұмы­тылып бара жатқан тағамдарды жаң­ғырту мақсатында халыққа ұсы­нудамыз. Мәзірден суретін көрген жан­дарға тағамның дәмі қызық. Алайда мұндай асты дайындау үшін көп білім, сондай­-ақ уақыт керек. Жоспар көп, жаңа мәзірдің де жобасы дайын болып қалды. Ұлттық тағамдарға деген сұраныс еш толастамайтынына сенеміз. – дейді «Бидай» ұлттық мейрамханасының бас аспазы Әмір Амантайұлы.

Айта берсек, ұлттық тағамдардың түрі көп. Алайда біз білетін өнімдердің орнын өзге асханалар айырбастап келеді. Балалық шақта аттың құлағында ойнап, қатық пен айран ішіп, құрт­-май жеп өскендер неліктен қазір бургер мен «кока колаға» әуес? Сондай­ ақ мейрамханалардағы тағамдардың да бағасы шамадан тыс қымбат. Ұлттық өнімдер туралы айтпаса да түсінікті. Құны көңіл көншітпеген тағамға тапсырыс та аз. Қоспасы құнарлы, қазақ халқының байырғы заманынан ұрпаққа мұра болып қалған ұлттық өнімдерін жаңғыртайық. Батыстың асханасын биік бағалай бергенше, өз қазан­ ошағымыздың жағдайын күйттейік.

Наурыз көже

Қазақтың Жаңа жылы – әр көктемнің мерекесі. Бұл мейрамда арасы алыстаған ағайын, туыс-­туған, дос-­жаран бас қосып, реніш-өкпе сейіледі. Мейрамның сәнін келтіріп, қазақтың әр дастарқанынан ойып тұрып орын алатын наурыз көже де ұлттық тағамдардың қатарында. Бұл туралы балалар біле бермейді. Себебі көптеген бүлдіршінге наурыз көженің дәмі ұнамауы мүмкін. Олар ес білгелі фаст­фудпен қоректеніп, ұлттық тағамдарға бой үйретпеген. Алайда наурыз көже жеті түрлі дәм қосылатын, өте құнарлы, құрамында керекті дәруменнің бәрі бар ерекше тағам.

Ірімшік

Ірімшік – табиғи тәтті, нәрлі әрі құнарлы тіскебасар. Ешкі, сиыр немесе қойдың сүтінен қайнаған сіңімді тағамдардың бірі. Барлық жастағы адамдар үшін пайдалы.

Бауырсақ

Бидай ұнынан әзірленетін тіл үйірерлік бұл нанды жақсы көрмейтін бала да, қарт-қария да жоқ. Ежелде қазақ халқы көшпелі ғұмыр кешкен. Сапарға аттанар алдында бауырсақты молынан азық етіп алатын болған. Себебі тойымды, жолда ашып, ысырап болмайтын ерекше тағам. Наурыз көже тек жаңа жылда әзірленсе, бауырсақ – әрбір мейрамда дас­тарқаннан табылатын ұлттық тағам.

Саумал

Бұл ағарғанның емдік қасиеті қашан да жоғары бағаланады. Балғын бие сүті көптеген дәрумендерге бай. Адам ағзасын тазартып, денсаулықтың бір қалыпқа түсуіне бірден ­бір көмек. Асқазан, өкпе, бауыр, ісік ауруларынан қорғап, сүйектердің қатаюына әсер етеді. Қатерлі сырқаттың алдын алады. Дәрігерлер үлкен сеніммен ішуге ұсынады.

Нұршат НЫШАНОВА

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!