Фото: Ашық дереккөзден алынды

Көшпелі қазақ мәдениетінің тұрмыс-тіршілігі мен этикеті маңыз беруге тұрарлық. Себебі халық болмысын айқындайтын көрсеткіш – оның өткені, салт-санасы. Осы орайда ұлттың мінез-құлқы, әдеті, әрекетін талдау арқылы бүгін мен өткенді байланыстырып көрелік.

Киіз үй – көшпенділер өркениетінің мыңжылдық тарихындағы теңдессіз өнертабысы әрі ең ыңғайлы баспана. Қазіргі заманда да киіз үй жаппай тігілуден қалды, бірақ соған қарамастан Қазақстанда киіз үй тігетіндер әлі де болса баршылық.
Тұрмысымыздағы ата-бабалардан келе жатқан бұйымдар қазіргі кезде де қолданыста бар. Қазақ халқының тұрмысы мен бұрынғы кездегі тұрмысы ұқсамағанмен, бұрынғы заманнан келе жатқан бұйымдарымыздың көбісі қолданыстан шыққан. Ал кейбір санаулы бұйым әлі қолданыста, тіпті осы заманға сай дамып та келе жатыр. Мысалы, құрақ көрпелер мен шымылдық, ас табақтары мен ағаш бұйымдарымыз жетілу үстінде.
Бүгінде құрақ көрпелерді кез келген үйден тапсаңыз, шымылдықты тек келін түсіру тойынан көруге болады. Бесік, қамшы көбіне ауылда сақталған. Ал сандық формасы заман талабына сай құбылуда. Осы орайда сандық пен құрақ көрпеге байланысты жүк жинау әдетін айта кеткен жөн. Қазақта жүк жинауға байланысты «қыздың жиған жүгіндей» деген сөз бар. Бұл – ұстаным мен өмір салттың түйіскен тұсы.
Жалпы қазақ қоғамында дастарқанға байланысты ырым көп. Солардың қатарында «дастарқаннан аттауға болмайды», «дастарқанға ең бірінші нанды қой» деген ұстаным бар. Бұл ырымдар әлі де болса халық жадында ұмытылмай сақталған. Оған қоса бұрынғы қазақ жерге көрпеше төсеп, жер үстелге дастарқан жайған. Тек бір айырмашылық, қазіргі кезде төрт бұрышты үстелді пайдаланса, бұрын дөңгелек үстелді пайдаланған. Бұл – дүниетаным ерекшелігі.
Жалпы бұл тақырыптың ауқымы өте кең. Мұны қозғаудағы себебім, күнделікті тұрмыста пайдаланып келе жатқан әдеттердің көне заманнан қалғанын білдіру әрі тарихи жадымызды жаңғыртуға үлес қосу еді.


Дүйсен НҰРБАҚЫТ,
Қорқыт ата атындағы Қызылорда
университетінің студенті

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!