Құдайға соғыс ашқанын жариялап, жарты ғасыр Жаратушы күш бар дегенді жоққа шығарып келген Еуропадағы жалғыз атеистік мемлекет Албания дегеніне жете алмады.

Әдетте коммунистердің билікке келе сала дінді қоғамдық өмірден ысыруға тырысатыны белгілі. Олар бұл жолда діни қызметкерлерге қарсы репрессия ұйымдастырып, ғибадат орындарын жабады. Бірақ ХХ ғасырдың ортасында Албания билеушісі Энвер Ходжа Жаратушыға қарсы шыққанын мәлімдеп, өз елін «әлемдегі жалғыз атеистік мемлекет» деп жариялағанда кішкентай ғана мемлекетке бүкіл әлем назары ауа кетті.

Жергілікті коммунистер дінді жоюда үгіт-насихатпен шектеліп қана қойған жоқ, дегендеріне жету үшін күш те қолданды. Жүздеген діни қызметкерлердің құқықтары шектеліп, түрмелер мен концлагерьлерге   қамалды. Кейбіреуін өлім жазасына кесті. Бірақ 1990 жылдардың басында елдің әлеуметтік жағдайымен бірге Албанияның атеистік саясаты құлдырады.  

1944 жылдың аяғында Албания Коммунистік Еңбек Партиясының жетекшісі, табанды марксист және сталинист Энвер Ходжа ел тізгінін қолына алды. Билігінің алғашқы жылдарында король Ахмет Зогудың жолын жалғап, елдің діни саясаты басқа коммунистік елдерден ерекшеленбеді.  

Бірақ көп ұзамай дінге қарсы күреске шықты және оны католиктерден бастады. 1946-1947 жылдары Албанияда иезуиттер мен францискалықтардың дініне тиым салды. 1945 жылдан 1953 жылға дейінгі аралықта елдегі 253 католиктік ағымнан100-і ғана қалды. 1946 жылы  Шкодрада католиктік діни қызметкерлер басқарған Албания одағының мүшелері сотталды. Олар Ұлыбритания мен АҚШ-тың қолдауымен бүлік дайындады деп айыпталып, ату жазасына кесілді. Процесс Албаниядан шетелдік католиктік діни қызметкерлер мен монахтарды қуып шығуға таптырмайтын себеп болды. 1940 жылдары Ходжаның бұйрығымен албан православие шіркеуінің үш епископы қамауға алынып, архиепископ Христофор түрмеге қамалды. Албания билігі албан православтардың өздеріне жақын Константинополь патриархатымен байланысын үзді.

Елдегі қуғын-сүргінмен қатар идеологиялық науқан өрістеп жатты. Кітаптар,  радио хабарларын тарату, фильмдер түсіру арқылы үгіт-насихат жұмысын жүргізді. Дінге қарсы насихатты мектепте жүргізу басталды.

1949 жылы «Діни қауымдастықтар туралы» заң қабылданды. Енді барлық діни құжаттар, приходтық мәлімдемеге дейін, алдымен партия басшылығымен бекітілді. Діни қауымдарға жастарды тәрбиелеу мен оларға білім беруге тыйым салынды.

Ходжа дінмен күресті марксизм-ленинизм бағытында негізделген идеямен бастағанмен де оның ұлтшылдығы мен елді шетелдік ықпалдан қорғаудағы тым сақтығы науқанды репрессияға айналдырып жіберді. Албания басшысы елдегі ислам қауымдастығында Түркияның агенттері толып отыр деген ойда болды, православтарға да ұдайы күдікпен қарады.   

Тарихқа үңілетін болсақ Албания христиан мен ислам діндерінің қиылысу нүктесінде тұр. Албания жеріндегі ислам тарихы XIV-XVI ғасырлардан, яғни Осман империясының Балқан экспансиясынан басталады деп болжау қате пікір. XII-XIII ғасырлар аралығында түркі-парсы басқыншылары Хаджи Бекташ-велидің ізбасарлары исламның дәстүрлі емес ағымын алып келген болатын.

Коммунистік кезеңде Албаниядағы ислам дінінің жағдайы қиын болғаны айтпаса да түсінікті. 1967 жылы наурызда билік бұрын-соңды болмаған тағы бір шешім қабылдады. Елде 2169 мешіт жабылды.

«Албандардың діні – Албания» дегенді ұстанған елде дін өкілдерін бір-біріне қарсы қою жоғары деңгейде ұйымдастырылды. Мысалы, 1970 жылы елдің оңтүстігіндегі православ өкілдерін солтүстіктегі мұсылмандар тығыз орналасқан аумаққа күштеп көшірді. 

Бассыз кеткен билеушінің өзі осы мағынасыз ісінен үлкен рахат алды. «Қаулаған өрт кішкентай ғана ұшқыннан басталады. Біздің дін ошақтарын жоюдағы ісіміз осыған ұқсас. Қолымыз жеткенге тоқмейілсіп тоқтамақ емеспіз, көне дәстүр мен сенімді, діни көзқарасты түбегейлі тоқтатқанға күресті жалғастыра береміз» деді астамсыған билеуші.

Құдайға қарсы соғыс ашқан Албан диктаторы 1985 жылы көз жұмады да, 1990 жылы елде жаппай наразылықтар басталды, Бұл онсыз да әрең тұрған мемлекетке қатты әср етті, Шығыс Еуропадағы сияқты коммунистік билік Албанияда да құлады. Шіркеулер мен мешіттер қайта ашыла бастады. Құдайға құлшылық етушілер ашық аспан астында жиналды, өйткені елде ешқандай ғибадар орындары қалмаған еді.   

1998 жылы жаңа Албания Конституциясы дін бостандығын заңдастырды. Төрт дін – мұсылмандар (сунниттер мен бекташтар), православие және католиктер ресми мойындаудың жоғары дәрежесін алды және олардың мерекелері мемлекеттік деңгейде атап өтіледі. Албания конституциялық түрде зайырлы мемлекет деп жарияланды.

Барлық қиындықтарға қарамастан, Албания Энвер Ходжаның дінге қарсы саясатының салдарын жеңді. 2011 жылғы халық санағына сәйкес, ел азаматтарының 56,7% – ы өздерін мұсылман, 10,03% – ы католик деп атаған, 6,75% – православие және 2,09%  ‒ Бекташ (сопылық ислам). Респонденттердің 13,79%-ы қандай-да бір сенім білдіретіндерін айтудан бас тартты, тек 2,5% – ы өздерін атеист деп атады.

Жаратқанға қарсы шыққан билеушінің денесі әуелі Тиранадағы «Ерлікпен қаза тапқан ұлт батырлары» қорымына қойылады. Елдегі бір партиялық жойылғаннан кейін билікке араласа бастаған демократтар ықпалымен «Албания Сталині» атанған марқұмның сүйегі 1992 жылы астана шетіндені елеусіздеу бейітке қайта жерленді.

Аударған: Ерхан АҚЫН

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!