Әріптесім Ерсін Шамшадин екеуміз таңмен таласа Қоғалыкөлге бет алдық. Мұндағы мақсат – археологтардың қазба жұмысын көзбен көру, құм астындағы құпиямен танысу. Ортағасырлық Қышқала Сырдария ауданындағы Қоғалыкөл ауылдық округіне жақын жерде, Томарөткелге іргелес орналасқан.

Бұл қаланы алғаш рет 1889 жылы Перовск уезінде барлау жұмыстарын жүргізген В.Каллаур ашып, оны Кысқала (Гышқала) немесе Тасқала деп атап, Перовсктен шығып, Хиуа мен Бұқараға баратын жолдың 25-30 верстінде орналасқан деп жазған екен. Қазба жұмыстарының нәтижесін баяндап, табылған құнды жәдігерлерді көрсеткен  әл-Фараби атындағы ҚазҰУ профессоры Мадияр Елеуов қаланың тарихына тоқталды.

–1946 жылы С.Толстов басқар­ған Хорезм археологиялық-этногра­фиялық экспедициясы Қышқалада бо­лып, оның үстінде шашылып жатқан ыдыс сынықтарын, заттарды жинап, картада Қыштөбенің ортағасырлық Асанас пен Женттің аралығында ор­на­ласқанын көрсеткен. 1960 жылы Ә.Қо­ңыратбаев, Ғ.Мұсабаев Қыш­қа­ла­да зерттеу жұмыстарын жүргізген. Ол туралы Ә.Қоңыратбаев былай деп жазған: «Қышқала демектің ма­ғы­насы онда қыштан салынған кіші­гірім сарай (орда) болған. 1960 жы­лы біз (ішінде Ғ.Мұсабаев бар) бірер метр жерін қазып, күйдірілген кірпіштен жасалған бармақтай сырлы құмыра таптық. Ішіне 25 грамм су кетеді, тұтқасы сынған. Осы төбенің астынан күміс ақша табылған. Сол жерден 1960 жылы сор бетіне шығып қалған алтын теңге таптым». Т.Мәмиев зерттеу жұмыстарын жүр­гізген кезде оның діни, қоғамдық, аза­маттық құрылыстары дөңгелек тө­бе­лерден тұратынына көңіл ау­дар­ған. Негізінен үш нысанға қазба жұмыстары жүргізілді. Бірінші қазба­ның биіктігі – 3 метр, диаметрі 36 метр екі төбеде жалғасып жатыр. Нәти­жесінде мұндағы төбе 3 бөлмелі құрылыстың жалғасы екені анықталған. Екінші қазбаның биіктігі – 2 метр, диаметрі – 21 метр, дөңгелек кебір топырақты төбе. Беткі қабатында сынған құмыра шашылып жатыр. Сондықтан «шаруашылық ауласы» деп аталады. Қазба батысынан баста­лып, 4 бөлмесі ашылды. Бөлмелердің қабырғалары кірпіштен қаланған, кір­піштері кебірленіп топыраққа айналған. Қималық стратиграфиясына қарағанда 60 см тереңдікте құмыра сынықтарына толы. Ол 10 см тығыз, 7 см күйік (ағаш, қамыс), 20 см қамыс, 3,5 см кесек аралас бос қабаттардан тұрады. Бөлмелердің құрылымы Отырар қаз­баларында кездескен XV-XVIII ғасыр­ларда дамыған түрлі дәстүрлі үй құрылысына ұқсайды. Мұндағы кіреберіс қойма болған, тандыр шығу есігіне қарай ығыстырылған. Орталық бөлме шаруашылық және тұрғын үй қызметін атқарған. Демек, тандырдың бір қалашықты айналуы XIII-XIV ға­сырда басталғаны белгілі болып отыр. Қазба тереңдеген сайын құ­мы­ра сынықтары сирек кездесті. Қыш сынықтарының көбісі үстіңгі мә­дениет қабатындағы бөлмелерден шыққан. Сонымен бірге тиындар та­бы­лып, оларға Р.Бурнашева мен С.Юсу­по­ва­ның көмегімен талдау жұмыстары жүр­гізілген, – деді профессор.

Қазба жұмыстарын әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университе­ті­нің профессоры, тарих ғылымдарының докторы Мадияр Елеуов пен Ә.Мар­ғұлан атындағы археология инсти­ту­тының бас ғылыми қызметкері, та­­рих ғылымдарының кандидаты Дө­кей Талеев бастаған археологтар жүр­­гізуде. Қышқаланы зерттеушілер бұл жерге археологиялық қазба жұ­мыстары 2018 жылы басталғанын айтады. Алғашқы жылы 8 бұрышты медресе мен кесене орны ашылған. Ал 2019 жылы өткен жылы ашылған кесенені толық ашу жұмыстары жүр­гізілген және медресе жанындағы қыш шығаратын пештің орны мен мүрде жерленген орынды ашу жұ­мыс­тары жүрген. Былтырғы қазба жұ­мыстарында кесік, сондай-ақ тағы да екі қазба жұмыстары жүргізіліпті. Ар­хеолог Дөкей Әбдікерімұлының айтуынша, кесік де­ген осындағы қалашықтың жасын анықтау үшін арнайы қазылатын орын. Ал биыл археологтар маусым айының басынан осында келіп, тағы бір кесене орнын ашқан және қосымша тағы бір кесік салынған.

– Ғылыми деректерде бұл қаланың қамалы жоқ делінген. Осыған менің күдігім болды. Содан былтыр осы жердегі сайды аңғарып қарасам, бұл қаланың сыртын айналады. Ал келесі бір жағында өзектің орны жатыр. Содан өткен жылы осы кесікті бастап, биыл жалғастырып, қамалдың бар екеніне көз жеткізіп отырмыз. Яғни қамал болған, оның ішкі беті ор болса, сыртқы бетінде өзек болған, – деді тарих ғылымдарының докторы М.Елеуов.

Әуелбек Қоңыратбаевтың қала аңыз­дары жайлы дерегінде: бұл қала Алпамыстың сүйген жары Баршынды қалдырып кеткен шаһары болуы мүмкін делінген. Сондай-ақ жазба деректерге сүйенсек, бір кездері бұл қала  Баршынкент деп аталған.  

Мадияр ЕЛЕУОВ, әл-Фараби атындағы ҚазҰУ профессоры:

– Ә.Марғұлан «Баршынкенттің қи­раған бөліктері Сырдарияның оң­түс­тік жағасында Қызылорда мен Шиелі арасында орналасқан және Қызқала атауымен белгілі» деп жазған. «Баршынкент» атауы халық поэмасының кейіпкері Алпамыспен байланысты. Оғыз-феодал ақсүйегі Баршын сұлу есімді атақ­ты әйел Сырдарияның төменгі бойын­дағы қаланы өз есімімен ата­ды, осы­дан Қызқала шыққан. Ә.Мар­ғұланның айтуына қарағанда, Сыр­дария­ның оңтүстік жағасындағы Көк­ке­сене кесенесі Баршын сұлудың құр­метіне салынған. Қышқала мен Баршын­кенттің байланысы жөнінде Ә.Қоңыратбаевтың болжамдарына тоқ­талсақ: «В.Каллаурдың айтуынша, Жент қаласының орны – Қышқала (Томарөткел). Батысында Баршынғылкент, Рабат Туғани қала­сы болған. «… Қышқала демектің мағынасы – онда қыштан салынған кішігірім сарай (орда) болған. Содан қыш көп табылған. Бұнда сарайдың орны бар». 1960 жылы Қышқалада зерттеу жүргізген Ә.Қоңыратбаев Жент пен Баршынкенттің арасындағы бай­ланысқа тоқтала келіп, олар туралы былайша болжам жасаған: «Сонымен біз Жент екеу болған дейміз. Бірі, Қуаңдарияның сағасындағы ескі хұн Женті, екіншісі, X ғасырдағы Сейіл­хандар салған Жент. В.Каллаур айт­қан Жент – соңғысы болу тиіс. Сол сияқты Баршынкенттің орны кесене емес, Қызылқұмда тұрған, Баршындария жағасына салынған Сырлытам бо­лу­ға тиіс». «Археологическая кар­та Казахстана» атты жинақта Қыш­қа­ланы «Развалины отдельных соору­жений Кызкала» – деп көрсеткен. С.Толстовтың картасында Қышқала Қыштөбе деп аталған.

Өлкетанушы Жұмабай Байзақұлы­ның сөзімен айтсақ, «қағазға түсіп, хатталған тарихтан белгі тарих осыдан он ғасырға жуық уақыт бұрын қоныс болған, бүгінгі Қоғалыкөл ауы­лын өркениет  көшінің ұлы жолына жалғап жатыр. Тораңғыл сай – Жаңа­дария мен Қожарық ортасында орна­ласқан шығыстан батысқа қарай бір, солтүстіктен оңтүстікке қарай бір­жарым шақырым жерді алып жат­қан Баршынкент. Баршынкент бала кезімізде қой жайып жүріп қыш ке­сек­терімен, оюлы әшекейлі кесе сы­нықтарына қызыға қарап, мол қазынаға кенелеміз деп көмбе іздеген жеріміз. Ересектердің талай аңыз әңгімесіне арқау болған қаланың орны. Қазынаға қызыққанымызбен терең құдықтарына түсуге жүрегіміз дауаламай, есесіне мол қаржы тапсақ қалай жұмсасақ болар деген қиялға берілген жұмбақ мекен…». Бұл  мекеннің жұмбағын ше­шуге талпынған адамдар бар.

Соңғы жылдардағы археологиялық зерттеулердің басты бағытының бірі – ХІІІ-ХҮ ғасырлармен шамаланатын Қышқала орта ғасырлық қалашық қалдықтары. Неғұрлым маңызды ес­керт­кіш саналған археологиялық ны­сан­ның шағын ғана бөлігіне алдын ала жүргізілген қазба нәтижесі бо­йын­ша Қышқала ірі сауда-қолөнер қала­ларының бірі деп болжауға болады.

– Олай деуімізге қаланың Жібек жо­лы бойындағы ең маңызды өткелі­нің бірінде орналасуы дәлел. Ол бү­гінге дейін сақталған Томарөткел жа­нынан бой көтерген. Табылған қыш ыдыстарының сынықтары бойынша жорамалдасақ, қалашық құрылысы Х-ХІ ғасырларда басталған. Ал қай­на­ған өмір ХІІІ ғасырдың екінші жар­ты­сында Алтын Орданың сауда бай­ланыстары жандануы басталғанға дейін тоқтаған, – дейді «Археолог» халықаралық ғылыми-зерттеу орта­лы­ғының жетекшісі, ғалым-археолог Мадияр Елеуов.

8 қырлы медреседен қыш күйді­ретін пештердің орны табылды. Архео­логтар қабырға өрнектері өткір пышақпен қиылып салынған, үлкен кесенеге ке­зіккен. Қалашық ғима­раттарының бар­лығы қыштан қаланғанына қарап, мәдени саяси орталық болғанын байқадық дейді.

Дөкей ТӘЛЕЕВ, тарих ғылымдарының кандидаты:

– Қазба барысында 28 метрде 20 метрлік үлкен көлемде кесене болған. Кесенеге қасбетінен кірген кезде 11-де 11 орталық бөлігі Қожа Ахмет Яссауидің қазандық кесенесі секілді келген адамдар зиярат етіп, Құран бағыштайтын жер бол­ған. Ал оның қарсы бетінде ке­сененің иесі болып есептелетін адамның жер асты қабірханасы болған.

Зерттеуші ғалымдар Қышқала­дан табылып жатқан тарихи орын­дар­ды Алтын Орда дәуірімен байланыс­тырады. Яғни, қазба жұмыстары нәти­жесінде ашылған кесенелер ХІІІ-ХҮ ғасырларда салынған.

Биылғы қазба жұмыстары нәтиже­сінде бір кесенеден екі адамның мүр­десі табылды. Олардың сүйегін жинап, археологтар арнайы ыдысқа салып алды. Бұл табылған мүрделерді мамандар Германия зертханасына жібереді. Ол жақта бұл екі адам ту­ралы толық мәлімет береді. Ал екінші кесенеде он адамның орны анықталды. Олардың мүрделері ашылған жоқ. Бұл алдағы жылдардың еншісінде.

Бұл 8 қырлы медресе 2018 жылы ашыла бастады. Бұл архитектурасы Азия аймағында, Қазақстанда арнайы кез­деспейтін ерекше нысан болды. Біз мұның ішкі құрылысының қалдықтарына, құрылыс нысандарына қарап отырып, медресе болған деп болжаймыз. Жалпы та­ри­хи деректерде Сыр бойындағы қала­ларда орта ғасырлық медреселер  бол­ғаны айтылады. Біз ашып отырған Қышқала – архитектурасы жағынан да, кезеңі жағынан да ерекше құрылыс нысаны. Бұл нысанды  екі-үш жылдан бері зерттеп келеміз. Археологиялық құрылыс нысаны ретінде барлық зерт­теулер мен салыстырмалы тал­даулар жасалды.

Сырым ҒАДІЛБЕКҰЛЫ,

Евразия Ұлттық университетінің доктаранты:

– Бұл – биыл  ашылған құрылыс нысаны. Мұның да сыртына, ерекше­лік­теріне қарап отырып кейінгі орта ғасыр кезеңіне жататын кесене деп жо­рамалдап отырмыз. Қышқала ма­ңы­нан ашылған архитектуралық нысан­ға ұқсас, екіншіден, жерлеу орында­рының көрініп жатуы – жерлеу кесе­не құрылысы деп жорамалдауға мүмкіндік береді. Басқамен салыстыр­ғанда бұл кесене – жаппай жерлеу орындарының бірі. Қазірде 10 шақты адамның қабірі табылды. Барлығының да жерлеу ерекшеліктері, сыртқы құ­ры­лысы ХІV-XV ғасыр Алтын Орда кезеңіне жатады. Болашақта бұл ны­сан­ның құрылысын анықтаймыз. Оны анықтау үшін қыш кесектердің химиялық құрамын және құрылыс ны­санынан шыққан археологиялық нысанға біз пәнаралық зерттеу негі­зін­де талдаулар жасаймыз. Адам сүйек­терінің қалдығынан оның нақ­ты өмір сүрген уақытын, генетика­лық, патологиялық ерекше әлеуметтік мәр­тебесін анықтауға болады.

«Менің арманым – осы қаланы қалпына келтіру. Бірақ оған менің жағдайым жоқ. 8 қырлы медресені есеп­тегенде 10 мың қыш кетеді екен. Әр қыштың бағасы 600 теңгеден есептегенде – 60 миллион. Қазба жұ­мыс­тарын жүргізгеніме төрт жыл бол­ды», – дейді профессор М.Елеуов.

P.S. Археологиялық қазба жұ­мыс­тарына жас докторанттар Ис­лам Құрманиязов, Архад Молдах­мет және студент Бауыржан Әлі­баев, сондай-ақ  №44 орта мек­тептің 10 сынып оқушылары атса­лысты.

Мөлдір КЕНЖЕҒҰЛОВА

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!