Өмірдің әр белесі мағыналы еңбекпен өлшенеді. Ал саналы ғұмырын ел игілігіне арнап, ақпарат саласының өркендеуіне үлес қосқан жандардың жолы – әрдайым құрметке лайық. Осындай тұлғалардың бірі – Қазбек Ботаев. Ұжымы оны құрметті еңбек демалысына шығарып салды.
Жақында тәжірибесі мен біліктілігінің арқасында ұжым ішінде үлкен беделге ие болған, кейінгі жылдары облыстық «Кызылординские вести» газетінің бас редакторы қызметін атқарып, басылымның мазмұнын жаңғыртып, оның қоғамдық маңызын арттыру жолында аянбай еңбек еткен білікті журналист Қазбек Камалұлын зейнет демалысына шығарып салуға арналған жиын өтті.
«Сыр Медиа» ЖШС қызметкерлері бас қосқан жиында мекеменің бас директоры Марат Аралбаев Қазбек Камалұлының еңбегіне ерекше тоқталып, ұжым атынан алғыс білдірді. Сондай-ақ оған алғыс хат табысталып, иығына шапан жабылды. Әріптестері де жылы лебіздерін білдіріп, ұзақ жыл бірге қызмет еткен азаматқа деген құрметтерін көрсетті.
– Құрметті әріптестер, Қазбек Камалұлының еңбек жолы телеарнадан басталып, әрі қарай басылымда қызмет етті. Ақпарат саласындағы еңбегі жоғары бағаланып Қазақстан журналистер одағының Құрмет грамотасы және өзге де беделді марапаттарға ие болды. Сізге ұжымның атынан атқарған жұмысыңыз бен еңбегіңіз үшін алғысымызды білдіреміз. Алдағы уақытта ардагерлер қатарында да түрлі іс-шарада бас қосып, ұжыммен бірге болғаныңызды көргіміз келеді, – деді «Сыр Медиа» ЖШС бас директоры Марат Жайылханұлы.
Қазбек Камалұлы қоғамдағы өзекті мәселелерді қолға алып, халықтың мұң-мұқтажын жеткізетін журналист, әріптестермен бір толқында бола алатын білікті басшы ретінде танылған. Оның үлкен тәжірибесі, адалдығы, шешімді нық қабылдаудағы парасаттылығы мен әріптестерге деген қамқорлығы әрдайым есте қалады.
– Бұл жерде еңбек еткен уақыт мен үшін өте ыстық әрі әрдайым жүрегімнің төрінде орын алады. Қолдауларыңызға, сенімдеріңізге және бір болған ұжымға рақмет айтамын. Атқарған қызметім мен жасалған жұмыстың нәтижелі болуының себепкері болғандарыңыз үшін алғысым шексіз, – деді Қ.Ботаев.
Зейнеткерлік – бір кезеңнің аяқталуы ғана емес, жаңа өмір белесінің бастауы. Сондықтан Қазбек Камалұлының өнегелі жолы мен тәжірибесі кейінгі буынға әрдайым бағыт-бағдар болып қала бермек.
Ақерке ДАРХАНҚЫЗЫ,
Cуретке түсірген
Нұрболат НҰРЖАУБАЙ
Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!