Фото: Inbusiness.kz

Қазақ халқы қыз баланы кішкентайынан мәпелеп, аялап, қанаттыға қақтырмай, тұмсықтыға шоқыттырмай өсірген. Жалғандағы нәзіктік пен тазалықты, инабаттылықты әрбір қазақ қызының бойына сіңіре отырып тәрбиелеген.

«Қызым үйде – қылығы түзде» демекші, қыз баланың жүріс-тұрысы мен киім киісі тәрбиенің негізі. Жасыратыны жоқ кейбір ата-ананың баласымен араласуға да уақыты болмайды. Осыдан барып бала ата-анасынан суып, оларға деген сыйластықтан алыстай бастайды. Бала кезінен жылылық мейірімді көрмеген адам баласы жүрегін бойлаған суық ызғардың өшін өзгелерден алатын қатыгездікпен өседі.

Бауыржан Момышұлының келіні Зейнеп апамыз өзінің «Бабалар аманаты» атты кітабында: «Қазақ қазақ болғалы қыз сыйлаған, қызын алқалаған текті халық еді. Сандығында кілті жоқ жомарт қазақ сол жомарттығын алдымен қызына жасаған. «Ұл – түтін, қыз – күтім» деп қызға жақсыны кигізіп, дәмдіні жегізіп, жорғаны мінгізген. Үйдің оң жақ төріне отырғызған. Тұрмысқа шықпаған қызды «оң жақтағы қыз» дейтіні сондықтан. «Ұрыс-керіс естіген қыздың мінезінің мәні болмайды» деп, қыз көзінше өрескел, бейпіл сөз сөйлемеген, анайы қылық көрсетпеген. «Бақыты байланады, жолы кесіледі» деп қызға қол көтермеген. Тіпті, отырған қыздың аяғынан аттамаған. Мұны кесір деп түсіндірген. Өйткені еркектің де, әйелдің де тарайтын түбі – қыз. Оң жақта отырғанда жүз жігіттің арманы болса да, қызға бір азаматтың адал жан жары болу – парыз», – деп жазады.

Міне, кешегі қазақ қыздары ата-анадан осылай тәрбие алып, өз отбасының ұйытқысы бола білді.

Қазір қыздарымыздың көзге оғаш көрінетін киімдерін айтар болсақ, бұрын-соңды болмаған, құлақ естіп, көз көрмеген. Ата-ана баламыз қатар құрбысынан қалмасын деген оймен заман талабына сай жаңа үлгімен киіндіріп, қалталылар көлік мінгізеді. Сонда да әр нәрсенің өз орны бар емес пе?.

Иә, әйел – бесік иесі. Демек, әйелдің жайы түзелмей, бесігіміз түзелмейді, бесігіміз түзелмей – еліміз толық түзелмейді. Мұндай ой қыз тәрбиесінің маңыздылығын әрдайым еске салып, ұлт тәрбиесінде иманды да ұлағатты, ізетті де инабатты қыз тәрбиелеудің аса маңызды екенін еске салып тұрғандай. Қыз тәрбиесі сол үшін де ділгір мәселе.

Роза МАХАМБЕТӘЛИЕВА,
Қазақ тілі мен әдебиеті пәні оқытушысы, магистр,
зерттеуші-педагог

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!