Саяси ауа-райының өзгерісі әсер етті ме, сайлау қарсаңында тұмау тиіп, біраз сырқаттанып қалдым. Партиялар бәсекелеске түсіп, әрбірі ақпарат кеңістігінде әлі келгенше ышқынып, пысқырынып, ысқырынып, одан қалды дөң айбат көрсетіп, ырылдап, қырылдап жүргенде үміткердің үп-сүпі әсер етіп, түшкірдім-ай келіп. Әп-шу! Рас екен. Біле білсеңіз, саяси тұмау «китайский гриптен» асып түседі. Бір ай ауырғаннан кейін не дейсің. Құлақ екеу, партия жетеу. Өтірікті судай сапырып, елге ертегі соғып, жұртты жарылқап тастап, бір көзін қысып отырған пысықай партиялардың әңгімелері бір құлақтан кіріп, екіншісінен емін-еркін шығады. Айналдырған еститін екі тесікке тағы үміткерлердің бұ заманның жұмағын орнататын «асыл сөздерін» қосыңыз. Бірі зорлана кірем деп әлек, бірі лапшаға айналып, қалқан құлақтың қалбырына ілініп тұрғаны. Қайран, қос құлағым-ай десейші.

Құлағым сарсылып, іші күңгірттеп жатқанда, бірімен бірі жарысып жарнамалатып, қызарып, бозарған, алаулатып, жалаулатып, «есік жағалап» жүрген пәтшағар партиялардың ойынына қараймын деп қос жанарым жасаурап бітті. Саясат дегенде мұрнына иісі бармайтын қоңқақ мұрын кейбір кандидаттардың әңгімесінен кейін менің де мұрным жыбырлап кеп түшкірдім дейсің. Әп-шу! Рас екен. Мұрынды қойшы, дененің ысып-суығынан айтсайшы. Үміті үзілмей, сайлаудың соңғы күніне дейін елдің алдында уәдесін үйіп-төккен үміткерлер сөздерінің температурасы адамға әр қалай әсер етеді екен. Қолынан келмесе де, қызылордалықтарға жұмақ орнатқысы келген сөзі өтімсіздердің әрекеттері жыныңды келтіріп, денеңді ысытса, қалай болғанда да, Елордаға баруға асыққандардың астыртын лас істеріне көңіл суып, тұла бойың мұздап сала береді. Іш-шай дейсің де, түшкіресің. Әп-шу! Рас екен.

Теледидарды қосып, қаным басыма шапшып, ақ тер көк тер болған кездер де, әлеуметтік желіні оқыған сәтте бас шайқап, дірілдеген шақтар да артта қалар. Бұрынғыдай ду-ду, аттан салғандар саны азаяр. Е, соқыр саясат адамның көзін байлағанда не істеріңді білмей, іздерінен ере береді екенсің. Бірі керемет дейді, бірі «біттік, құрыдық!» дейді. Дауыл соғып, шаң аралас заманда өмір сүрген соң көретініміз әлі алда секілді. Саясат желі талай адамды әлі пысқыртар, түшкіртер. Әп-шу! Бұл жолы тошно рас.

Көбегеннің НҰРЛАНЫ

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!