Әлем елдерінің тарихындағы бірінші дүниежүжілік соғысқа қарап алдағы шиеленісті болжауға мүмкіндік бар деп саналған Ресей мен Украина арасындағы соғыстың басталғанына 1 жылға жуықтады. Екі ел арасындағы қақтығыс қашанға дейін созылады? Әлем сарапшыларының болжамы бойынша соғыстың алдағы сценарийі қалай? Украинамен ерегесте Ресейдің жеңіске мүмкіндігі бар ма? Әлде екі жақ тең түсе ме?

Америкалық сарапшылардың пікіріне сүйенсек, Ресейдің алдағы мақсаты – соғысты аяқтамай, уақыт соза отырып, Украинаның діңкесін құрту. Олар соғысты жақын арада аяқталады деп күтпеуге шақырып отыр. Вашингтондағы Америкалық университеттің қызметкері, саясаттанушы Джеймс Голдгейер Foreign Affairs журналына «Батыс елдері Ресеймен ұзақ кикілжіңге дайын болуы керек» деп жазған болатын.
Қазақстандық Азаттық тәуелсіз арнасының ресейлік өкілі Радио Свобода ұжымы көптің көкейін мазалаған сұрақтардың жауабын америкалық сарапшылар – Индиана университетінің экономисі Михаил Алексеев және Сетон-Холл университетінің тарихшысы Натаниэл Найттан алған. Қос ғалым бұл соғыс ұзаққа созылған әскери кикілжіңге айналып, ешқандай тарап жеңіске жетпей, бос шығынмен ғана аяқталатынын айтып отыр. Яғни, Вашингтон мен оның одақтастары Украинаға Ресейді ойсырата жеңу үшін қажетті қару-жарақ қорын бере алмайды. Батыс елдерінде оларға қажетті көлемдегі қару-жарақ қоры жоқ.
Сонымен қатар сарапшылардың пікірінше, таяуда Мәскеуде Украинадағы шабуылын жалғастыратын адам ресурсы мен әскери техника қалмайды. Сәйкесінше мұндай жағдайда соғыс ұзаққа созылады да, АҚШ Украинаға Ресей агрессиясына қарсы тұру үшін ұзақмерзімді әскери, экономикалық қолдау керегін ескеруі қажет болады. АҚШ одақтастарымен бірге Мәскеуді әлемнен оқшаулауға қатысты ұзақмерзімді стратегия дайындауы тиіс. Бұған Нобель сыйлығының иегері, ғалым Пол Кругман да қосылып отыр. Экономист Ресей мен Украина арасындағы әскери қақтығыстың екі жақтың соңғы демі қалғанша жалғасатын соғысқа айналып бара жатқанын айтады. Бірақ жеңіске жету мүмкіндігі бірдей емес. Оның болжамынша, Ресейдің жеңілу ықтималдығы жоғары. Кругман мұны Батыс елдерінің Украинаны қолдауымен түсіндіруде.
– Бұл уақытша тоқтаған соғыстардың бірі болатын сияқты. Батыс елдерінен қару-жарақ келіп жатқанын ескерсек, әскери қимылдар тоқтамауы да мүмкін. Ресей ұзақ соғысқа төтеп бере алады. Бірақ экономикалық жағдайы нашарлайды. Мұндай кикілжіңге шыдас беру үшін энергетикалық ресурстарды экспорттау, басқа елдердің көмегімен жоғары технология­лық қару-жараққа қажетті бөлшектерді импорттау керек.
Азық-түлік, ауыл шаруашылығы өнімдеріне келгенде Ресей өзін-өзі толық қамтамасыз етеді. Елде халыққа жеткілікті өнім өндіріледі. Адам ресурсы да бар. Энергоре­сурстарға да кенде емес. Жалғыз мәселе бар. «Ресей жаңа зымыран жасап, зақымдал­ған техникасын жөндей ала ма?», егер бұл мәселені шешсе, элитасы мен халқы қарсы болмаса, әлі ұзақ соғысуы мүмкін. Саяси элита бір күні «Жоқ, шектен шығып кеттік» дейтін шығар деп үміттенемін, – дейді саясаттанушы.
Соғысты кім, немесе не тоқтатады? Әрине, адамзат тарихында соғыстың түр-түрі болған. Оның әрқайсысы ғылымның дамуына қарай түрлі қаруларды, озық технология­ларды өндіруге әсер етті. Алайда мұндай техноло­гиялардан пайда жоқ. Соңында тарихта қалатыны – жеңіліс пен жеңістің кейіпкерлері, саны шексіз жазықсыз адам өлімі ғана. «Ерте ме, кеш пе, әскер де «Не үшін соғысып жатырмыз?» деп ойланады. Жауынгерлердің басым бөлігін мобилизация нәтижесінде жиналған қарапайым азаматтар құраған кезде «Осының бізге не қажеті бар?» деген күдік күшейеді. Бірінші Дүниежүзілік соғыста та дәл осылай болған еді. Жауынгерлер не үшін соғысып жатқанын білмеген. Нәтижесінде адам шығыны көп болды. Ықтимал сценарилердің бірі осы. Ресей әскерінің өз ішінде қайшылықтар болуы мүмкін.
Әскери рух маңызды. Украиндар күш-жігерін, ұлттық рухын көрсетті. Олардың ең үлкен басымдығы да осы. Ресейде бәрі керісінше көрінеді. Қоғамдық пікірге жүргізілген сауалнама Путинді қолдаушылар барын көрсеткені­мен, бұл пассивті қолдау ғана. Олар Путин үшін өзін құрбан етіп, қираған үйде, жарықсыз, аш отыруға дайын емес, – дейді Михаил Алексеев.


Дина БӨКЕБАЙ

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!