Фото: ашық дереккөзден

Сықырлаған аяз, аспаннан үлпілдеп түскен ақ ұлпамен бірге маужыраған тіршілік бірте-бірте оянуда. Жер ананың жаңаратын мезгілі – көктем келді. Сонымен қатар қыздар қауымының да құлпыратын кезеңі. Ендеше нәзік жандардың сүйікті тақырыбы сән әлемі туралы айтайық.

«Киіміне қарап қарсы алады…». Көп адам сырт келбетіңе қарап талғамға баға береді. Сөмкеңізде ақша болса, бүгінде сіздің қолыңыз жетпейтін киім жоқ. Алайда 1990 жылдың соңында итальяндық Gucci сән үйін нағыз сенсацияға айналдырған Том Фордтың пікірі бөлек. Ол «Стиль – өзгеше дүние. Сіз ақшасыз да керемет стильге ие бола аласыз» дейді.

XX ғасырда кеңінен етек жайған сән әлемі – көпшілікті толғандыратын сала. Даму деңгейінің жылдамдығы соншалық бүгін трендке айналған өнім, ертең ешкімді қызықтырмауы мүмкін. Сәннен қалмайтындар үшін кей сәтте қажеттілік пен ыңғайлылықтың орнын гардеробта шаң басып жататын брендтік киімдер алмастырады. Сән – таңдау мен талғам. Сән – киім кию мәдениеті.

Сұраныстағы киім үлгісі

Әлемдік сәнгерлердің айтуынша, биыл жайлылық пен үйлесімділікке мән берілуде. Сондай-ақ ұзын белдемше мен костюм немесе кең иықты костюм де 2024 жылдың тренді болады. Ал жазда ашық түсті сарафан көйлектер сәнге айналады. Егер гардеробыңызда жалпақ белбеу болса, сақтауға тырысыңыз. Себебі маусым айында кәдеңізге жарайды.

Трендтегі түстер

Pantone консалтинг компаниясы дәстүр бойынша жылдың басты түсін таңдады. Таңдау «шабдалы мамығы» реңіне түсті. Ішкі тыныштықты, қоғамдастық пен әлеуметтік байланыстың қажеттілігін білдіреді. Компания мамандары адамдарды денсаулық пен ментальді денсаулықтың маңыздылығына баса назар аударып, адам тәжірибесінен сабақ алуға шақырады деп түсіндіруде. Pantone 25 жыл бойы жыл түсін таңдап келеді. Еске салсақ, 2023 жылдың түсі қанық қызыл (Viva Magenta) болды. Шабдалы мамығынан бөлек жасыл түс сәнге енді. Сонымен бірге алтын, ақ, күміс, қызыл түстер адамға жайлы, ал көк түс керісінше сәтсіздікке әкелуі мүмкін. Стилист мамандар мерекелік кешке түрлі түсті тастармен көмкерілген, жылтыр көйлек киюге кеңес береді.

Шаш үлгісі

Шаш – адамның көркі. Дұрыс таңдалған шаш үлгісі кез келген жанның көркін еселей түсетіні анық. Биыл «пикси» шаш қию үлгісі трендте. Пикси – бет пен мойын аймағын айшықтай түсетін, қысқа шаш қию әдісі. Бұл үлгі 1950 жылдары танымал болған.

– Пикси үлгісі шаш көлемі жұқа ханымдарға таптырмас мүмкіндік. Ал бояу техникасына келсек, бразилиялық әдіс сұранысқа айналды. Бразилиялық бояу техникасы – күйдірілген шаштың эффектісі бар, әлемдік сән индустриясының жетекші үрдісі. Техника күн сәулесінің ойнауына байланысты кескіннің максималды табиғилығына қол жеткізуге мүмкіндік береді. Осылайша боялған шаш көлемді көрінеді, – деді сән маманы Шәмшәгүл Абайқызы.

Трендтің жыры бір бөлек, брендтік өнім бір төбе, ал қыз-келіншектердің сұранысы мен талғамы әртүрлі. Тұтынушының сұранысына сай сән әлемінің мамандары да семинар, тренингтерге қатысып, біліктілігін арттырады.

Сән – мәдени өзгерістің көрінісі. Әйелдер тұтынушы ретінде индустриядағы стиль мен трендтің қалыптасуында басты рөл атқарады.

Әлия ТӘЖІБАЙ

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!