Сурет: ашық дереккөзден алынды
Көшпелі өмір салтын ұстанған халқымыздың тұрмыс-тіршілігі табиғатпен тығыз байланысты болған. Сол себепті, ата-бабаларымыз табиғат сырын терең түсініп, ауа райын алдын ала болжай білген. Халық арасында «Сәуір болмай, тәуір болмас» деген сөз бар. Бұл сөздің мағынасы сәуір айындағы құбылыстарға келіп тіреледі. Сәуірдің мәнмағынасы мен ерекшелігі мұнымен шектеліп қалмайды.
Сәуір айы XXI ғасырға дейін көкек айы деп аталып келген. Бұл атаудың себебі – көктемнің бір белгісі саналатын көкек құсының шақыра бастайтын уақытымен тұспа-тұс келуі. Сәуір айында, ескіше көкек айында көкектің үні ерекше байқалады. Кейін халық танымында көкек – өз атын өзі шақыратын ұшқалақ құс ретінде жағымсыз сипатқа ие болып, ай атауы сәуір деп өзгертілген. Алайда қазақтың ұлы ғалымы, шығыстану ғылымының «аққан жұлдызы» Шоқан Уәлиханов көкек құсын жағымсыз құс емес, керісінше, киелі құс деп санаған. Яғни, халық арасында көкектің жағымды да жағымсыз тұстары қатар айтылып, пікірталас тудырады.
Ежелде халқымыз сәуір бітпей қыстаудан қозғалмаған. Неге десеңіз, сәуірдің құбылмалылығынан, әлі де болуы мүмкін қар мен суық ызғардан сақтанған көрінеді. Сәуір айының басындағы суық бітпей, жаз шықпайды деседі. Бұл суықтарды халық сәуір амалдарына жатқызады. Бесқонақ – күн күрт суытатын, бес-жеті күндік жауыншашынды кезең. Қызыр қамшысы кезінде найзағай ойнап, жаңбыр жауып, топырақ ылғалданады. Осы амал тұсындағы найзағай жарқылын халық «Қызырдың қамшысы шартылдады, қыс кетті» деп есептеген. Ал тобылғы жарған – қар толық еріген, тобылғының бүршік жарған суық желді кезі. Бұл амал өсімдіктің тамыр жайғанын, алғашқы көк шыға бастағанын білдіреді. Отамалы болса, қыстың соңғы зәрі шығатын боранды уақыт.
Этнограф Алмахан Мұхамедқалиқызының айтуынша, «Даланың данышпандары» атанған қазақтар сәуір айын амалдап өткізеді. Сәуір айы төрт түлік малдың төлдейтін уақыты, көктің шығатын уақыты. «Сәуірде сайран салмай, айран болмайды» дейді. Сондықтан да сәуір айына қазақ аса мән берген. Яғни, «сәуір болмай, тәуір болмас» тіркесі сәуірдің суығы өтпей, қазақтың көңілі жайланбағанын білдіреді. Бұған тағы бір дәлел ақиық ақын Мұқағалидың мына өлең жолдары болмақ: «Сәуір айы – малшыға сарыуайым, малмен бірге бағады ауа райын…». Жуанның жіңішкеріп, жіңішкенің үзілер осы кезеңінде қазақ жұт болады деп ырымдап, мал соймаған, қан шығармаған. Сәуір айының тағы бір ерекшелігі – бұл айда жауған жаңбыр суы ең таза су деп саналады. Наным-сенімдерге сүйенсек, сәуір жаңбырына суланған киім шірімейді, шашқа тисе, жақсы өседі, ал бұл суды ішсе ауруларына шипа болады деседі. «Тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйіні бар» демекші, шынында да, сәуір – қазақ ежелден-ақ айрықша әспеттеген, орны ерекше ай. Көктемнің жүрегі саналатын бұл айды мен де өзге айлардан ерекше жақсы көріп, асыға күтемін. Ендеше, табиғаты құбылмалы, қасиеті мол сәуіріміз баршамызға құт пен береке әкелсін!
Еркін НҰРЫМ,
11-сынып оқушысы,
Жамбыл облысы
Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!