Әр бала ерекше. Дегенмен олардың қабілетін ерте жастан дамыту – болашақта жан-жақты тұлға болып қалыптасуына негіз болады.
Солардың бірі – 8 жасар Алдияр Әріп. Ол Серғали Толыбеков атындағы 3 ІТ мектеп-лицейінің 3-сынып оқушысы. Алдиярдың күнделікті жұмысы тек оқумен шектелмейді. Кейіпкеріміз үздік оқушы, шығармашылыққа жаны құмар, спортқа бейімі бар дарынды бала. Ермексаздан мүсін жасап, сурет салып, теннис пен таэквондоға қатысады. Ал бос уақытында достарымен ойнап, табиғат аясында серуендегенді ұнатады. Оның жан-жақты дамуы жақындарының қолдауының нәтижесі десек қателеспейміз. Жас кейіпкеріміздің шығармашылыққа толы әлемі мен спорттағы жетістіктері жайлы білу толық білу үшін анасы Әсем Нұржановамен байланысқа шықтық.
Әңгіме барысында Әсем Бақытқызы Алдиярдың бір күні қалай өтетіні туралы айтып берді.
– Балам аптасына үш рет тенниске, тағы үш мәрте сурет үйірмесіне қатысады. Сабақтан бос уақытында ермексаздан мүсіндер жасаумен айналысып, достарымен аулада футбол ойнағанды ұнатады. Мұның барлығы оған ұнайды, ерекше қуаныш сыйлайды. Сол үшін шаршамай, керісінше жігерленеді. Таэквондо бойынша түрлі байқауда жүлделі орын иеленіп жүр, ал жуырда Ташкентте өтетін халықаралық жарысқа қатысады. Қазір қарқынды дайындық үстінде.
Алдиярдың бойындағы шығармашылық дарыны мен қарапайым затқа креативті көзқараспен қарауы – оның басты ерекшелігі деп ойлаймын. Әр жетістігі, салған суреттері мен мүсіндері бізді үнемі қуантады. Біз қызығушылығын қолдап, одан әрі дамытуға ұмтыламыз, – деді ол.
Жас кейіпкеріміз түрлі тақырыпта сурет салғанды ұнатады. Алғашында атақты суретшілердің туындыларымен танысып, қолын шынықтырған.
– Сурет салу маған ерекше ұнайды. Әсіресе жан-жануарларды, мультфильм кейіпкерлерін және табиғатты бейнелеймін. Сонымен қатар Матис, Моне, Леонардо да Винчи, Пикассо, Сальвадор Дали сияқты атақты суретшілердің туындыларын салып, шеберлігімді жетілдіруге тырысамын, – дейді Алдияр өз шығармашылығы жайлы әңгімелегенде.
Шығармашыл баланың тағы бір қызығушылығы – ермексаздан мүсін жасау. Өзіне ұнайтын кейіпкерлердің әр деталіне мән беріп, көзі, қолы мен шашына дейін тиянақты әзірлейді. Кейіпкерлерден бөлек қиялына да ерік беріп, түрлі пішіндер жасайды. Ал идея ермексазбен жұмыс істегенде келеді екен.
– Барлық туындымды ұнатамын. Әрбір жұмысымның орны ерекше. Ал идеялар көбіне жұмыс барысында келеді. Шабытым сол сәттегі көңіл-күйіме байланысты десем қателеспеймін, – деп жауап берді ол.
Тенниске қызығушылығы қалай оянғанын сұрағанымызда, Алдияр бұл спортпен айналысуының өзіндік тарихы бар екенін айтты. Оның айтуынша, ата-анасы жаңа үйірмелер мен секцияларға апарып, баласының жаңа нәрселерді байқап көруіне мүмкіндік береді екен.
– Бірде әкем бізді «Нұрсәт» теннис орталығына апарды. Үлкен корттағы балалардың әсерлі ойындары мен техникалары маған қатты ұнады. Сол сәттен бастап тенниске деген қызығушылығым артты, – деп еске алды.
Таэквондода «Двит-чаги» деген техника бар. Бұл Алдиярдың сүйікті қимылы екен.
– Маған «Двит-чаги» ұнайды. Бұл денеден немесе бастан тебу техникасы. Таэквондода есте қалған сәттер өте көп. Солардың бірі алғашқы жарыстарым. Қарсыласымды жеңген сәттегі қуанышым әлі есімде, – деп толықтырды әңгімесін.
Бүгінде әр баланың қызығушылы әртүрлі. Бірі спортқа, бірі өнерге жақын, кішкентай болса да ғылымға бет бұрғандар да бар. Әсем Нұржанова баласының жан-жақты болып өскеніне ата-әжесінің арқасында дейді.
– Баламыздың жан-жақты болып, түрлі бағытқа қызығушылығының болуына отбасымыздың үлкендерінің үлесі зор. Атасы мен әжесі әрдайым немерелерінің бойындағы адами құндылықтардың қалыптасуына ерекше мән береді. Үлкендеріміз де қазақ ақындарының өлеңдерін оқып, түрлі бата жатқа біледі, – деді анасы.
Алдиярдың анасы ата-әжесімен жақындығын атап өтті. «Сен үшін мықты адам деген кім?» деген сауалымызға «Мен үшін мықты адам − ол жан-жақты, ақылды, сабырлы, талантты адам. Ол − менің атам» деп жауап берді.
Демалыс күнін бізге арнап, жұмыстарын таныстырған балақайға сұхбат соңында түрлі сұрақ қойдық. Жасы 8-де болса да болашағына сенімі мол азамат ретінде нық жауап берді. Алдияр халықаралық суретшілер сайысына қатысуды армандайды екен. Ал болашақта «атақты суретші болғым келеді. Жаңа жылды ерекше күтемін. Себебі 30 желтоқсан менің туған күнім. Бұл күні көп сыйлық аламын, жақсы тілектер айтылады, қуанышты күйде боламын» деді.
Ойын баласының түрлі бағытты бірге алып жүргені қуантады. «Жас келсе – іске» деген осы болар.
Інжу МАРЖАН
Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!