Сізге адамдарға «жоқ» деп жауап қайтару қиын ба? Жеке өмір мен жұмыстың, отбасылық қарым-қатынас пен күнделікті тіршіліктің арасында өзіңізді таппай қалдыңыз ба? Жоспарларыңыз да, алға қойған мақсаттарыңыз да бар, бірақ дәл қазіргі сәтте қалаған дүниеңізді жасауға, сүйікті фильмді көруге немесе жалғыз қалуға уақытыңыз болмай жүр ме? Осындай хаоспен күресуге көмектесетін жалғыз құрал – жеке шекараны білу және қорғай алу.

Психологиядағы мәні

 Жеке шекара немесе жеке кеңістік – адамның өзімен, айналасындағы адамдармен қарым-қатынасындағы жеке принциптерін, құқығын, тұлға ретінде «менін» бағалауы. Әр адам психоэмоциональды тұрғыдан ғана емес, физикалық тұрғыдан да жеке шекарасын сақтай білуі тиіс.

Өз «меніңізге» қараңыз. Сол ғана эмоцияңызды, қалауыңызды, ойыңызды анықтайды, қауіпсіздігіңізді қамтамасыз етеді. Яғни, жұрттың бәрі біле бермейтін, естімейтін «ішкі» даусыңыз  – сіздің меніңіз. Жеке шекараның бұзылуының кең таралған түрлері:

– адамнан ақыл, кеңес сұрамасаң да, ақылын үйіп-төгуі;

– жеке телефоныңдағы чаттарды рұқсатсыз оқуы;

– басқа адамның міндеттерін ойланбастан өз мойныңа алу.

Балаларда жеке шекара бола ма?

Балалар бір жасқа келгенде өзінің қолы мен басқа адамның қолын ажырата алатын болады. Осы кезден бастап балалар жеке кеңістікті қабылдай бастайды. Баланың жеке күн тәртібінің болуы, ата-анасы, отбасымен қарым-қатынасынан бөлек уақытының болуы, жеке бөлмесі, жеке телефонының болуы – балалардағы жеке шекараның құрылу белгілері. Егер сіз бір рет болсын осындай әрекеттерге барсаңыз, балаңыздың жеке шекарасын бұздыңыз:

– баланың рұқсатынсыз телефонын ақтару, чаттарды оқу;

–  баланың бөлмесінің есігін қақпай кіру;

– баланың киім алуға, жеке заттарды сатып алуға қатысты пікірін, қалауын көзге ілмеу.

Еркіндік керек

Кішкентай баланың бойындағы дарынын анықтау үшін оған еркіндік беру керек, оның жеке шекарасын сақтау қажет. Еркін өскен бала өз қалауын орындайды, өз ойын ашық айтады, өзіне не керегін нақты білетін болады. Сондықтан өзі қалаған ойынды ойнайды, іс-әрекетті жасайды.Мысалы, бір бала музыканың дауысын естісе, ыңылдап не би билеп кетуі мүмкін, бір бала физикалық түрде бір сәтке болсын тыншымай, секіріп, жүгіріп жүреді, ал енді бір бала тыныш қана сурет салуды, үйдің суретін салуды жақсы көруі мүмкін.Осындай детальді сәттерде баланың дарынын бақылап, әрі қарай қабілетінің ашылып, дамуына жол сілтеуге болады.

Ал сіз балаңызға отырма, жүгірме, қозғалма, үндеме деп тыйым сала берсеңіз не болмақ? Әрине, ондай қысымда өскен бала өз ойын ашық айта алмайды, өзі қалайтын нәрсені жасауға қорқады да, іштей тынып жүре береді. Дарынын байқатпай, сіз байқамай, осы маңызды сәттерге өзіңіз тыйым салатын боласыз.Сондықтан, ұмытпаңыз, еркіндік – тұлға болудың кілті.

PS. Сіз жеке шекараңызды қорғай білмесеңіз, өзгелердің өмірін сүресіз. Ал барлық адамды өмірді бір рет қана сүретінін білетін боларсыз? Бірінші рет өмір сүріп жатқан адам үшін қателесуге, адамдарға жоқ деуге де болады. Ең бастысы – өзің қалағандай өмірді сүріп үйрену.

Нұрсила Қуанышқызы,

психолог

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!