Шетелден келетін көліктердің саны елімізде едәуір артқан. Биыл елімізге 744,6 млн долларға 50 мыңға жуық жеңіл автокөлік импортталған. Әкелінген автокөліктер саны былтырғы жылмен салыстырғанда 18,3%, бағасы 20,2% өскен. Сырттан келген көліктердің басым бөлігі  Ресей,  Армения  және Грузияға тиесілі. Дегенмен соңғы күндері шетелден тасымалданатын тұлпарды тізгіндеу күрделі мәселеге айналды.  Шекара асып, жылы жаңа көліктерді алуға бола ма, қандай кедергілер барын тарқатып көрсек.

Auto-raу компаниясы батыс еуропадан көлік тасымалдайтын қызметті іске қосқанына 3 жыл болған. Компанияның негізін қалаушы Айдос Жүнісов шетелдік автокөліктерді тасымалдауда қиындықтар барын алға тартты.

– Бүгінде елімізге Армения, Грузия, Ресей, Қырғызстан секілді 3-4 елден ғана көліктер тасымалданып жатыр. Қазір Грузиядан Қазақстанға жылы жаңа, тартымды дизайнмен Toyota-ның соңғы үлгілерін тасымалдап жүрміз. Өйткені Toyota-ға сұраныс өте көп. Армения мен Ресейден де бір кездері алып келдік. Бірақ бір кедергісі, аталған екі мемлекеттің автокөліктерін заң аясында қазақстандық нөмірлерге рәсімдей алмаймыз. Еліміз көлік бағасы бойынша алдыңғы қатарда. Бірнеше мемлекетте болдық. Бір ғана мысал, Грузияда көлік бағасы Қазақстанға қарағанда 50 тіпті 70 пайызға арзан. Қалтаға қонымды болған соң, ол жақтағы халықтың дені жаңа көліктерді тізгіндейді. Еліміздегідей тозығы жеткен автокөліктер Грузияда жоқтың қасы. Біздің елде не себепті тұлпардың бағасы қымбат екенін түсіндіріп кетейін. Мысалы, шамамен келтірейін. Kia Morning маркалы көліктің 2018 жылғы, бар-жоғы 11000 шақырым «шапқан» шағын тұлпарды 5000$ алдық (біздің бағамен 2 110 000 тг), жөнелту құны 1700$ (717 000 теңге), жиыны Алматыға 8500$ (3 587 000 тг) келіп тоқтайды. Қызықтың бәрі елге келген соң басталады. Майда-шүйде шығындары есте қалмайды, бастыларына тоқталайын. Келген бойда 710 000 тг кедендік алым үшін брокерге береміз, ол көлікті рәсімдеп береді. Euro 5 стандартына сәйкес келетінін дәлелдейтін сәйкестік сертификатын алу қажет. Оған жаңылыспасам, 200 000 теңге шығындалу қажет. Енді ХҚКО-ға барып, нөмір алу үшін «утильсбор» төлеу керек. Қозғалтқыш көлемі 1 литрден аспайтын жап-жаңа көлігім үшін 438 000 тг «утилизациялық алым» төлеуге мәжбүр боламыз. Одан кейін көлік тіркеуге кірісу қажет. Жаңа көлікке қосымша 71000 теңге төлеп, нөмір мен техпаспортқа мемлекеттік алым (12000 тг) тағы төлейсіз. Сонда 2 110 000 теңгеге келген кішкентай көлікті Қазақстанда рәсімдеу үшін тағы қосымша 1 477 000 тг төлейсіз. Оның 797 000 теңгесі кеден, қаржы министрлігі секілді мемлекеттік органдарға төленген қаражат болса, қалған 680 000 теңгесі мемлекет қолдан лобби жасап отырған жеке компаниялардың есебіне кететін қаражат. Қарапайым тілмен айтатын болсақ, елімізге кіргізу үшін құжат рәсімдеуге бір көліктің бағасы кетеді.

 Көлік сатумен айналысқандықтан, көбіне Еуропадағы мемлекеттердің жүйесін қараймын. Мысалы, Нидерландыда – 45 еуро (22 680 теңге), Жапонияда – 100-200 доллар ( 42 200- 84 400 теңге аралығы), Ұлыбританияда – 80 еуро ( 40 320 теңге), Германияда – 100 еуро ( 50 400 теңге). Біздің елде 400 000 – 5 500 000 теңге дейін барады. Көліктің кубы көбейген сайын төленетін жарнасы да соған сай ұлғая береді.

Қараша айында ресейлік нөмірмен жүрген жүргізушілер көліктерінен әп-сәтте айырылып қала жаздады. Қазақстанға көрші Ресейден 280 мың көлік кіргізілсе, соның 88 мыңы тіркеуде жоқ. Тіркеуде болмаған тұлпарлар айыптұраққа қамауға алу тәртібі енгізілді. Хош, сонымен жаңа тәртіптің енгізілуіне автокөлік иелері неге қарсы? Мұны өздерінен сұрап көруді жөн санадық. 10 жылдық жүргізушілік тәжірибесі бар Қаныш Алданыштың пікірінше, барлық мәселе баға мен сапада болса керек. Ол барлық азаматтардың бірдей Қазақстанда жинақталатын темір тұлпарды сатып алуға қалтасы көтермейтінін, сол себепті жылжымалы мүлікті сырттан алуға тура келетінін айтады.

– Ресей мен Арменияны мысалға алайық. Былай қарасақ, аталған елдерде сатылатын көлік Қазақстанда да бар. Бірақ бағасында айтарлықтай айырмашылық байқалады. Мәселен, қазақстандықтар арасында сұранысқа ие 2007-2008 жылғы көлемі 2,5 литрлік Toyota Camry елімізде 4,8 – 6,2 млн теңге шамасында сатылады. Ал жоғарыдағы елдерде әрі кетсе 2 – 3,5 млн теңгеге табуға болады. Жасыратыны жоқ, шығарылған жылы ескі болғанымен сапасы бізде жинақталатын жаңа көліктерден әлдеқайда жақсы. Қазақстанда құрастырылатын көліктердің бағасы тым қымбат және өзінің құнына татымайды. Жеңілдіктер қарастырылмаған. Сондықтан амалымыз болмай, қалтаға қонымды ресейлік автокөліктерді сатып аламыз. Мысалы, қарапайым халық 700 мың теңгеге жүріске жарамды көлік сатып ала алмайды. Сол себепті Ресей нөміріндегі тұлпарды алуға мәжбүрміз. Жаңа заңды бекітетіні бар шекарадан не үшін ресейлік көліктерді кіргізді екен?!

Аталған мәселе бойынша жол патрульдік полициясына хабарластық. Заң тұрғысында мамандар былай жауап қатты.

Шетелдік оның ішінде мәселеге айналған ресейлік нөмірдегі көліктер мына құжаттармен еркін жүре алады.

• РФ МЖҚИ-да (ГИБДД) тіркелген;

• Қазақстанда сақтандырылған;

• Ресейлік жарамды техбайқау картасы бар.

Ресейде тіркелген көлікті мемлекеттік автоинспекция сайтынан тексеруге болады, ол үшін көлік құралын тіркеу туралы куәліктің нөмірін немесе VIN-кодын енгізу керек. Ресейде тіркелген машинаға заңды түрде иелік ету үшін мына құжаттар керек:

• сатып алу/сату келісімшарты;

• көлік иесінің жарамды сенімхаты;

• көлік құралының төлқұжаты.

Ал ресейлік нөмір таққан көлік қандай жағдайда елімізде жүре алмайды:

• РФ МЖҚИ (ГИБДД) есептен шығарған;

• Ресейде пайдалануға тыйым салынған: қозғалуына тыйым салынған, ұрланған, іздеуде жүрген.

Машина есептен алынған болса не істеу керек?

Есептен алынған көлік Қазақстанда тіркелуге тиіс. Оған қойылатын талаптар:

• рөлі сол жақта;

• Еуро-4 стандартына сай;

• ABS жүйесі бар;

• жүргізушінің қауіпсіздік жастығы орнатылған;

• балалар орындығын орнатуға арналған ISOFIX жүйесі бар;

• күндізгі жарық шамдары болуы тиіс.

Ресейден әкелінген көлікті кедендік тірекеуден өткізу қажет емес, бірақ Қазақстанда есепке қою үшін утилизациялық алым мен бастапқы тіркеу сомасын төлеуге тура келеді. Ресейде пайдалануға тыйым салынған көліктерге қатысты әрбір істі Қазақстан полициясы жеке-жеке қарастырады.

ҚР ІІМ ресейлік нөмір таққан көлік иелеріне тіпті тіркеуі мен құжатында еш мәселе жоқ машиналар да біздің елде бір жылға дейін ғана жүре алатынын ескертті. Бір жылдан кейін көлікті кемінде бір айға елден шығару керек, содан кейін Қазақстанда жүргізуін жалғастыра алады.

Расында елімізде көлік бағасы аспандап тұр. Шетелдік нарықта темір тұлпардың құны біздің елден арзан екенін сарапшылардан білдік. Дегенмен елге кіргізуде жөнсіз өтемақылар бағаны шарықтатуда. Ал ресейлік нөмірдегі көліктердің болашағы бұлыңғыр…

Ерасыл ШӘРІБЕК

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!