Өрім-өрім болып ауылда жүрмін. Ешкім сынамайды. Қаладағыдай тосырқау жоқ. Өтпіскі еді ғой. Мұнда «ее, сен демалысқа келіпсің, түске дейін ұйқыңды қандыр, ақұдай» дейтін бір пенде болсашы. Кіші ағам Бақытбек «Ежөк, қорадағы екі жыл аударылмаған қи бар. Сосын былтырғы сыпырықты қосып шығарып тастай ғой» деді де, өзі ізім-қайым жоғалды. Екі жылдан бері айыр ұстамаған қол әп-сәтте күлдіреп шыға келді…
Елден көрген бір оқиға еді ғой бұл. Ауылдан Қазалыға «пазик» автобуспен шоқытып келеміз. Әсә ма, Жәгөр ме, қай шофер екенін кім біліпті, әйтеуір, ауданға жақындағанда, балалы әйел қол көтерді. Салдыр-гүлдір етіп бізде тоқтай қалдық. Баласымен жүгіре жеткен келіншек «сәлем бердікті» бір ызғытты да, «Кәрмәкістің автобусы ма» деп салды. Иә дестік. Айтпақшы, Кәрмәкіс-Карл Маркс. Қазіргі Бекарыстан би ауылы. Содан әлгі келіншек сөйлей бастады.
– Ауылдан Нұргүл тәте ақша беріп жіберу керек еді? – деді шоферға.
– Қандай Нұргүл?
– Сол сіздің ауылдағы.
– Ол қайсысы тағы? Кімнің қатыны? Енді ана келіншек састы. Соған қарағанда қайынаға не атасы болу керек. Дереу ұлына қарап:
– Тәкөнай, ақ көкеңнің атын айта қойшы. 3-4 жастағы бала қапелімде не айтсын?! Көзі бағжаң етті де, желбіреген танауын зырқ еткізіп бір тартып қойды. Демек, ақ көкесі қайнаға болды.
– Әй, айтсай. Шешесі ашуланғанмен жанындағы бала ұмытқан болу керек. Ышқырын бір көтергені болмаса, үндемеді. Енді автобустағылар шулай бастады.
– Әй, айта берші, атаң болсын, қайнағаң болсын! Нәті мықты екен мына келіннің. Айтпады. Шофер қасарысып ол тұр.
– Кім ол? Келіншектің мұрны терши бастады. Сонда да қайнағаның атын атамай тұр. Енді автобустың ішіндегі бір топ қатын жұмбақты табуға кірісті. Ананы айтты, мынаны айтты.
– Тұқымың көбейгір, Баубектің үйіндегі ме Нұргүлің?
– Иә, – деп қалды қатты қуанған келіншек.
– Байғұс-ай, қайнағаның атын айтпаймын деп, ақшадан айрыла жаздадың ау…
– Өйй, – деп бір шырт түкірді шофер да. Ақшасын беріп, біз де жөнелдік. Қайын жұртын қадірлей білетін келіннің қазақта болғанына шүкір дедім іштей.
Ержан ҚОЖАС
Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!