Аянға інісінің түнделеткен суыт жүрісі ұнамай-ақ қойды. Ұялы телефонындағы сағатқа қараса, түнгі 03:00-ді көрсетіп тұр екен. Ауыл түні жым-жырт. Даладағы сәкіде жатқан Аянның ойы сан-саққа жүгіруде. Інісі Мақсат тоғызыншы сыныптан кейін үйіндегілердің ешқайсысына құлақ аспай, колледжге оқуға түскен. Студент атанғалы түнгі жүрісі де көбейді. Анда-санда сыралатып, әркіммен жұдырықтасып келетін болып жүр. Ішінен «мына өтпелі кезеңнен өтемін дегенше аман-есен жүрсе болар еді» деп күрсініп, Мақсатқа телефон шалмақ болды. Осы сәтте дарбазаның есігі сықыр етіп, Мақсат кіріп келді. Келе сала даладағы сусебізгіге кіріп кетті.

Мақсат бүгін де Сәния үшін бұрынғы сыныптасы Бағдатпен төбелесіп қалды. Бағдат Аянның көңіл қосып жүрген қызы Сәнияның соңынан жүгіруін қояр емес. Соны ескертемін деген ерегістің соңы қып-қызыл төбелес болды.

Мақсат ауылдың ең көркем, алайда мінезі шартпа-шұрт жігіті. Он алты жастан енді асқан бозбаланың арманы да асқақ. Бүгінгі күні колледжде құқықтану мамандығының екінші курсында оқып жүр. Сәниямен қыз-жігіт болып кездесіп жүргеніне де жылға жуықтады. Болашақ үздік заңгер, білікті тергеуші болу  мақсаты. Бар арманы ағасы Аянды жарымжан күйге түсірген қылмыскерді құрықтау.

Таңертең Аян Мақсаттың көгерген жүзін көріп, ашуға булықты.

– Тағы не үшін төбелестің? Кіммен?

– Жай жігіттермен сөзге келіп… Мақсат міңгірлей жауап берді.

– Осылай жүріп, ұрынасың бәлеге! Жайыңмен тыныш жүр, ата-анамызды жерге қаратпа! – деді Аян.

Аянның алаңдайтындай жөні бар. Інісі өзінің кебін кие ме деп қорқады. Албырт кезде, жадына жара салған оқиға өшпестей із қалдырған.Ол ойша өткен өміріне оралды.

Адасқандар

Ол кезде Аян заң университетін бітіріп, ауылға учаскелік полиция қызметкері болып жұмысқа енді орналасқан еді. Мейірбан Аянды ауыл полициясының қызметі өзгертіп жіберді. Адамдарға астамси қарап, менсінбеушілік танытуды шығарды. Бұл әрекеті бірінші кезекте сыныптастары Арман мен Алтынбектың ашуына тиді. Олар да ауылдың «өзінше» жігіттері еді. Тек айырмашылығы, олар Аянға ұқсап жоғарғы білім алмады, ауылдың қарапайым тіршілігімен, анда-санда ішімдікпен алданып, күндерін өткізіп жүр. 

Арман Алтынбекке ой тастады.

– Бұл ойыма қалай қарайсың? Бір рет сауда айналымын жасасақ, байып шыға келеміз. Одан кейін қайтадан айналыспаймыз. Полициясымақ Аянға көз жасыңды бір сығып жіберсең, көз жұма салады.

– Сен дұрыс айтасың, әйтпесе, жиырма бес жасқа келіп, ия дені дұрыс жұмыс, жұрттар сияқты көлігіміз де жоқ, – деді Алтынбек.

«Жұрттар» деп меңзеп тұрғаны Аян болатын. Мектепті әупірімдеп бітірген олар он бірінші сыныпты алтын белгімен тәмамдап, бүгінде абыройы шарықтап, ауылдың білдей полициясы болған Аянды көре алмайтын еді.

Бір сағатқа жуық екеуінің талқылап отырғаны, қарасора егу еді. Арман құда баласының шексіз байлығына қызығып, сыр суыртпағанда, осындай есірткі өсірумен айналысатынын біліп, Алтынбекке ой тастап отырған беті.

Олар сол күннен бастап бұл шаруаны мықтап қолға алды. Мамыр айының басында ауласындағы бақшаны дайындай бастады. Алтынбек пен Арманның үйі бір-біріне жапсарлас, оның үстіне ауылдың шетінде, тоғайға жақын болатын. Олар екі үйдің бақшасына есірткі мен қоса адамдардың назары түспеуі үшін екі қапталына картоп екті. Тамыз айында есірткінің біршама жуығын жинап кептіріп қойды. Осылайша алғашқы саудасын жүргізді.

Сөзден-сөз шығып, Арман мен Алтынбектің шытырлатып ақша санап жүргені Аянның құлағына тиді. Ол мұның астарында шикілік барын сезді. Сезді де, ауыл шетіне қарай аяңдады. Алтынбектің үйіне келсе, олар Арманның бақшасында бүкшеңдеп, жұмыс жасап жүр екен. Аянды көре сала, екеуі зымырап келді.

– Бұл не жүріс, Аян?

– Қалдарың қалай? Жай, жағдайларынды білейін деп…

– Көріп тұрғандай, жағдайымыз өте керемет! – деді Алтынбек.

– Қашаннан бастап бізді іздей қалғансың, бізге көкірегіңді керіп жүретін едің, Аян, – деп Арман шап ете қалды. Оны Алтынбек тоқтатып үлгерді.

Аян да тістеніп;

– Сендерді байып кетті дей ме, ауыл кішкентай, әңгіме тез тарайды ғой, қай банкті тонадыңдар, – деді зілді әзілмен.

Арман:

– Шаруаң болмасын, қылмыскерлеріңмен бізді шатастырма.

Осымен әңгіме бітті. Аян жол бойы ойланумен болды. Қазанның қақпағы жылы жабылып тұрар ма еді, кім білсін?!

Кешкілік көше бойынан ащы айқай естілді. Аян далаға жүгіре шықты. Шыңғырып, жүгіріп келе жатқан Саматтың 10 жасар қызы екен. Бар дауысымен «Аян ағай, үйге жүріңізші, папам қолында балта, мамамды өлтіргісі келіп жүр» деді. Аян қыздың ізінен жүгіре басып, көшенің арғы бетіндегі Саматтың үйіне барды. Барса, Самат әйелінің соңынан балтамен қуалап жүр екен. Аян: «Самат, таста балтаны, қой, ақылға кел!»…  Саматтың құлақ асатын түрі жоқ. Аян Саматпен алыса кетті. Қарулы жігіт демде Саматтың қолын артқа қайырып, арқанмен байлап тастады. Жұмыс көлігіне салып, қалаға алып кетті. Ішімдік ішкен дейін десе, иісі шықпайды. Не де болса, күдікті. Наркологиялық диспансерден Саматтың есірткі тұтынғаны анықталды.

Аядай ғана ауылдан есірткіні қайдан алуы мүмкін деген ой Аянды жегідей жеді. Саматтың үстінен қылмыстық іс қозғалып, айыппұл төледі.

Саматты «есірткіні қайдан алдың» деп сұрақтың астына алғанымен, онысынан түк шықпады. Самат «базардағы бейтаныс кісіден алдым» дегенінен танбады. Саматтың әуселесімен жүргенде, бұл кезде Арман мен Алтынбектің саудасы дүркіреп тұрған еді. Жақын маңдағы ауылдар мен қалада саудасы жүріп, екеуі арманындағы көлікке қол жеткізді. Демнің арасында байып шыға келді. Бірақ бұл есепсіз ақшаның соңы бір отбасының күлін көкке ұшыратынын ешкім білмеді…

Қателік

Бұрын ішімдік ішсе де, ақылын ішпейтін Самат жұмысынан қол үзе қоймайтын. Бұл күнде есірткіге дәнігіп алды. Арманның қыр соңынан қалмай, айтқанының бәріне құлдық ұрып, есірткі алмайынша тыным таппайтын болды. Аянның қатаң бақылауына түскен ол тек түн жарымында Арманнан керекті дозасын алып, басқа әлемде жүретін.

Ал Арман мен Алтынбектің көлік алғаны Аянның күдігін қоюлата түсті. Неге екенін білмейді, бірақ адал табыс емес екенін сезеді. Көп ойланғанша, тексерейін деп, түнделетіп аулаларына келді. Алыстан адам сұлбасын көріп, талдың артына жасырынып үлгерді. Бағамдаса, үркіп, жан-жағына алаңдап келе жатқан Самат екен. Оған заң бойынша 22:00-ден кейін үйінен шығуға тыйым салынған. Тап беріп, айқайламақ болды да, өзін бір жіптің ұшын ұстағанын түсініп, артынан аңдуды ұйғарды.

Соңынан ақырындап жүріп отырды. Самат ауылдағы көл жағасына жақындай бергенде, алдынан үш адам жүгіріп шықты. Дауыстарынан таныды. Ауылдың өрімдей жігіттері. Олар отыра қалып, шегуге кірісті. Сонда ғана Аян Саматтың есірткіні қайдан және кімнен алып жүргенін ұқты. Бұларға сөз ұқтыра алмасын біліп, Арман мен Алтынбектің үйіне қарай барды. Есірткі саудасының жазасы ауыр екенін, жас өмірлерін қор қылмауын түсіндірмек болды. Қаншама текетірессе де сыныптастарын түрмеге қимады. Оларға үміт артып отырған ата-анасын ойлады. Ауыл адамдарының тыныштығын бұзбайын деп, мемлекетке берген антын бұзды.

Арман мен Алтынбек түнделетіп бақшада жүр екен. Аян оларға көргенінің бірін қалдырмай айтып, ауыл жастарын бұзбауға, адал жолмен нан табуға шақырды. Екеуі түсінгендей болып, Аянға үйіп-төгіп уәде беріп, шығарып салды. Олар ол кезде аулаларындағы барлық «арам шөптерді» жинап қойған еді.

Талқандалған тағдырлар

Самат сол күні есірткіні көп пайдаланды. Осылайша үйіне тәлтіректеп әрең келе жатыр. Сол сәтте жалғызбасты көрші келіншектің амандасқан дауысын естіді. Дауысы нәпсіқұмарлығын оятты. Ізінше үйіне кіріп барды. Көршінің үйінде екі он жасқа толмаған баласы, әйел түпкі бөлмеде екен. Самат асханадан пышақ алып, екі баланы жайратып салды. Балаларының айқайынан жүгіре шыққан келіншекке тап берді. Оған да шімірікпестен пышақ сұғып алды. Қақ жүректен тиген пышақ жарақатынан әйел тіл тартпай өліп кетті. Самат өлікке бірер минут қарап отырып, арам ойын іске асырды. Сөйтті де, сол жерде ұйқыға басты.

Таңертеңгілік жантүршіктірерлік қылмыс елді аяғынан тік тұрғызды.Саматтың қылмысын алғаш көрген сол үйдегі сегіз жасар қыздың сыныптасы Айым болды. Дірілдеп, анасына айтып барды. Ол Аянға хабар берді. Ел естімеген қылмыс ауылды дүрліктірді. Қылмыс орын алған үйге ауыл адамдары жиналып қалды. Аян жедел топты шақыртып, Саматты бұлтартпас дәлелдермен тұтқындап, уақытша қамау орнына тапсырды.

Шытырман оқиғадан есеңгіреп, кешкілік қаладан келе жатқан Аян Арманның көлігін көзі шалып қалды. Соңынан көлігінің жылдамдығын арттырып қуып жетті. Машинадан түсе сала, Арманның жағасына жармасты. Екеуі сол жерде алыса кетті. Аян «сендердің кесірлеріңнен қаншама өмір қыршын қиылды, неге саттыңдар есірткі», – деді ышқынып. Аянды бұрыннан суқаны сүймейтін Арман құлақ асып жатқан жоқ. Төбелестен екеуі қан-жоса болды. Бір кезде Арманның көзі жерде жатқан ұзын шегеге түсті. Ол жалма-жан шегені қолына іліп алды да, Аянды жығып жіберіп, қақ төбеге салып жіберді. Аян не болғанын түсініп үлгерем дегенше, Арман машинасына мініп қаша жөнелді.

Бір күнде кішкентай ауылда екі ірі қылмыс орын алды. Аянды кездейсоқ бейтаныс адам ауруханаға жеткізді. Ұзақ емнен соң миына зақым келген өрімдей жігіт бір қол, бір аяғы жансызданып мүгедекке айналды.

Жедел іздестіру тобы құрылып, ауылдың тынышы қашты. Криминалды полиция басқармасының аға жедел уәкілі, полиция подполковнигі Ермек Асқарұлы мен жедел уәкіл, полиция капитаны Мақсат Алданышұлы қылмыстың түп-тамырын тергеуге кірісті. Тергеу барысында Саматтың есірткі қолданғаны, есірткіні кімнен алғаны әшкере болды. Арман мен Алтынбек те құрықталды. Олардың ауласынан табылған кептірілген есірткі заты тәркіленіп, жойылуға жіберілді.

Самат сот үкімімен ауыр қылмыс жасағаны үшін түпкiлiктi 19 жылға бас бостандығынан айырылды.

Ал Алтынбек пен Арман өсіруге тыйым салынған сора өсімдігін заңсыз егіп өсіріп, арнайы кептіріп, аса ірі мөлшерде өткізу мақсатында сақтағаны үшін Қызылорда облысының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотының үкімімен кінәлі деп танылып, мүлкі тәркіленіп, түпкiлiктi 11 жылға түрмеге қамалды.

Ал Аян қанша менмен болса да, қылмыскерді көрген жоқпын дегенінен танбады. Есірткімен тұтылғаны жетер, түрмедегі жылдарын көбейтпейін деді.

Бауырлық түйсік

Он жылдан астам уақыт өтсе де Аян жазылмады. Бүгінге дейін өзін мұндай күйге түсірген адам туралы тісінен шығарған емес. Барлық қорқынышы інісі Мақсаттың өзі секілді ойсыз төбелестен жапа шегіп қалмауын тілейді. Бірақ «бір айналдырғанды шыр айналдырады», «неден қашсаң, соған жолығасың» деп бекер айтпаған ғой қазақта.

Ал Мақсат ес білгелі жалғыз бауырын осындай күйге түсірген қылмыскерді қайтсем де тауып, жазасын беремін деген мақсат қойғаны өзіне аян.

Түрмеден үлгілі тәртібі үшін ерте босап келген Арман мен Алтынбек бүгінгі күні өткен іске қатты өкінеді. Барлық қылмыс ақшаны арам жолмен тапқаннан болғанын ұқты. Арман түрмедегі жылдар ішінде Аянға жасаған опасыздығын ойламаған күні жоқ. Ауылға келген бойда Аянның үйіне жол тартты. Аянның аяғына жығылып, жанына маза бермеген кінәсі үшін өксіп тұрып кешірім сұрады. Осының бәрін басқа бөлмеде тұрған Мақсат естіп, қылмыскердің кім екенін түсінді.

 Кекшілдіктің ақыры

Әдеттегідей кешкілік Мақсат көшеге шықты. Жан досы Рүстемге Арманды үйінен шақырып беруін, үлкен арық бойындағы көпірде күтетінін айтты. Күткен Арман да келді. Ірі денелі жігіт түрмеден азып-тозып шыққан Арманды төмпештей жөнелді.

Екеудің төбелесін алыстан байқаған Бағдат жүгіре жетті. Сөздерінен ұққаны, Аянды мүгедек қылған, ауылдың тоз-тозын шығарған Арман екен. Мақсаттан Арманды арашаламақ болды. Бірақ Мақсатты Арманнан ажырату оңай болмады. Арман бұқпантайлап қашқысы келеді, оған Мақсат жол берер емес. Бір кезде Бағдат абайсызда Мақсатты қатты итеріп жіберді. Мақсат көпірден құлады. Жай құлап қана қойған жоқ, шалқасынан істік темірге қадалды.

Мақсат жедел жәрдеммен аурухананың жан сақтау бөліміне жеткізілді. Екі күннен соң есін жиған Мақсат тергеушіге өзін итеріп жіберген Арман деп жалған айтты.

Бұл жердегі шикілікті сезген Аян інісінен шындықты айтуын талап етті. Ол абайсызда өзін Бағдат итеріп жібергенін, бірақ Арманның жазалануы тиіс екенін, ағасын мүгедек қылғанын білетінін айтып, көз жасына ерік берді. 

Ауыр жарақат салдарынан төрт күннен кейін Мақсат аурухананың жан сақтау бөлімінде қыршынынан қиылды.

Тергеп-тексеру қайтадан басталды. Арман мен Бағдаттың қолына кісен салынды. Арман тергеуші Болат Елгезековке Мақсатты өзінің итеріп жібергенін айтты. Осылайша бір кездердегі Аянның алдында жасаған күнәсінен арылмақ болды.

Тергеуші де істің оңай жабылатынын ойлап, қылмыстық оқиғаны жіті тексеруге құлықсыз болды. Марқұм Мақсаттың қылмыскердің атын атап, түсін түстеп, ұялы телефонға түсірілген бейнежазбасы мен Арманның мойындауы, қылмыстық істі айыптау қорытындысымен прокуратура арқылы сотқа жолдады. Алайда бұрынғы полиция қызметкері Аян бір кездерде Арман мен Алтынбектің есірткі еккенін біле тұра жасырғанынан қаншама адамның зардап шеккенін түсініп, сот процесі барысында Мақсаттан естіген шындығын жайып салды.

Бағдат та өз кінәсін мойындап, өкініп кешірім сұрады. Ал Арман «мен итердім» дегенінен танған жоқ.

Сот процесі барысында сотталушылардың арасында Мақсатты жарақаттау туралы алдын ала сөз байласу фактісі  орын алмағаны, сотқа дейінгі тергеп-тексеру органы өзінің мойындауы негізінде Мақсатты Арман «итеріп жіберген» деп қате қорытындыға келгені анықталды.

Сотталушы Бағдаттың қылмыстық әрекеті өзінің мойындаған жауабымен қатар жәбірленуші өкілінің жауабымен, сот сараптама қорытындыларымен толық анықталып, дәлелденді.

Қылмыстық іс қайта сараланып, сот Бағдатты кінәлі деп тауып, жәбірленуші тараптың кешірім бергенін, кәмелет жасқа толмағанын, бұрын қылмыс жасамағанын ескеріп, 4 жылға бас бостандығынан айыру жазасын тағайындады.

P&S: Оқиға желісі бірнеше сот үкімдерінен алынды.

Айжан МҰҚТАРҚЫЗЫ,

Қызылорда облысы бойынша

Соттар әкімшісінің баспасөз қызметі

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!