Ою – қазақ халқының ғасырлар бойы қалыптасқан мәдени мұрасы мен рухани байлығының көрінісі. Ол ұлттың бойына сіңген дәстүрін, ғалымдардың философиялық ойын, елдің еркіндікке жету жолын бейнелейтін құрал.

Оюдың әрбір элементінде өзіне тән сыр мен символ бар. Ою-өрнектер халықтың дүниетанымын, табиғатқа деген көзқарасын, өмірге құштарлығын бейнелейді. Олар киім-кешекте, тұрмыстық заттарда, сәулет өнерінде, зергерлік бұйымдарда кеңінен қолданылып, ұлттық бірегейліктің символына айналды. Қазақ ою-өрнегінің тарихы көне заманнан басталады. Алғашқы ою жартас суреттерінде, көне сақ және ғұн қорғандарынан табылған бұйымдарда кездеседі. Көшпелі өмір салты, табиғатпен байланыс ою-өрнектердің қалыптасуына үлкен әсер етті. Халық өздерін қоршаған әлемді, жануарлар мен өсімдіктер, аспан денелерін символ түрінде бейнелеп, олардың халық есінен өшпеуіне ерекше мән берді. Мал шаруашылығы, аңшылық, табиғат құбылыстары – бәрі де ою-өрнектің мазмұнына арқау болған.

Ұлжарқын Әбдіғапбарова «Қазақтың ұлттық ою-өрнектері» атты кітабында әр бұрымның мәнін пайымдайды. Соның бірі – «қошқар мүйіз». Ол еңбегінде: «Қошқар мүйіз – қошқардың мүйізі тәріздес ою. Мал шаруашылығымен айналысқан қазақ халқының көшпелі өмір салтымен байланысты туған. Ол қазақ бұйымдарында түрлі формада кездеседі. Әсіресе киіз үй жасауларының барлық түріне де салып тоқуға болады. Мысалы текеметтің ортасына «қошқар мүйіз», шетіне «тұмар»,«шаршы» немесе «су» оюлары салынады. Мұнысы туған жер төсін толтырған отар-отар қой болсын деген халықтың арман-тілегі» – деп жазған.

«Мүйіз ою» – мүйіз тәрізді өрнектелгендіктен «мүйіз ою» аталуы сөзсіз. Түскиіздің шетіне, көбіне қолтықшасына өрнектеледі. Жерге төселетін текеметке ұдайы осы ою салынып, қолтық деп аталады. Мұнысы, қош келдіңіз, өз үйіңіздей көріп, жантая отырып дем алыңыз деген қонақжайлық белгісі. Александр Македонский: «Қай үйге кірсем де жердегі киіздің бетінен оюдың бір ғана түрін көремін. Сөйтсем мен қазақтың киіз кітабының үстінде дем алып отырған екенмін. Қазақ халқының адамгершілігін күннің мейірімділігімен теңеуге болады екен», – деп айтқаны жөнінде аңыз да бар. Бұл да қазақшылықтың кішіреймес ізгілігінің бейнесі.

Иә, қойдың белін буып, киіздің кескінін келтіретін заман өтті. Қазір ою-өрнекті байырғыдай қалыпта көру қиын. Алайда заманның талабына қарай бұл ерекше өрімдер өмірге қайта келді. Бүгінде ою-өрнек тек көрпе, ыдыс, киім-кешекте ғана емес, сәулет, дизайн мен сән өнерінде де қолданысқа ие. Кәдесыйларда, жарнамаларда, кеңсе тауарларында, тіпті цифрлық дизайн мен графикада да қазақ ою-өрнектерінің элементтері кездеседі. Бұл ою-өрнектердің мәңгілігін, олардың заман талабына сай бейімделе алатын қасиетін көрсетеді.

Қазақ өнерінде ой-өрнектің алар орны бөлек. Ол ғасырлар бойы ұлттың наным-сенімін, бірегейлігін өз бойына сіңірген ерекше қазына. Сондықтан елдің тарихын ерекше қастерлеп, жүректің жанында тұмардай ұстайық!

Мерей ШӘКРАТ

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!