Бүгінгі күні сот жүйесінде жүзеге асырылған реформалардың нәтижелерінде соттарда түбегейлі өзгерістер орын алып, соттар жариялылық пен ашықтық жағдайда нәтижелі еңбек етуде.

Биылғы жыл сот жүйесі үшін болжалды сот төрелігі және Әкімшілік әділет жүйесін құру жылы болды. Соттарда заманауи технологиялар дамудың қарқынды шегіне жетті десек болады. «Төрелік», «Сот кабинеті» секілді электрондық ақпараттық сервистерінде халыққа қызмет көрсету тетіктері ұлғайды. Сонымен бірге, соттарда халыққа ақпараттық кеңес беру мақсатында WhatsApp нөмерлері мен Телеграмм-бот каналдары іске қосылды.

Елімізде карантиндік шектеулер кезеңінде республика соттары толықтай онлайн форматта жұмыс жасауға көшкені баршаға аян. Соттарда осыған дейін де заманауи технологиялар кең қолданыста болды. Ал, карантинтік шектеу кезінде талап қою арыздары, шағым мен сұраныстар «Сот кабинеті» электронды сервисі арқылы қабылданып, сот отырыстары «TrueConf», «WhatsApp», «Zoom» мобильді қосымшаларының көмегімен қашықтан өтуде.

Айта кету керек, үш жыл бұрын жүзеге асырылған «Сот төрелігінің жеті түйіні» бағдарламасы аясында сот жүйесіне ауқымды істер жалғасын тапты. Бітістіруші – судья, «Түнгі сот», «Отбасылық сот», соттардағы фронт-офистер, «Отбасылық кеңес» беру сияқты жобалар халыққа тиімділігін дәлелдеді.

Азаматтық процестегі судьяның белсенділігі артып, қылмыстық процесте алқабилер соты қарайтын істер санаты кеңейтілді. Судьяларға сот актісін түсіндіру талабы қойылды. Сот шешімдерінің сапасын арттыру, дауларды татуласу тетіктерімен шешу де талап үдерісінен түскен жоқ. Қоғамның қажеттіліктеріне қарай сот процесін және сот рәсімдерін оңтайландыру қамтамасыз етіліп, процестік заңнама жеңілдетіліп, сот практикасының әділдігі мен объективтілігіне қоғамның қанағаттанбау негізділігін талдау және себебін анықтау, халықтың сот төрелігіне нақты бағалау механизмі енгізілді.

Сондай-ақ, өткен жылы қабылданған «Қазақстан Республикасының Азаматтық процестік кодексіне соттар жұмысының заманауи форматтарын ендіру, артық сот рәсімдері мен  шығындарын қысқарту мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Заңы аясында енгізілген өзгерістер мен толықтырулар сот ісін жүргізуді оңтайландырып, соттарды жүктеме мен басы артық рәсімдерден арылтуға ықпалын тигізді.

Бүгінгі күнге дейін азаматтар мен мемлекеттік органдар арасындағы жария-құқықтық даулардың азаматтық процестік заңнама шеңберінде қаралуы қоғамның талабына сай болмағаны айқын. Мемлекеттік орган мен жеке және заңды тұлғалар арасында дау туындағанда басымдықтың қай жақта болатынын айтып, болжам жасаудың керегі жоқ. Шын мәнінде әкімшілік ресурсы қуатты мемлекеттік органмен соттасатын қарапайым азаматтар арасындағы айырма жер мен көктей екені рас. Осыған орай, осы жылдың ең басты жаңалығы – жаңадан Қазақстан Республикасының Әкімшілік рәсімдік-процестік кодексі күшіне еніп, жаңа соттар қызметін бастап кетті. Бұл туралы Мемлекет басшысы «Халық бірлігі және жүйелі реформалар – ел өркендеуінің берік негізі» атты жуырда жариялаған Қазақстан халқына Жолдауында «2021 жылғы 1 шілдеден бастап әкімшілік әділет жүйесі жұмыс істей бастады. Бұл институт мемлекеттік аппарат пен азаматтардың өзара қарым-қатынасын жаңадан қалыптастырады, Сот қызметінің заманауи үлгісі енгізіліп, артық сот үдерістері қысқартылуда», – деп атап өтті.

Бүгінгі күні жаңадан қабылданған Қазақстан Республикасының Әкімшілік рәсімдік-процестік кодексі мемлекеттік органдардың ішкі әкімшілік рәсімдерін, әкімшілік рәсімдерді жүзеге асыруға байланысты қатынастарды, сондай-ақ әкімшілік сот ісін жүргізу тәртібін реттеп отыр. Ал, мемлекеттік органдар, әкімшілік органдар, лауазымды адамдар, сондай-ақ жеке және заңды тұлғалар осы Кодексте реттелетін қатынастардың қатысушылары болып табылады. Заң шеңберінде мемлекеттік органның жеке және заңды тұлғалар әрекетіне шағым түсіре алмауы да оңды өзгеріс дер едік. Бұған қоса, жария-құқықтық дауларда азаматтардың бұрынғыдай өзінің позициясының дұрыстығын дәлелдеуі де алынып тасталды.

Қорытындылай келе, соттардағы реформалар мен жаңашылдықтар соттар үшін емес, ең әуелі азаматтар үшін жүргізіліп жатқанын жұртшылық назарына жеткіземіз.

Елшібеков Бахытбек Есенгелдіұлы,

Қызылорда облысының мамандандырылған

ауданаралық экономикалық сотының төрағасы

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!