Шетелден заңсыз жолмен көлік әкелу дерегі азаяр емес. Жақында елде 486 көлікті заңсыз тіркеген ұйымдасқан қылмыстық топ әшкере болды. «Азаматтарға арналған үкімет» КЕАҚ қызметкерлері мен азаматтық тұлғалардан тұратын топ өткен жылдың қаңтар айынан бастап заңсыздыққа жол берген. Әрбір көлік үшін қызмет құны 400 мың теңгеден 1,6 млн теңгеге дейінгі аралықта болғаны анықталды. Жақында президент те Ішкі істер министрлігінің алқа мәжілісінде осы түйткілді көтеріп, бірқатар тапсырма берді.

«Ел аумағына әкелінген шетелдік көліктер жолдағы жағдайды ушықтырып жіберді. Олар тіркеусіз жүреді. Мұндай көліктерді тізгіндеген жүргізушілер жол жүру ережесін өрескел бұзды және көбіне жазасыз қалды. Қазір менің тапсырмам бойынша бұл көліктердің мәселесін құқықтық тұрғыда реттеу үшін заңдастыру жұмыстары жүргізіліп жатыр. Уәкілетті мемлекеттік органдардың үстірт шешімі осындай көліктердің елге жаппай әкелінуіне себепші. Енді жіберілген олқылықтарды түзеуге мәжбүр болып отырмыз. Оның ішінде Ішкі істер министрлігінің де қателіктері бар. Бұдан бөлек, шетелдік көліктерді әкелумен және оны есепке қоюмен айналысатын қылмыстық схемалар пайда болды. Оған полиция қызметкерлерінің де қатысы бар. Әділетті әрі құқықтық мемлекетте бүкіл құқық қорғау жүйесінің атына кір келтіретін мұндай заңсыздықтарға жол берілмеу керек. Сондықтан құқық қорғау органдары осы саладағы мамандармен және азаматтық белсенділермен бірлесіп, аталған мәселемен жан-жақты айналысуы керек», – деді мемлекет басшысы.
ІІМ дерегі бойынша бұған дейін елімізде 300 мыңнан астам шетелдік тіркеудегі көлік жүрген. Көліктің көбі ЕЭО-ға мүше үш елдерден келген. Яғни Ресейден – 259 927, Қырғызстаннан – 25 546, Армениядан – 17 911 көлік келген. Маусым айындағы жағдай бойынша 161 мың автомобиль заңдастырылған. Сондай-ақ, 22 мамырдан бастап 7 мыңға жуық автомобиль-конструкторлар қазақстандық есепке қойылған.
Ал қазақстандық автобизнес қауымдастығының дерегінше, өткен жылы жаңадан тіркелген автокөліктердің саны бірден 12%-ға құлдырап отыр. Сатылған көліктер саны осы кезеңде небары 1,3%-ға ғана өсіпті, яғни рецессияға, минусқа кетуге жақын. 2022 жылғы қаңтар-қараша айында Қазақстанда 1 160 972 автомобиль тіркелген. Бұл ретте азаматтар осы аралықта автосалондардан тек 11 608 көлік қана сатып алды. Соның ішінде елімізде 99 244 машина өндірілген. Сарапшылардың байламынша, қазақстандықтар заңды және заңсыз жолдармен шетелден ұсталған автокөліктерді тасуын тек үдетті, тіпті миллионнан артығын әкелген.
Елдегі соңғы оқиғалардан кейін «ӨКМ операторы» ЖШС жойылып, утилизациялық алым азайтылғанда халық енді көлік бағасы арзандайды деп үміттеніп еді. Ол ақталмады. Өйткені сонымен бірге салықшылар баж және басқа алым-салық түрлерін күрт арттырып жіберді.
«Мемлекеттік кірістер комитетінің сайтында 2023 жылға арналған автомобильдердің салық салу бағаларының жаңарған ставкаларын қарап, шошыдым. Бір жыл уақыт ішінде осымен 4 рет көтеріп отыр. Сорақысы сол, тіпті машиналар ескірген сайын оның бағасы да шарықтай түседі. Шетелдік автонарықта көліктің «жасы ұлғайған» сайын оның бағасы арзан бола түседі. Ал біздің салықшылар арттыра береді. Салдарынан салоннан сатып алынған су жаңа көліктен де қымбат етіп қояды. Салық есептейтін баға абсурдқа дейін барады. Мысалы, 2021 жылы 10 мың долларға бағаланған машина маркасы биыл 50 мың долларға жеткен», – деп қапаланды кәсіпкер Әсел Нақыпова.
Бұл ретте салаға жауапты Қаржы министрлігінің Мемлекеттік кірістер комитеті елге импортталатын автокөліктердің маркаларына, моделіне, бағалық диапазондарына тұрақты түрде талдау жүргізіліп тұратынын хабарлады.
«Азаматтарға қолайлы болу үшін бағаға қатысты ақпарат комитеттің интернет ресурстарында жарияланады. Мұндай жұмыс тек автомобильдерге ғана емес, басқа барлық тауарлар бойынша да жүргізіледі. Жалпы, тауарлардың кедендік құны Еуразиялық одақтың кедендік заңнамасына сәйкес анықталады. Бағаға қатысты ақпарат одаққа мүше елдердің кедендік органдарынан, автокөлік саласындағы кәсіби бірлестіктер мен қауымдастықтардан, жеткізушілерден, тасымал және сақтандыру компанияларынан, заңмен тыйым салынбаған өзге тәсілмен, соның ішінде интернеттен алынады. Деректердің толымдылығы және сәйкестігі үшін АҚШ, БАӘ, Жапония, Корея, Еуроодақ елдерінің көлік сататын сайттары да талданды», – деп түсініктеме берді.
Ведомство «егер кедендік құн бойынша нақты, сенімді, құжатпен расталған ақпарат ұсына алса, онда декларанттың кедендік құны қабылданатынын» еске салды. Мәселен, көлік иесі жөнелтуші елдің экспорттық декларациясын, тауарды жеткізудің тасымал шығыстарын, инвойсты, сатушы мен сатып алушы арасындағы сауда келісімшартын, банктік аударманы немесе аукцион арқылы алса, аукциондық парақты ұсынса болады. Салада жылдар бойы қордаланған проблеманы кешенді шешу кезек күттірмейді.
Бұған дейін президент тапсырмасына сәйкес, шетелдік көліктерді заңдастыру туралы Заңды Сенат 2022 жылдың қарашасында қабылдаған болатын. Оны алғашқы тіркеу құны 200 мың теңге деп бекітілді. Елімізде 23 қаңтардан 2022 жылдың 1 қыркүйегіне дейін елге әкелінген автокөліктерді есепке алу жүрді.
Сондай-ақ осы жылдың 1 шілдесіне дейін өтінім берген барлық азаматтарға автокөліктері заңдастыруға қойылатын талаптарға сәйкес келген жағдайда, заңдастыру құқығы берілетіні айтылды. ЕАЭО елдерінде бұрынғы тіркелген жері бойынша есептен шығарылмаған және осы себепті заңдастырылмаған автокөліктерге келсек, олардың иесі көлікті кері әкетеді. Ал егер басқа елдегі бұрынғы тіркеу орнынан есептен шығарылса, Қазақстанда кейіннен бастапқы тіркеу туралы міндеттеме және 5 жылға Қазақстанда уақытша есепке қою құқығы беріледі.

М.СНАДИН

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!