Қазақ халқының ардақ тұтар ұстыны, ішкі әлемінің қайнар бұлағына айналған күй өнері тым ерек. Онда ұлт тарихы мен болмысының мол кені бар. Асыл қазынаның бүгінге дейін жібі үзілмей келе жатқаны да халыққа жақындығынан болса керек. Сондықтан жыл сайын түрлі аймақта күйшілер байқауының өтуі, дәулескер күйшілер мұрасының дәріптелуі кеше мен бүгіннің жалғасы іспетті.
Жуырда Сыр өңірінде де ұлттық өнерді насихаттаған маңызды шара ұйымдастырылды. Облыс орталығында дауылпаз күйші Әлшекей Бектібайұлының 175 жылдық мерейтойына арналған «Дәуірлер бейнесі домбыра үнінде» атты республикалық күйшілер байқауы өтті. Қазақстанның түпкір-түпкірінен келген 25 талапкер 250-ге жуық күй орындап, Сыр аспанын домбыра үніне бөледі.
Конкурсқа қатысушы талапкерлер кәсіби шеберлігін танытуға барын салып, әрбір күйді нақышына келтіре орындауға тырысты. Өнерпаздарға күйші, Дәулеткерей атындағы қазақ халық аспаптары оркестрінің көркемдік жетекшісі Еркін Нұрымбетов, Қазақстан композиторлар және журналистер одағының мүшесі, Мәдениет саласының үздігі Балтабай Нұржанов, Әлшекей Бектібайұлы атындағы республикалық дәстүрлі өнерді дамыту қоғамдық қорының атқарушы директоры Марат Жанғазы секілді зиялы қауым өкілдері баға берді. Сондай-ақ үміткерлердің әлеуетін бағалауға Дина Нұрпейісова атындағы халықаралық күйшілер байқауының лауреаты Аягөз Нұрсұлтан, Мәдениет саласының үздігі Әлімжан Әбсадықов та атсалысты.
Жалпы күйшілер байқауының Әлшекей күйшінің мерейтойы қарсаңына тұспа-тұс келуі тегін емес. Себебі Сыр өңірінің біртуар перзенті, шертпе күйдің шебері, дәулескер күйші Әлшекей Бектібайұлының тағдыр-талайы мен шығармашылық жолы өзгеден ерек. Күйшінің әулеті өткен ғасырдың жиырмасыншы жылдары «Қызыл бәлшебектердің» жаласына ұшырап, әуелі Өзбекстанға, онан әрі Тәжікстан арқылы Ауғанстанға қашуға мәжбүр болған. Өмір қиындығына мойымаған өнер иесі еліне деген сағыныштан терең иірімге толы қаншама күй шығарды. Өмір сүрген ортаның тыныс-тіршілігімен астасып жатқан, музыкалық образы жағынан симфониялық сипатты бейнелейтін шығармалар арқылы бүтін күй мектебінің іргетасын қалағаны белгілі. Мұнан бөлек, әрбір күйінің музыкалық құрылымы терең, мағыналық мәні жоғары екенін де айта кеткен жөн.
Шет елге қоныс аударып, елінен алыс жерде көз жұмған Әлшекейдің артында бірде 50, тағы бірде 100-ге тарта күй қалған деген деректер айтылады. Бүгінде оның «Тоқырау», «Нарсоққан», «Қара жорға», «Адасқан қаз», «Айша мен алты тарақ», «Бөпемен тартыс», «Егілген», «Бәйге», «Тай қуу» және «Аққу кеткен», «Егес», «Жаяу кербез», «Отарба», «Тайшұбар», «Тепеңкөк», «Терісқақпай», «Шерлі» сияқты оннан астам күйлері мәдени оралымға еніп келеді. Кейінгі жеті күйдің орындаушысы Тынысбек Дүйсебеков болса, «Тоқтаған», «Толқын» деген күйлерді жеткізген Әбдіқадыр Әбдіқалықов. Олар «Қазақ күйлері антологиясының» Сыр өңірі күйшілік дәстүрі деген тарауына енген.
– Қазақтың маңдайына біткен аса дарынды күйші мұрасы ұлтымыздың рухани байлығы екені даусыз. Байқаудың басты мақсаты – жас ұрпақты өнерсүйгіштікке баулып, күйге деген сүйіспеншілігін арттырып, халқының әдеп-ғұрпы мен салт-дәстүрін берік ұстануға тәрбиелеу. Осы орайда Әлшекей күйлерінің рухани мәні зор. Бүгін байқауға қатысқан әрбір үміткер тарихтың, өнердің мәнін ұға біледі десек артық емес, – деді Еркін Нұрымбетов.
Конкурс қорытындысы бойынша Құрақтың Досжаны атындағы арнайы жүлдемен Нартай Нұрмағанбетов (Қызылорда қаласы), Тасболат Сқақов атындағы арнайы жүлдемен Қайрат Байғұтты (Орал қаласы), Қазанғап атындағы арнайы жүлдемен Елеусіз Ардақ (Астана қаласы), Өмірзақ Мырза атындағы арнайы жүлдемен Өмірзақ Расул (Петропавл қаласы), Жалдыбай атындағы арнайы жүлдемен Сырым Шонбаев (Алматы қаласы) марапатталды.
Сайыстың қорытындысы бойынша жүлделі ІІІ орынды Алтынай Махмут (Алматы қаласы), Темірхан Бибіт (Алматы қаласы), Қуандық Алпанов (Ақтау қаласы) иеленсе, ІІ орынды Әділет Жолдығали (Орал қаласы), Жақсылық Ғалымжан (Шымкент қаласы), І орынды Бекзада Достиярова (Астана қаласы) және Нұрғали Әшімхан (Алматы қаласы) еншіледі. Ал конкурстың бас жүлде иегері Шиелі ауданынан келген Әділбек Тәшімов атанды.
Сонымен қатар, Әлшекей Бектібайұлы қоры Ардақ Елеусіз және Әділбек Тәшімовті «Әлшекей Бектібайұлы» төсбелгісімен марапаттады.
– Қазақ халқының тарихы, тұрмыс-тіршілігі, өмір туралы философиясы, сырлы сезімге толы асыл арманы домбыраның қос ішегінен шығатын қоңыр сазында жатыр десек, артық айтқандық емес. Ғасырлар қойнауынан бізге жеткен күйлердің бірде мұңлы, бірде жүрек тебірентер нәзік сазы, енді бірде мың сан тұлпар тұяғының дүбіріндей екпіндеткен қажыр-қайратқа толы үні – осы ойымыздың айқын айғағы. Ал осы асыл мұрамызды қастерлеп сақтап, қаймағын бұзбай кейінгі ұрпаққа жеткізу – біздің парызымыз. Бүгінгі «Дәуірлер бейнесі домбыра үнінде» атты республикалық күйшілер байқауына қатысудағы негізгі мақсат та өнерді насихаттау еді, – дейді Байғұтты Қайрат.
Берен ШАҒЫРОВ
Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!