Қадыр қазанынан қасиеттің қаймағын сүзіп алып, арда өнердің арбасын алға сүйреген, татулықтың туын жықпай, жығылғанның жағасын жөндеген жайсаң жұрт Арал ауданындағы Қызылжар дейтін құрқылтайдың ұясындай ғана ауылда мекен етеді. Сонадайдан қоп-қоңыр, қоп-қою күйкі тірліктің түп-түзу ұшқан түтіні көрінетін киелі жердің ақ адал пейіліне ешқашан күйе жұқпаған. Шиыршық тасын түртіп қалсаң термелеп, топырағын сипай қалсаң төкпелеп, шүйгін шөбін сөйлетсең өлеңдете кететін рухани ауылдың рухы перзенттерінің кеудесін нұрландырып, өнер аспанының жарық жұлдызы етіп жарқыратып тұр. Арысы мен берісін тырна тізбек етіп жазсаң, ақ қағаздың беті адам аттарына толып кетер еді. Әрбіріне бір-бір ауылдың атын беріп, көшелі ісі үшін көше есімін берсе де, жарасатын тұлғалар туып өскен. Бірақ солардың ең алдыңғы көшінде, тарихтың терең қойнауында Қызылжар ауылының ғана емес, күллі түркі әлеміне ортақ тұлға болып Сырлыбай бидің тұрғанын ауыз толтырып айтуға болады. Қазір алты Алашқа аты мәлім бидің ұрпақтары осы ауылда өмір сүріп жатыр. Сондықтан баба есімін ұлықтау кейінгі буынға мұра екені ақиқат.

Осы тұста «Сырлыбай би кім?» деп тарих тағылымын ұқпаған, көрпені өзіне қарай тартқысы келетіндер шығуы бек мүмкін. Сондықтан болашақ ұрпақ үшін ол кісінің өнегелі өмір жолын, бүтін болмысын архив ақтарып, ойлы оқырманға таныстырғанды құп көріп отырмыз.

Сырлыбай би Жылқайдар батыр, Қыз Жібек сынды тұлғалардың әкесі ретінде көпке таныс. Дегенмен Арал ауданы, Қызылжар елді мекенінің тұрғыны болған, ардагер ұстаз Сайлау Абабүкірұлының «Сырлыбай би және оның ұрпақтары» атты зерттеу мақаласында би бабаның тұлғалық сипаты анық көрсетілген. Оған қоса, «Қыз Жібек» дастаны туралы шындық та қою түнгі ай секілді ап-анық жазылған. Оған төменде толығырақ қайта тоқталамыз. Әуелі, Сырлыбай бидің өнегелі өмір жолына көз жүгіріп өтелік.

Тарихшы Бауыржан Бердіқожаұлының айтуынша, Сырлыбай би – Әбілқайыр ханның замандасы. Ол кісі, тіпті Ресейге қосылуға қарсы болған екен.

Ол турасында Тевкелевтің естелігі мен Анна Иоанновна жазған рапортында егжей- тегжейлі баяндалған. Арал өңірі қазақтарының мұндай табанды қарсылығы Ресей патшайымы Анна Иоановнаның өзін алаңдатады. Оған орыс патшайымының Әбілқайырға жазған хаты дәлел болады.

Көрнекті тарихшы академик Манаш Қозыбаев «Ресей елшісі М.Тевкелев пен Қазақстанның империяға қосылуын қолдаған Әбілқайырға қарсы Қыз Жібектің әкесі Сырлыбай би бастаған қозғалысты және сол қозғалыста бір ұрыста оққа ұшқан Байғараны «азаттық үшін күрестің алғашқы құрбандығы» деп атады.

Сырлыбай би туралы тағы бір дерек, 1748 жылы Әбілқайыр өлгеннен кейін кіші жүзге баласы Нұралыны хан сайлауға қатысқан. Сырлыбай би «Қыз Жібек» дастанында Жібектің әкесі ретінде де жырланады. Сырлыбай бидің ұрпақтары қазіргі таңда үлкен рулы елге айналып, көбі Арал ауданының Қызылжар ауылын мекендейді.

«Қыз Жібек» дастанының тарихи шындығы

Бүгін сөздің тиегі ағытылды. Шындықтың ұшы шықты. Сондықтан темірді қызған кезінде соғып, жоғарыда айтуға уәде еткен «Қыз Жібек» дастанының түпнұсқасына қатысты шындықты жайып салғым келіп отыр. Оған қоса, «Қыз Жібек» дастанын баяндау барысында Сырлыбай бидің де дара болмысы ашылары айқын.

«Қыз Жібек» лиро-эпосының атына жабылған жала әлі күнге дейін айтылып келеді. Яғни қазақтың хас батыры Бекежан туралы негізсіз пікір. Тіпті сол «Қыз Жібек» туралы дастанның тарихын білетініміз де шамалы екенін мойындауымыз керек. Сондықтан осы олқылықтардың орнын толтыру үшін Сайлау Абабүкірұлының «Сырлыбай би және оның ұрпақтары» атты зерттеу мақаласын және Нұрбай Жүсіптің ой-толғамдарын негізге алып, сөз қозғамақпын.

– Жібек сұлу – қазақ халқының топырағында жаның рақат таба сүйсіне тыңдап, қуанышына күліп, қайғысына ортақтасып отыратын небір жырлар мен дастандарды өмірге келтірген нағыз біртуар ару ғой. Сондай жырдың, рухани асыл қазыналардың бірі – қазақ әдебиеті тарихында ғашықтық жырлар қатарына жатқызылатын «Қыз Жібек» дастаны. Оны оқымаған, кинофильмін көрмеген қазақ баласы кемде-кем шығар?! Шын мәнінде, «Қыз Жібек» жырын оқып, кинофильмін көргеннен кейін, «Сырлыбай кім, Жібек кім?» деген сауалдарға жауап іздей отырып, оның түп- төркіні мен тарихына үңіліп көрмеппіз.

«Қыз Жібек» жырында Жібекті Сырлыбай ханның қызы дейді. Сырлыбай кім? Жібек кім? Бұл жөнінде белгілі жазушы Нәбиден Әбуталиевтің «Сегіз сері» кітабы, Сейітқали Қарамендиннің «Қазақ әдебиеті» газетінде 1991 жылы 19 шілдеде «Бекежан да – бір арыс», Мұханбетәли Есмағанбетовтің «Қазақ әдебиеті» газетінде 1995 жылы 2 мамырда «Қыз Жібек оқиғасы қай жерде болған?», тағы да «Қазақ әдебиеті» газетінде 1996 жылы 9 шілдеде жарияланған «Сырлыбай кім болған?» атты танымдық үлкен мақалаларында Қыз Жібек туралы, «Қыз Жібек» дастаны туралы тарихи шындықты дәлелдейді, – дейді Сайлау Абабүкірұлы.

Қыз Жібек оқиғасы 1692-1694 жылдар шамасында Шалқардан оңтүстік-шығысқа қарай, 40 шақырым жерде Кіші Борсық етегіндегі Қособа көлінде болады. Базарбайдың мырзасы Төлегеннің осы Қособа көлінде қарақшының қолынан қаза болатыны бәрімізге таныс оқиға. Ал осы кезде Сырлыбай және оның туғандары мен ұрпақтарының қонысы Кіші Борсықта болған.

Тарихқа жүгінсек, кімнің қай жерде болғанын дәлелдейтін тарихи жер-су атаулары мен сол жерлердегі тас обалар мен қорымдар емес пе? Оған Шалқар ауданының Ақтоғай ұжымдық кәсіпорнының көлеміндегі «Сырлыбай сайы» деген жер, Тебіренбес тауының батыс беткейіндегі Боқай сайындағы Сырлыбай баласы Жылқайдар батырдың бейіті, Шалқардан 40 шақырым шамасындағы Сырлыбайдың үшінші әйелі Мән әулиенің үйтамы, қазір құрғап, кеуіп қалған Жылқайдар көлі, Жылқайдар тепсеңі, Сырлыбайдың туған інісі Жамансарының бейіті дәлел бола алады. Айналып келгенде, осы аты аталған жерлер бас-аяғы 100-150 шақырым шамасында. Ол кездегі мал баққан шаруа үшін бұл онша қашық емес. Араға бір немесе екі қонып бара береді.

Енді «Қыз Жібек» жырын қашан және кім жазды? Жоғарыда есімдері аталған ағаларымыздың жазған зерттеулерінде «Қыз Жібек» дастанын Орта жүз Ашамайлы Керей Сегіз сері (Мұхаммедханафия) Бахрамұлы Шақшақовтың (1818-1854 ж.ж.) жазғанын түбегейлі дәлелдейді. Сегіз сері Омбыдағы Сібір қазақ-орыс әскери училищесін 1834 жылы үздік бітіріп шығады.

Жазалаушы жасаққа басшы болып, қазақ жеріне барғысы келмегендігі үшін патша өкіметінің отаршыл әкімдері тарапынан қуғынға ұшырап, Кіші жүздегі түп нағашысы Байбақты Сырым батыр әулетін паналамақ болып, жанына құрдасы әрі ауылдасы Нияз серіні ертіп жолға шығады. Осы жылы ел жайлауда отырғанда кіші жүз Әлімұлына жататын Шекті елінің Қабақ аталығынан шыққан Көтібар батыр Берсенұлының (1762-1834 ж.ж.), Арыстан батыр Тінәліұлының (1778-1855-57 ж.ж.) ауылына келеді. Сегіз серіні С.Қарамендин Арыстан батырға, Н.Әбуталипов Көтібар батырға түсіреді. Мейлі, Көтібар батыр болсын, Арыстан батыр болсын, сол үйде Жағалбайлы Жанқасқа би қонақ болып жатады.

Сегіз сері өлең айтып, ән салып, терме, қисса, дастандар жырлап, күй тартып, осы үйді, бүкіл ауылды шаттыққа бөлейді. Жас қонақтың ақындығы үшін бе, әлде өнеріне көңілі толғандығы ма, Көтібар, Жанқасқа, Арыстандар «Айман-Шолпан», «Төлеген-Қыз Жібек», «Сансызбай» хикаясын айтып береді де, Сегіз серіден осы әңгімелерді қиссаға айналдырып, әнмен жырлап шығуын өтінеді.

Әңгімені байыппен тыңдап алған зерек жігіт:
…Мен келдім Шекті Табын арасына,
Көтібар, Арыстандай данасына.
Жырлайын «Айман-Шолпан», «Қыз Жібекті»,
Қазақтың даңқым шықсын даласына, – деп болашақ дастанның кіріспесін бастай жөнеледі. Содан соң сабасына түсіп, біраз ойланып-толғанып, шабыттанып алған Сегіз сері «Қыз Жібек» қиссасын әрі қарай жалғастырып, шырқап кетеді.

… Бұл өзі оқиға екен мол деректі,
Жырлауға осындайды болдым епті.
Есітіп Төлеген мен Жібек жайын,
Қисса етіп баяндауға көңілім кетті.
…Қарсы алды Шекті, Табын, Жағалбайлы,
Ел екен дәулетіне сәулет сайлы.
Ниязбенен екеуміз сонда барып,
Естідік Сырлыбай мен Базарбайды.
…Жырладым мен дастанды қобыз алып,
Отырды молда, ишан қалам алып.
Түсірді он төрт молда өлеңімді,
Бетіне ақ қағаздың өрнек салып…

Сегіз сері осылайша «Қыз Жібек» жырын ұзақ жырлап, аяқтап шығады. Бұл үзінділер жырдың бас жағындағы кіріспесі ғана. Сол күннен бастап «Айман-Шолпан», «Қыз Жібек» дастандары қолдан қолға, ауылдан-ауылға, елден-елге қолжазба арқылы тарап кетеді. Осы екі қисса он жеті жастағы ақын жігітті бірден үлкен ақын дәрежесіне көтереді.

– Сегіз сері «Қыз Жібек» дастанындағы басты кейіпкерлер Бекежан, Сансызбай батырлардың ұрпақтарымен де кездескен. Мысалы, ол Тайлақ мерген Бекежанұлының, Төсбатыр Сансызбайұлының ұрпақтарымен Жаманқала (Орск) маңында жолығып, олардан шежіре жазып алыпты.

«Қыз Жібек» жырын 1892 жылы Жүсіпбек қожа Шайқысламұлы (1861-1941 ж.ж.) әнші қариялардан естіп, жазып алады да, қиссаның кейбір тұстарын өзгертіп, қысқартып, орнына татаршалап, қара сөз қосып, кей тұстарын ертегіге айналдырып, Төлегенді өлтірген Кескентерек деген қожаның орнына қарақшы деп Бекежанды жазып, оның руын Арғын етіп көрсетіп, қиссаны өзім шығардым деп, 1894 жылы Қазан қаласында бастырып шығарады. Қисса «Қыз Жібекті» Жүсіпбек қожа бұдан кейін де иеленіп, 1896, 1899, 1900 жылдары Қазан қаласында бірнеше рет бастырады. Оның ақын емес екенін кезінде Әбубәкір Кердері, Мәшһүр Жүсіп Көпеев, тағы басқа белгілі ақындар өз өлеңдерінде әшкерелеген, – дейді С.Абабүкірұлы қолжазбаларында.

Мәселен, Н.Наушабаев «Жүсіпбек қожаға» деген өлеңінде:
…Сен өзің сөз ұрлауды таста, қожа,
Жастарды үлгі іске баста, қожа!
Өліп қалған аруақтан жыр ұрламай,
Адамшылық шарадан қашпа, қожа, – дейді.

Жоғарыда Төлегенді Бекежан емес, Кескентерек деген қарақшы өлтірді дедік. Бекежан – тарихта болған адам. Туған жері – Алшын Темір таудың бөктері. 1825 жылға дейін бұл жерде Кіші жүз Әлімұлына жататын алты Шекті мекендеген. Бекежанның әкесі Айбек осы тұстағы Кіші жүз Әлімұлының әскер басы батыры болған. Бекежан да әскербасы сардар болыпты.

Бекежан Шекті, оның ішінде Бөлек, одан Қабақ руынан. Әйелі башқұрт халқының Естек жұртындағы Құрамыс байдың қызы, аты – Салиха. Одан Байрақ, Қайрақ, Тайлақ және Нұргүл есімді қыз туған. Екінші әйелі Зұлфия – түрікпен жұртының қызы. Бекежан қалмақтармен соғыста жараланып, кемтар болып, батырлықтан ерте қалған. Оның балалары Ақтабан шұбырындыда қол бастаған, ел бастаған. Өмірде Бекежан өз ажалынан о дүниелік болады.

Бекежан Қыз Жібекпен рулас болып келеді. Қазақ жеті атаға толмай қыз алыспағанын ескерсек, сол кезде Сырлыбай балаларымен жеті-сегіз аталыққа енді толып жатыр. Сондықтан Бекежанның жоғарыда айтқан Салиха атты бірінші әйелі қайтыс болып, жетім қалған үш ұлын, бір қызын немере ағасына беріп, Зұлфия сұлуды алу үшін түрікпенге қалың қолмен аттанып кеткенде, Кескентерек соны пайдаланып, Төлегенді өз қарақшыларымен алдын тосып, Қособаның көлінде өлтіреді де, Төлегеннің мінген атын екі жыл жасырып бағып, Бекежанға тарту етпек болады. Көк жорға атты таныған Бекежан Төлегеннің өлгенін біліп, Кескентеректі өз тобынан аластап, қуады.

Кескентерек шежіреде де, ел аузындағы әңгімеде де, Сегіз сері шығарған «Қыз Жібек» дастанында Бекежанға келіп, паналаған қандыбалақ қарақшы екені, оның еш жерге сыймай жүргені айтылады. Туған нағашысы Жағалбайлы елінің мырзасы Әбусағитты өлтіріп, оның кіші әйелін алып кетіп, ол әйелді қаңғытып, құмға тастап кеткені, туған қарындасы Қаламқасты Қарабала деген жігітке тұрмысқа шықпақ болғаны үшін азаптап өлтіргені айтылады.

Сегіз сері «Қыз Жібек» дастанында Кескентерекке арнайы тоқталады:
…Бас болған елдің бұзық наданына,
Мәз болған айласы мен амалына.
Қожадан жол тонаушы сотқар шыққан,
Бекежан Айбекұлы заманында.
Есімі тонаушының Кескентерек,
Тыңдамай ата-анасын жүрген бөлек.
Ұрлыққа бала жастан әуес болған,
Қан төккіш, мейірімсіз қара жүрек…

Көзіне қан толған, өзіне ажал төнген Кескентерек Шектілермен көршілес отырған Табын елінің мырзасы Нұрқожаның әйелі ұл туып, соған жасалған тойда Жібекке тиісіп:
…Батыры ем Төре, Төлеңгіт қожа Кескентерек,
Елдігім мен ерлігім жұрттан ерек.
Тұсыңа өлең айтып, келіп тұрмын,
Көңілің маған қалай, сұлу Жібек?
Дегенде арма Жібек, арма Жібек,
Ботасы өлген түйедей зарла, Жібек.
Кеткелі ғашық жарың екі жыл болды,
Хабары замандастың бар ма, Жібек…

Сол жерде Жібектің жеті ағасы Кескентеректі дарға асып өлтіреді. Бұлар Таспа палуан, Жылқайдар батыр, Есіркеп, Мыса, Естемес, Батырсары, Ерсары еді. Іздеуі жоқ қашқын, елден шығып жүрген қарақшы Кескентеректі өлтіре салу Сырлыбай балалары үшін онша қиын шаруа болмаса керек. Кейін Төлегеннің інісі Сансызбай Жібек сұлуға үйленіп, оған Бекежан өкіл аға болған.

Керей Қожаберген ақынның «Елім-ай» жырында Сансызбай мен Жібек сұлудың тұңғыш баласы Төсбатырға арналған өлең шумақтары оның батыр болғанын дәлелдейді.
…Жағалбайлы Төсбатыр,
Қалмақтарға өш батыр.
Сансызбайдың өзіндей,
Көрсеткен жауға күш батыр.
Үзкентте болған шайқаста,
Қамал бұзған гүж батыр…

М.Әуезов атындағы «Әдебиет және өнер» институтының қолжазбалар мен текстология бөлімінде Сегіз сері жырлаған «Қыз Жібек» дастанының түпнұсқасы сақтаулы. Небәрі он жеті жасында бүкіл қазаққа танымал болған Сегіз сері (Мұхаммедханафия) Бахрамұлы Шақшақов сынды асыл ердің еңбегі әлі күнге дейін жарыққа шықпай жүргені өкінішті, тіпті ұят!

– Мен көнекөз қариялардан естіген, білгендерімді және жоғарыда есімдері аталған Н.Әбуталиев, С.Қарамендин, М.Есмағанбетов сынды ағаларымыздың жазған зерттеулерінің деректерін пайдалана отырып, сіздерге, жалпы Сырлыбай ұрпақтары мен «Қыз Жібек» дастаны туралы толығырақ таныстырғанды Сырлыбай бидің ұрпағы ретінде өзіме парыз санадым. Қазір Сырлыбай би ұрпақтары екі жарым мыңнан асып жығылады. Тәуелсіз еліміздің түкпір-түкпірінде өз несібелерін теріп жүр. Олардың көпшілігі Арал, Қазалы өңірінде, соның ішінде көбі Қызылжар ауылында тұрып жатыр. Сырлыбай ұрпақтары Қызылжар ауылын өздерінің ата қонысы санайды, – дейді Нұрбай Жүсіп.

2006 жылы Сайлау Абабүкірұлы бастаған Сырлыбай ұрпақтары Қызылжар ауылының оңтүстік бетіндегі төбеден ұлы бабасына кесене тұрғызып, Құран бағыштап, ас берді. Сырлыбай бидің мыңға тарта ұл-қыздары, жиендері бас қосып, миллиондаған қаржы жинап, осы кесенені салуға көмегін көрсетті. Төбеден төредей көрінген еңселі ескерткіш бүгінде Қызылжар ауылына ерекше өң беріп тұр.

Айдар САЙЛАУОВ

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!