Егемен елдің еркін жастары бүгінде табысты жандарға айналып үлгерді. Бұл – елдіктің ерен үлесі. Барлық салада тәуелсіздік құрдастары адал еңбек етіп жүр.
− Тәуелсіздіктің арқасында бейбіт уақытта дүниеге келдік. Білім алдық, ел қатарлы еңбек етіп жүрміз. Заманымыз тыныш, халқымыз аман. Менің ойымша, тәуелсіздіктің басты жемісі осы елдегі бейбіт өмір. Егемен елдің азаматы ретінде бақытқа кенелдік. Тұрмыс құрып, қызмет пен отбасыны қатар алып жүрміз. Алға қойған айқын мақсаттарымыз да еліміздің тәуелсіздігімен бірге баянды болмақ. Тәуелсіздікпен бірге 30 жасымызды тойлап жатырмыз Отыз жыл бір адамның жарты ғұмыры. Сондықтан келесі өмір белестерінің бақытқа толы болып өткенін қалаймын. Елімізде белсенді еңбек етіп, саналы өмір сүремін деген әрбір азаматқа барлық мүмкіндік жасалған. Мен мемлекетіміздің болашағы жарқын болатынына сенемін, − дейді Шынар.
Шынар Біртайқызы 1991 жылы 13 қаңтарда Қызылорда облысы, Жалағаш ауданы, Аққыр ауылында дүниеге келді. «Ақмешіт» гуманитарлық-техникалық институтында «Мәдени-тынығу жұмысы» мамандығын меңгерген. Еңбек жолын «Сырдария» жазғы тынығу лагерінде тәрбиеші болып бастаған. Бүгінде Белкөл кенті әкімі аппаратының «Белкөл кентінің клубы» мемлекеттік коммуналдық қазыналық кәсіпорнының әдіскері. Жары Манас Молдашовпен бірге бір ұл тәрбиелеп отыр.
− Сапалы еңбек ету − әрбір адамның міндеті. Егер де әрбір азамат өзінің атқаратын жұмысын сапалы орындайтын болса, қоғам әрі қарай өркендейді. Әр сала өзінің жетістігіне жетеді. Жастардың барлығында отансүйгіштік, патриоттық сезім бар деп білемін. «Арман деген көп белес. Біріне шықсаң, бірі бар» депті Ғабиден Мұстафин. Асқақ армандарым көп. Біліктілігімді арттырып, қызметте табысты болу, адал қызмет ету. «…Өзіңе сен, өзіңді алып шығар, Еңбегің мен ақылың екі жақтап…» деп талмай еңбектеніп, қажырлы жұмыс жасап, Сыр елінің шығармашылығын дамытуға өз үлесімді қосқым келеді, − дейді Шынар Мұстафаева.
Гүлбану МАҚАЖАН
Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!