М.Мәметова атындағы Қызылорда педагогикалық жоғары колледжінде қазақ прозасының көрнекті өкілі Қабдеш Жұмаділовтің «Тағдыр» тарихи романына арналған оқырмандар конференциясы өтті. Бұл шығарманың 2026 жылы «Бір ел – бір кітап» шеңберінде көпшілікке оқуға ұсынылуы оның көркемдік және тарихи маңызын айқындай түседі.
Аталған іс-шараның негізгі мазмұны жазушының шығармашылық мұрасын ғылыми тұрғыда саралау, романның идеялық-көркемдік ерекшеліктерін ашу және студенттердің әдеби талдау дағдыларын дамытуға бағытталды. Конференция барысында қатысушылар тарихи роман жанрының ерекшеліктеріне тоқталып, туындыдағы ұлттық болмыс пен тарихи шындықтың көркем бейнеленуін зерделеді.
Студенттер «Тағдыр» романының мазмұнын жүйелі түрде талдап, шығармада суреттелген қазақ халқының тағдырлы кезеңдеріне қатысты өз ойларын ортаға салды. Әсіресе, елдің бірлігі мен тәуелсіздігі жолындағы күрес, тарихи көші-қон мәселесі, туған жерден алыстаған халықтың сағыныш сезімі сияқты тақырыптар кеңінен талқыланды. Сонымен қатар кейіпкерлер бейнесі сараланып, олардың іс-әрекеттері арқылы автордың негізгі идеясы ашылды.
Шараның маңызды тұстарының бірі – студенттердің жоғары белсенділігі мен қызығушылығы. Олар пікірталасқа белсене қатысып, өз көзқарастарын дәлелді түрде жеткізе білді. Бұл өз кезегінде конференцияның ғылыми-танымдық деңгейін көтеріп, қатысушылардың сыни ойлау қабілетін дамытуға ықпал етті. Сонымен бірге арнайы кітап бұрышы таныстырылып, студенттер ықыласпен танысты.
Өткізілген оқырмандар конференциясы жас ұрпақтың ұлттық әдебиетке деген қызығушылығын арттырып, тарихи шығармаларды терең түсінуге жол ашты. Мұндай ғылыми сипаттағы іс-шаралар студенттердің рухани дамуына және әдеби білімін жетілдіруге оң әсерін тигізеді.
Бақытжан АХУНОВ,
М.Мәметова атындағы Қызылорда педагогикалық жоғары колледжінің қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі
Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!