Бүгінгі оқырманға әлемнің кез келген бұрышына сапар шегу үшін жүк арқалап, жолға шығудың қажеті жоқ. Бір ғана батырманы басу арқылы біз енді Гималайдың етегінде, енді бір сәтте Шарын шатқалында, артынша Париж көшесінде жүргендей күй кешеміз. Мұның бәрі – ақпарат ағынында өз орнын тапқан жаңа бір бағыттың, дәлірек айтсақ, трэвел журналистиканың жемісі.

Бұл – сапар мен сөздің, дерек пен сезімнің, карта мен камераның тоғысында туған тың жанр. Бұл бағыт арқылы сана кеңейеді, жаңа көкжиек ашылады, ұлттық болмыс пен жаһандық танымның арасында алтын көпір пайда болады. Ал саяхатта жүрген журналисті жай ғана куәгер десеңіз, қателесіз. Ол – көзімен көріп, жүрегімен қабылдап, сөзімен жеткізетін шынайы баяндаушы. Ендеше трэвел журналистиканың бүгінгі медиакеңістіктегі орны, болашағы мен біздегі беталысы қандай? Осы сауалдың жауабын бірге іздеп көрейік.

Әуелі саяхат журналистикасының не екеніне тоқталсақ. XXI ғасырда адамдардың саяхатқа деген қызығушылығы артып, нәтижесінде трэвел контентке деген сұраныс та өсті. Бүгінде бұл сала тек дәстүрлі баспасөзбен шектелмей, әлеуметтік желілер, блог платформалар, YouTube пен подкасттар арқылы жан-жақты дамып келеді. Сонымен қатар саяхат репортаждары, фотоэсселер, деректі фильм мен блогтар арқылы трэвэл журналистика тың мазмұн мен жаңа форматта ұсынылуда.

Қазақ сапарнамаларын осы бағытқа алғаш жол салған еңбек деуге болады. Трэвел журналистикаға тарихи-әдеби негіз болатын еңбек ретінде Шоқан Уәлихановтың Қашғарияға сапары, Жоңғария мен Ыстықкөл жорықтары кезінде жазған жолсапар жазбалары жиі қарастырылады. Бұл тақырып Айқын Нұрқатов, Мұхтар Мағауин, Серік Қирабаев, Рымғали Нұрғали сынды әдебиеттанушылардың еңбектерінде де кездеседі. Алаш арыстарының шетелге, Ресей қалаларына, қазақ даласының түкпіріне жасаған сапарлары жайлы жазбалары – отандық трэвел журналистикаға жақын келетін деректің қатарына жатады. Бұл бағыттағы зерттеулер Тұрсынбек Кәкішев, Тұрсынжан Шапай, Қайрат Сақ және өзге де зерттеушілердің еңбектерінде әдебиет пен журналистика шегінде қарастырылады. Дегенмен бұл еңбектерде трэвел журналистиканың құрылымдық ерекшеліктері немесе жанрлық сараптамасы жасалмаған.

Ағылшын тіліндегі «travel» және «journalism» сөздерінің қосындысы ретінде бұл ұғым ағылшын тілді ғылыми әдебиетте алғаш 1970-1980 жылдары қолданысқа енген. Осы кезеңде әлемдік медиа құрылымында арнайы саяхат бағытындағы материалдар мен контент түрлері бөлек сала ретінде қарастырыла бастады. Мәселен, The Sunday Times Travel Magazine, National Geographic Traveler және Lonely Planet Magazine басылымдары саяхат репортаждарын жүйелі түрде жариялап, осы бағыттың теориялық негізделуіне түрткі болды. Зерттеуші Кен Томпсон трэвел журналистиканы «Медиа кеңістігінде мәдениеттерді, табиғатты, әлеуметтік тәжірибені, туризм мен идентификацияны тоғыстыратын күрделі коммуникативтік дискурс» деп сипаттайды.

Бұл сала саяхат барысында жинақталған материалды журналистік әдістер арқылы оқырманға көркем әрі танымдық формада жеткізуге бағытталған. Қазақстандық зерттеуші Б.Сәрсек аталған саланы журналистиканың деректі негізіне сүйенетін, бірақ көркем бейнелеу құралдарын кеңінен пайдаланатын аралас жанр ретінде қарастырады. Бұл салада репортаж, эссе, шолу, очерк жанрлары жиі қолданылады. Сонымен қатар, визуалды және аудиовизуалды контентті қатар ұсыну мүмкіндігі трэвел журналистиканы медиалық конвергенция тұрғысынан да тартымды салаға айналдырады.

Ғылыми әдебиеттерде трэвел журналистика – саяхаттау, көру, бақылау, зерттеу және сипаттау арқылы құрылған журналистиканың шығармашылық бағыты ретінде қарастырылады. Ағылшын зерттеушісі Тим Уилердің пікірінше, Трэвел журналист – тек оқиғалардың куәгері емес, сонымен қатар мәдениеттерді байланыстырушы дәнекер тұлға. Оның айтуынша, бұл салада объективтілік пен субъективтілік, деректілік пен көркемдік қатар жүреді.

Қазақ әдебиетінде сапарнама трэвел журналистикаға жақын, бірақ әдебиетке тән көркемдік өлшемдерге негізделген жанр. Мырзатай Жолдасбеков: «Сапарнама – бабалардан қалған танымдық сипаттағы жазбалар. Ол – жол көріп, ел аралап, әсер жазудың ежелгі түрі» дейді. Ал ұқсастығы – екеуі де автордың саяхаттық тәжірибесіне сүйеніп жазылады. Айырмашылығы – трэвел журналистика нақты фактілерге, медиа стандарттарға және аудиториямен тікелей коммуникацияға негізделген, ал сапарнама көркемдікке, эстетикалық реңкке, метафоралық тілге бейімделген.

Қазақстан тәуелсіздік алғаннан кейін ел ішінде және сыртында еркін саяхаттау мүмкіндігінің кеңеюі трэвел журналистиканың жандануына себеп болды. 2000 жылдары отандық БАҚ-та саяхат бағытындағы материалдар жиілей түсті. «SKAT», «Жібек жолы», «Қазақстан географиясы» секілді басылымдарда табиғи-географиялық, мәдени-тарихи нысандарды насихаттайтын репортаждар мен очерктер жарық көрді. Бұл ретте журналист Әлішер Елікбай цифрлық журналистиканың артықшылықтарын атай келе, трэвел бағыттағы репортаждар мен блогтық жазбаларда визуалды контенттің әсері өте зор екенін көрсетеді. Оның айтуынша, қазіргі заманғы оқырманды мәтіннен бұрын фото мен видеолар тартады.

Қазақстанда трэвел журналистиканың бастауы терең тарихи негізге ие. Ежелден қазақ даласында жолаушылап жүрген ақын-жыраулар мен би-шешендер өз сапарлары жайлы толғау, терме, аңыз-әңгіме түрінде ақпарат таратып отырған. Бұл жазба түрінде болмаса да, ауызша саяхат репортажының фольклорлық элементтерін танытады.

XIX ғасырда қазақ даласына келген орыс ғалымдары мен этнографтардың сапар жаз- баларында да трэвел журналистиканың белгілері байқалады. Мысалы, П.Семенов- Тянь-Шанский, В.Радлов, А.Левшин сынды зерттеушілер қазақ өлкесін аралап, жол сапарлары жайлы күнделік, жазба, очерк, картографиялық материалдар қалдырған. Алайда, бұл жазбалар қазақ авторлығымен жазылған жоқ, сондықтан олар отандық трэвел журналистика дәстүріне қосалқы үлес ретінде қарастырылады. Ал қазақ трэвел журналистикасының алғашқы үлгісі ретінде Шоқан Уәлихановтың «Қашғарияға сапары» жайлы жазбаларын атай аламыз. Бұл жазбалар қазіргі трэвел контенттің көп белгісін ерте кезеңде-ақ меңгеріп қойғанын дәлелдейді.

Мәселен, бірінші жақтан баяндау тәсілі – бүгінгі блог пен репортаждың басты ерекшелігі. Шоқан сапар барысындағы көрген-білгенін өзі сипаттап, оқырманды бірге ертіп жүргендей әсер қалдырады. Оның еңбектерінде көркем тіл мен ғылыми стиль ұтымды үйлесім тапқан. Ғылыми деректер эмоциямен өріліп, көркем сипат арқылы оқырманды баурап алады. Бұл бүгінгі трэвел журналистер жиі қолданатын сторителлинг тәсіліне сай келеді. Танымдық мазмұн – Шоқан жазбаларының тағы бір құндылығы. Ол Қашғария тарихы мен мәдениетін, дінін, тілін нақты деректермен сипаттап, ғылыми қауымдастыққа ғана емес, жалпы оқырманға да бағыттап жазады. Бұл қазіргі тревел контенттің де басты мақсаты – оқырманға жаңалық ашу. Сонымен қатар, оның жазбалары жол күнделігі формасында құрылған. Хронологиялық ретпен, нақты бағыттар бойынша баяндалатын бұл стиль – бүгінгі трэвел-блогтардың құрылымына өте ұқсас.

Отандық тележурналистикада трэвел форматындағы бағдарламалар тұрақты қалыптасқан. Кейінгі онжылдықта эфирден берілген «Welcome to Kazakhstan» (Kazakh TV), «Сафари» (Хабар), «Маршрут построен» (Хабар 24), «Жолда қабылдау» (Qazaqstan Ұлттық арнасы) жобаларын ерекше атап өтуге болады. Мысалы, «Маршрут построен» бағдарламасында жүргізуші жол сапарында өңірдің табиғи және мәдени нысандарын көрсете отырып, жергілікті халықпен сұхбат құрады. Бұл визуалды сторителлинг, интерактивті трэвел очерк үлгісіне жатады. «Жолда қабылдау» бағдарламаның басты ерекшелігі – аймақ аралау арқылы халықтың тұрмысын, жол инфрақұрылымын, әлеуметтік мәселелерін көрсету. Бұл саяси-әлеуметтік репортаж болғанымен, трэвел журналистика элементтеріне ие: жол маршруты нақты көрсетіледі, аймақтың табиғи-климаттық жағдайы сипатталады, халықпен тікелей сұхбат жүргізіледі. Бұл бағдарлама документалистік трэвел-публицистика форматына жақын.

«Мәдени маршрут». Бұл бағдарлама мәдени-тарихи нысандар мен киелі орындарды таныстыруға арналған. Жанрлық тұрғыдан – мәдени трэвел-шолу, яғни сапар барысында алынған ақпарат пен тарихи деректерге негізделген баяндау үлгісі. Тілді көркем қолдану, көріністі кадрмен сипаттау – трэвел очеркке тән белгілер.

«Хабар» агенттігі өзінің көпформатты құрылымымен және заманауи продакшн әдістерімен ерекшеленеді. Мұнда трэвел контент көркем-деректі және танымдық бағытта ұсынылады. Мысалы, «Сафари» бағдарламасы табиғат қорғау, ұлттық парктер мен аңшылық шаруашылықтар жайлы ақпарат береді. Шоқан Уәлиханов стилінде, яғни табиғат суреті мен деректі баяндау ұштасады. Автор сапар барысында көрерменді бірге ертіп жүреді, табиғи ландшафт, жануарлар әлемі сипатталады, кәсіби операторлық жұмыс визуалды баяндауға әсер береді.

Ал орыс тіліндегі «Маршрут построен» – отандық трэвел бағдарламалардың ішіндегі ең танымал әрі кәсіби деңгейде түсірілген жобалардың бірі. Онда белгілі бір өңірге саяхат жасалып, өңірдің тарихи, географиялық, туристік және әлеуметтік ресурстары жан-жақты ашылады. Мазмұндық құрылымы саяхат картасы және бағдардан, жергілікті халықпен сұхбаттан, деректі материал мен кадрлық реконструкциядан, авторлық рефлексия мен storytelling-тен тұрады. Жанрына келсек, трэвел-документари, деректі телешолу.

«Жиһанкез» – «Қазақстан» ұлттық телеарнасының эфирінде 2010 жылдардың ор- тасында көрсетіле бастаған, кейін бірнеше маусым бойы жалғасқан саяхаттық-танымдық телевизиялық жоба. Бағдарлама жүргізушісі – белгілі журналистәрі саяхатшы Серік Асқарұлы, ол әр шығарылымда еліміздің немесе шет елдердің белгілі бір өңірін аралап, тарихи, мәдени, табиғи нысандар туралы көрерменге ақпарат береді. Бағдарлама қазақ тілінде дайындалған, бұл – оның ұлттық аудиторияны қамтуға бағытталғандығының маңызды көрсеткіші. Әр шығарылым шамамен 20-25 минутқа созылды.

Мұнан бөлек, қалың көрермені бар «Орел и решка» бағдарламасының Қазақстанда түсірілген нұсқалары бірнеше қала мен өңірге арналды. Олардың қатарында Алматы, Астана, Шымкент, Қонаев, Бурабай, Маңғыстау, Түркістан болды.

«Орел и решка» форматының ықпалымен Қазақстанда ұқсас трэвел-жобалар пайда болды. Олардың қатарында «Qazaq Travel» YouTube жобасы. Жергілікті тревел-блогерлер жоғары және төмен бюджетпен саяхаттау тәжірибесін видео түрінде бөлісіп, интерактивті репортаж, күнделікті влог, гид-шолу формасын қалыптастырды. Екінші, «Менің Қазақстаным». Бұл бағдарламада да белгілі бір өңірге саяхат жасап, жүргізуші туристік маршрут, көрнекті орындар, қонақ үй, асхана, тарихи орындар туралы баяндау жүргізеді. Жанр тұрғысынан түпнұсқалық емес, бірақ «Орел и решка» форматына жақындалған жоба. Сондай-ақ «Миллионмен саяхат» YouTube жобасы шектеулі бюджетпен Қазақстан бойынша сапар жасайды.

Еліміздегі «Жас Алаш», «Ана тілі», «Қазақстан Zaman» басылымдарында жарық көрген шығарылымдар да жаңа бағыттан алыс емес. Аталған газеттерде көбіне ұлттық болмысқа, тарихи сапарлар мен киелі мекендерге қатысты мақалалар жарияланып отырады. Бұл материалдар жиі авторлық очерк, жолсапар әсері, мәдениет шолуы түрінде жазылады.

Қазақстанда «Kazakhstan Travel», «Visit Kazakhstan», «QazaqGeography», сондай-ақ өңірлік туризм басқармаларының медиажобалары трэвел журналистикамен тығыз байланысты. Бұл мемлекеттік деңгейде туризмнің имиджін қалыптастыру мен ақпараттық қолдау саясатының бір бөлігі. 2023 жылы Мәдениет және ақпарат министрлігі бекіткен «Ұлттық туризмді дамыту тұжырымдамасы – 2029» құжатында медиа контент өндірушілердің, соның ішінде трэвел журналистердің басты серіктес ретінде танылуы – бұл салаға берілген ресми баға деуге болады.

Ақпараттан тыс, трэвел журналистика маңызды ағартушылық рөл атқарады. Бұл бағыт ұлттық мәдениетті, дәстүр мен тарихи сананы жаңғыртуда ерекше мәнге ие. Төменде трэвел журналистиканың танымдық мүмкіндіктері сипатталады. Біріншіден, тарихи-мәдени мұраны дәріптеу. Көптеген трэвел материалдар тарихи орындар, көне қалалар, ұлттық ескерткіштер туралы баяндайды. Бұл оқырман мен көрерменнің тарихи таным көкжиегін кеңейтеді. Екіншіден, этнографиялық және мәдени-ағартушылық миссия. Қазақтың салт-дәстүрі, тұрмыс-салты, тағам мәдениеті трэвел контенттің маңызды бөлігіне айналды. Бұл – тек сыртқа көрсету емес, ішкі аудитория үшін ұлттық сәйкестікті нығайтатын мазмұн. Кеелсі – тіл мен руханияттың насихаты. Қазақтілді трэвел жобалар арқылы халық ауыз әдебиеті, жер-су атаулары, көне ұғымдар медиа арқылы қайта жаңғырып жатыр. Бұл – рухани жаңғырумен үндес процесс. Ал төртіншіден, экологиялық сана қалыптастыру. Табиғи қорықтар мен ұлттық парктер туралы контенттер қоршаған ортаны қорғауға шақырып, экоағартушылық міндет атқарады.

Трэвел журналистика тек ақпарат тарату құралы емес, ұлттық мәдениетті насихаттау мен туризм саласын ілгерілетудің маңызды құралына айналуда. Болашақта бұл сала елдің халықаралық имиджін қалыптастыруда шешуші рөл атқара алады. Қазақстанның бірегей табиғаты, тарихи ескерткіштері, этномәдени нысандары мен халықтың қонақжайлылығы – жаһандық аудиторияны тартатын мазмұн көзі бола алады. Осы бағытта трэвел журналистер мен контент жасаушылардың рөлі стратегиялық маңызға ие болмақ. Олар тек саяхаттың қызықты тұстарын ғана емес, елдің туристік әлеуетін, қауіпсіздігін, инфрақұрылымын, қызмет сапасын да сараптап жеткізе білуі қажет. Мұндай жан-жақты контент елдің ішкі және сыртқы туризмін дамытуға үлес қосады.

Келешекте трэвел журналистика құрылымдық жағынан маманданған, кәсіби даярлықтан өткен журналистердің саласы ретінде қалыптасуы ықтимал. Яғни, журналист саяхаттаушы ғана емес, сонымен бірге тарих, география, мәдениеттану, лингвистика секілді салалардан базалық білімі бар маман болуға тиіс. Осыған орай жоғары оқу орындарында «Трэвел журналистика» бағыты бойынша арнайы курстар мен модульдер енгізілуі керек. Практикаға бағытталған оқыту жүйесі арқылы студенттер сапар ұйымдастырудан бастап, креативті материал жасауға дейінгі барлық процесті меңгереді. Сонымен қатар, халықаралық журналистикамен ықпалдасу арқылы заманауи талаптарға жауап беретін жаңа буын қалыптасады.

Жаһандық трендтерге сай болашақта экотуризм, этнотуризм және мәдени туризм бағытындағы контенттің маңызы артады. Климаттық өзгеріс, биологиялық әртүрлілікті сақтау, жергілікті халықтың тұрмысымен танысу сияқты тақырыптар трэвел журналистиканың маңызды бағытына айналады. Бұл ретте журналист тек турист емес, қоғам алдындағы жауапкершілікті сезінетін тұлға болуы тиіс.

Қорытындылай келе, трэвел журналистика – болашағы зор, көпқырлы сала. Оның дамуы жаңа технологиялармен, цифрлық медиа құралдарымен тығыз байланысты және заманауи оқырманның сұранысын қанағаттандыра алатын әлеуетке ие. Қазақстанда да бұл сала дами отырып, отандық туризм мен ұлттық мәдениетті танытудың тиімді тетігіне айналуда. Сондықтан бұл бағыттағы журналистиканы дамыту, сапалы кадрлар даярлау және мемлекеттік деңгейде қолдау көрсету – уақыт талабы.

Үміт БАЙТАСОВА

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!