Сұлу саз бен сүбелі сөз бірін-бірі тапқанда ғана ғасырлар бойы шырқалатын ғаламат һәм ғажайып ән дүниеге келеді. Мұндай туындылардың кереметі – тыңдаған жанды тылсымына бөлеп, көңіл кірін аршып алатын құдіретке ие. Күйкі тірліктің күйбеңі қажытып, кеудеміздегі жұдырықтай жұмыр етті тіршіліктің тоты басқанда әлдебір әуезді әнге аңсарың ауады. Тәннің дертіне қай кезде де шипа табылады. Ал жанның дертіне табыла ма?

Музыканың адам жанын емдей алатын қасиеті барын зерттеушілер дәлелдеді. Бірақ әлдебір тыңдарманға шипа болған ән әлдекімнің жан дертінен туындауы әбден мүмкін ғой. Себебі жүректерден орын алған әрбір туындының артында шертілмеген сыр, айтылмаған тарих жатыр.

Түсімде көріп жүретін сәйгүлігім-ау…

Бард ақын Табылды Досымовтың есімі естілгенде «Сәйгүлік» әні санаңда еріксіз жаңғырады. Жарығы жанарыңды қарып, жер-дүниеге сәулесін шашқан сұлу сәйгүліктің жалына жармасып, кең даланың төсінде керіле шауып бара жатқандай күй кешесің. Сөзін жазған ақын Светқали Нұржанов өзінің студенттік шағында жүрегін жарып шыққан жыры жайлы былай тарқатады:

– Бұл – 1981 жылдың күзінде КазГу-дың 8 жатақханасы, 306 бөлмеде дүниеге келген өлең. Ұлттың азаттығы өз алдына, рухтың азаттығы дейтін дүние бар. Рухтың азаттығы өзінің Құдайын, иесін аңсайды. Сол иеге деген ұмтылыс кезінде бейсаналы түрде жазылған өлеңдердің бірі. Жаным қиналған шақта түсіме тұлпар кіреді. Жайдақ мінген жылқым қайта-қайта жығып кете жаздап, алысқа алып кетіп бара жатады. Кейде ойлаймын, сол тұлпар мені жығып кеткен күні демім де таусылатын шығар… – дейді ақын.

«Сәйгүлік» атымен елге тараған туындының алғашқы поэзия нұсқасының тақырыбы – «Элегия». «Жалын» журналында жарық көрген жас ақынның жалынды жырлары жұрт арасында кеңінен тарай бастады. Топ туындының ішіндегі тұла бойыңа рух бітіретін дәл осы өлең жолдары Табылдының көзіне оттай басылып, қайталап оқи берген деседі. Сөйтіп сазгер өзіне ерекше ұнаған өлеңге 1985 жылы ән жазып, ғасырлар бойы шырқайтын ғұмырлы туындыны қазақ даласында қалықтата жөнелді.

Қызығы, халық бард-ақынның тағы бір туындысын дәл осы әнмен шатыстырып жатады. Себебі қос әннің сөзі бөлек болғанымен сазы бір. «Ұйықтап кетсем бір күні оянбай қалам» деп түйінделетін туынды бүгінде «Сәйгүлікпен» қатар орындалып келеді.

Нурикамал кім?

«Нурикамал, камалым-ай» деп келетін осынау ғажап әнді білмейтін қазақ кемде кем. Әнін жазған сазгер Тұрдықылыш Ізтаев болса, сөзін жазған сазгердің жары Ханбибі Есенқарақызы. Отыз бес жыл бұрын дүниеге келген туындының тарихы тіпті қызық.

Ән кейіпкері Нурикамал Сейтжанова жоғары білімі мен ұйымдастырушылық қабілетінің арқасында биліктің биігінде жүрген қайсар қыз болатын. Торғай өңірінің мәдениет бөлімін басқарған ол Шымкент қаласына жұмыс бабымен ауысып келеді. Осы тұста ән авторы Тұрдықылыш Ізтаевпен танысады. Кездейсоқ кездесудің өзі бір кітапқа жүк болардай әсерлі әңгіме. Оқиға былайша өрбиді.

Шымкент қаласындағы бірнеше мекеменің басшылығында жұмыс істейтін жас қызметкерлер табиғат аясында демалыс ұйымдастыруды қолға алады. Олардың арасында ақын Ханбибі мен жары Тұрдықылыш және ән кейіпкері Нурикамал да бар еді. Дәл осы басқосу тамаша туындының дүниеге келуіне себепкер болады.

– Балалармен гүл теріп, қыратта жүргенбіз. Көзім жолдасыма түсіп кетті, темекіні үсті-үстіне тартып қыр басында тұр екен. Ішімнен бұл кісіге не болды екен деп ойладым. Сол кеште Тұрдықылыш Нурикамалды биге шақырды, қыз шықпай қойды. Жолдасымның жан-дүниесінде бір өзгерістің болып жатқанын байқадым, бірақ мән берген жоқпын, – дейді Ханбибі Есенқарақызы.

Таудағы демалыс мәресіне жетіп, қалаға жеткен дос-құрбылар үйді-үйіне тарқайды. Сол түні Тұрдықылыш төргі бөлмеден шықпай, пианиносының пернесі мұңлы бір әуенді төге берді. Қабырғаның арғы жағынан «Нурикамал» деп тынымсыз қайталаған музыканы таңға дейін тыңдаған ақын қолына қағаз бен қалам алып, әнге мәтін жазып шығады.

– Әр қазақтың әйелінің қолынан келмейді. Тарихта Ханбибі деген жалғыз әйелдің қолынан келген дүние бұл. Жолдасының басқа әйелге көзі түссе де, соның күйіне еніп, соны сезініп, өзге әйелге арнап өлең жазып беруі бұл Ханбибінің батырлығы, мәрттігі, – дейді ән кейіпкері Нурикамал Сейтжанова.

Кейін ақын мен ән кейіпкері бала кезден бірге өскен құрбыдай жақын болып кетеді. Тіпті үш қызды дүниеге әкелген Ханбибі апамыз ән кейіпкерінен Тұрдықылышқа тұрмысқа шығып, ұл туып беруін сұраған. Бірақ бұл ұсыныс қос тараптан да қолдау таппаған көрінеді.

Миллион раушан гүл

Ресейдің халық әртісі, танымал әнші Алла Пугачеваның орындауында кеңінен тараған «Миллион алқызыл раушан» әні талайдың жүрегінен орын тапқан тағдырлы туынды. Авторы Андрей Вознесенский ән мәтінін шынайы өмірде болған оқиға негізінде жазған. Басты идея белгілі грузин суретшісі Нико Пиросманидің ғұмырынан алынған.

Суретші 1905 жылы Тифлис театрында өнер көрсеткен Маргарита де Севр есімді актрисаға есі кете ғашық болады. Қыздың назарын аударуды қалап, ықыласына бөлену үшін суретші қаншама құрбандыққа барды. Оның сымбатты келбетін бейнелеп, портретін сыйға тартты. Тіпті бар үмітін үзіп, жерге құласа да қолы жетпеген сол бір қыздың ізін сүйіп жатты. Дегенмен сұлудың тарапынан тәкаппарлықтан басқа ешқандай жауап болмады.

Көрікті қыздың көңілін аулағысы келген суретші басқаша қадам жасауға бел буады. Қылқалам ұшынан туындаған бағалы картиналарының бірін қалдырмай сатылымға шығара бастайды. Соңында түскен қаражатқа есебіне сан жетпейтін түрлі-түсті гүлдерді сатып алып, гүл толы пәуескелерді Маргарита тұратын қонақ үйдің терезелерінің алдына жөнелтеді. Оның ішіне тек раушан ғана емес, сирень, лилия, бегония, акация, пиондар мен басқа да көптеген гүл салынған еді. Ауладағы көз тартатын картинаны көрген Севр еріксіз есігін ашып, алғысы ретінде Пиросманиді алғаш әрі соңғы рет сүйген көрінеді. Себебі актриса көп ұзамай басқа қалаға мәңгілікке қоныс аударып кете барады. Суретшіге одан кейін сүйгенін бір көру бақыты бұйырмаған.

Өкініштісі, Пиросманидің тағдыры қайғылы аяқталды. Ғұмырының соңына дейін жоқшылық кешкен суретші тіпті бір рет тамақтану үшін де тапсырысқа сурет салатын күндері болған. Арада жылдар өтіп, ағайынды Зданевичтер оның еңбектерін елге таныстырды. Тіпті оның туындылары әлемнің назарын аударды. Бірақ бұл тым кеш еді. Себебі дүниені дүр сілкіндірген Пиросмани бұл кезде мәңгілік мекеніне аттанып кеткен болатын.

Осынау оқиғаның негізінде жазылып, 1985 жылы жарыққа шыққан ән бірнеше тілге аударылып, кеңінен тарады.

Ай да, күн де жақсы ғой…

«Өмір сүріп күнменен,
Айды сүйдім түнде мен,
Ай да, күн де жақсы ғой,
Бірін-бірі білмеген…»
Дәл осы төрт қатары кілт сөзіне айналған осынау туындының тарихын әркім әрқалай айтып жүр. Бірі бұл әнді тоқалына арнапты десе, енді бірі күнді жарына, айды көңілдесіне теңеп жатады. Отыз тістен шыққан сөз отыз рулы елге тарап, туынды жайлы жұрт аузындағы алып-қашпа сөз тіпті газет беттерінде сыни мақалаға ұласқан. Алғашқы нұсқасы Нұрлан Өнербаевтың орындауында елге тараған ән кейін Қуандық Рахымның өңдеуімен жарыққа шығып, жаңа нұсқа тыңдарманымен қайта қауышты. Аталған туындының шығу тарихы жайлы автор радиолар мен басылым беттерінде сұхбат береді. Дегенмен әуелде тараған өсек-аяң әлі күнге дейін қызу талқыда.

Әңгімемізге арқау болып отырған әннің сазын да, сөзін де Қайрат Дүйсен-Парман жазған. Ақиқатын автордың ақпаратынан білген абзал.

– Бұл әнді мен 1988 жылы жаздым. Мен ол кезде енді ғана отау құрған 24-25 жастағы жігіт едім. ҚазҰУ-ге оқуға тапсырып жүріп, әнімнің негізгі кейіпкерімен кездейсоқ кездесіп қалдым. Иә, мен ол қызбен үйленбес бұрын да таныс едім. Алайда арамызда аға-қарындас ретінде сыйластық болғанымен, оның мені ұнататынын бұл кездесуге дейін білмеген екенмін. Екеуміз емтихан дайындығына бірге барып, бірге қайтып жүрдік. Ол кезде Алматының қайыңдары қазіргідей ауру-сырқау емес еді. Жайнап тұратын. Төле би мен Масанчының қиылысынан Әуезовке дейін сол қайындарды көлеңкелеп қатар келетінбіз. Әуезовтегі «Алматы кілем» тоқыма фабрикасының жатақханасына жеткен соң, оны сонда қалдырып, өзім Розыбакиевтегі АЗТМ-ның жатақханасына қайтатынмын.

Ол да, мен де аздап өлең жазатын болғандықтан, арамыздағы әңгіме негізінен поэзия, әдебиет тақырыбында өрбитін. Махаббат, сезім жайлы әңгіме айтыла бастаса, мен отбасылы адам екенімді жеткізіп, ол тақырыптан қашқақтайтынмын. Оны өте қатты жақсы көріп кеттім. Бірақ әйелімнің бар екенін, оны шын сүйіп қосылғаным жадымнан бір сәтке де шыққан емес, – дейді автор.

Алматы көшелерінде әдеттегідей дайындықтан қайтып келе жатқан екеудің әңгімесі кенеттен махаббат тақырыбына ойысады. Жігіт сөзді басқа жаққа бұрмалап, абыржи бастайды. Жылдар бойы сезімін жүрегіне жасырып, оның алғашқы қадамын күткен қыз дәл осы сәтте жігіттің жанарына қарап тұрып, «Мен сені өлердей жақсы көрем» деген бір ауыз сөзін айтады да мойнына асылып құлай кетеді. Абдырап қалған жігіт алғашында оны сүйеніп тұр деп ойласа керек. Бойынан әл-дәрмені кеткен қыз шындығында есінен танып қалған болатын. Кеудесін жылдар бойы азаптаған ойлар ақыры айтылды. Бұл мойындау бар намысын шетке ысырып, биігінен құлдырағандай күй кешкен қыз баласына қаншалықты ауыр екенін кім білсін…

Жігіт сасқанынан қызды сүйемелдеп, жол шетіне қатарласа отыра кетеді. Әлден уақытта есін жиған ол жігіттің кеудесіне басын қойып, өкіріп жылайды. Бәлкім кеш қалғанына өкініп жылайды… Жанары боталап тұрып бар сырын ақтарған қыз оның үйленіп кеткеніне өкпесін білдіреді. Мұның сезімінен мүлдем бейхабар жігіт айтарға сөз таппай, сыйластықты сақтап қалғысы келетінін жеткізеді.

– Мен ағалы-қарындас болып сыйласып қалайық, отбасымды бұза алмаймын деп, оны жұбатумен болдым. Құшақтап, еркелетіп, бетінен сүйдім, шашынан сипадым. Бірақ біз одан әріге барған емеспіз. Сондықтан әлгі айтылған «тоқалына немесе ашынасына арнап жазылған ән болуы керек» дегеннің бәрі бос қаңқу сөз. Әнімнің кейіпкерінің есімін сол кезде де айтпағанмын. Қазір де айтпаймын. Оның себебі өздеріңізге де мәлім. Ол еш алаңсыз бақытты ғұмыр кешуге әбден лайықты жан… – деп жазды Қайрат Әбсатұлы әлеуметтік желідегі парақшасына.

Тағдырлы туындының авторы Қайрат Дүйсен-Парман 2020 жылы 56 жасқа қараған шағында келместің кемесіне мініп, мәңгілік мекеніне аттанды.

Таптым-ау сені!

Жастар арасында кеңінен танымал әнші-сазгер Қазыбек Құрайыштың туындылары талайды тебірентіп, тіпті шетел асып үлгерді. Талғамы биік тыңдарманның жүрегінен орын тапқан әндерінің бірі «Таптым-ау сені» деп аталады. Мәтініне мән берген жан бұл әнді сүйген адамына арнаған деуі әбден мүмкін. Шындығында бұл туындының шығу тарихы тіптен басқаша. Білген жайды баяндап берейік!

Қыз баласы 24-25 жастан асқаннан бастап айналасынан, ағайын-туыс, алыс-жақынынан еститіні – «Қашан тұрмыс құрасың?» деген сұрақ. Біздің қоғам жеке тұлғаның шекарасынан аттап өтетін кейбір сұрақтың нағыз мәдениетсіздік екенін әлі күнге дейін ұғына алмай келеді. Бұл елде әйелдің, қыздың статусы «тұлға», «адам» ретінде мойындалмағаны шығар бәлкім…

Дәл осы жаныңды жегідей жеп, қарадай қажытатын сөздер Қазыбектің әпкесін де айналып өтпеді. Басына бақ құсының қашан қонатынын адам баласы ешқашан болжап біле алмайды. Әйтпесе бақытты ғұмыр сүруді кім қаламайды дейсің. Дәл солай тағдырындағы теңін күткен әпкесі Қазыбекке ара-тұра ақтарылып, сырын бөлісетін көрінеді. Қайда барса да қайталанған әлгі сұрақты айтып, кейде көз жасына да ерік береді.

Арада айлар өтіп, уақыт сырғи береді. Кезекті сапарына дайындық үстінде жүрген Қазыбекке қоңырау келіп түседі. Телефонды құлағына тосқанда әпкесінің «Таптым… теңімді таптым» деген қуаныш һәм өксік аралас үні сазгер жүрегіне қозғау салған екен. Автордың айтуынша тұтқаны қойған сол бір сәт, аз ғана уақыт ішінде сөзі мен сазы қатар дүниеге келген.

…Бақыттан күдер үзіп жүргенде,
Таптым ау сені,
Жүрегімнің емі! – деп келетін ғажайып ән жолдары жаныңды жылылыққа толтырып, үміт үзбеуге үгіттейді. Алғаш тыңдаған сәттегі әсерім әлдекімге деген кіршіксіз сезімді бейнелеп берген болатын. Ал туындының тарихын білгелі бұл әнді ести қалсам қиялымдағы махаббат емес, қазіргі қазақ қоғамындағы қилы-қилы қыз тағдыры ойыма оралады.

Әрбір адамның тағдыры һәм таңдауы болады. Тұлғаның таңдауын құрметтей білейік!

Аружан ОРАЛБАЙ

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!