Сонау адамзат пайда болған ықылым заманнан бері қаншама тарихи оқиға өтті десеңізші… Міне, осындай жайттың бірі – қазақ ұлтының пайда болуы мен осы күнге дейін тарих сахнасынан біржола жойылып кетпей сақталып қалғаны, өз ұрпақтарына ұлан-байтақ жерді аманаттап кеткені.
Жаугершілік заманда қазақтың ұлан-ғайыр атырабына көз тігіп, қызыға қарап, осынау алқапты алғысы келген дұшпандар көп болды. Сол дұшпанды жермен жексен етіп, өз болашағы үшін қасық қаны қалғанша күрескен ерлеріміз ел есінде. Бар ғұмырын ат үстінде ел күзетіп өткізген батырлар жерімізді жаудан қорып, ел тұтастығын сақтау жолында шейіт болған. Солардың қатарында Әз-Тәуке ханның тұсында тұлпар мініп, ту алған, ақ найзамен жауына ұрандап шауып, білек күшімен бірге жүрек күшін тең ұстаған тұлғалардың бірі – Текей батыр Қарпықұлы.
Батыр шамамен 1667 жылы Ақтайлақ өңірінде дүниеге келген белгілі қаһарман, Әз-Тәукенің даңқты қолбасшысы, дарабозы. Сыр елінде оны Тәуке ханның үзеңгілес серігі, бас батыры ретінде атайды. Тегіне келсек, Кіші жүз Алшын – Қаракесек – Кете – Қара аталығынан шыққан. Оның әкесі Асанұлы Қарпық батыр, Текейдің ағасы Құдайназар батыр, інісі Қарабазар батыр, заманында елін қорғаған айтулы ерлер болған.
Ел аузындағы әңгімелерге сүйенсек, Текей батыр ұрыста ғана емес, бейбіт күнде де палуан әрі ғажап дауысты әнші болған деседі. Оның есімі Сыр сүлейлерінің шығармаларында жиі айтылады. Әйгілі Тұрмағамбет, Шегебай Бектасұлы және Аманжол ақындар оған арнап дастан шығарған. Журналист- жазушы Мырқы Исаев 1994 жылы «Әз Тәукенің Текей батыры» деген кітап құрастырды.
Бұрынғы өткен жаугершілік заманда халқымыз көшіп-қонып өмір сүріп жатқан кездерде көктем келіп, жан-жақ нұрға бөленіп, күн жылынып, ел қыстаудан шығып, мәре-сәре болып жатқанда танымал Қарпық батыр ұлды болыпты. Дүниеге шекесі торсықтай Текейдей батыр келеді. Текей кішкентайынан батыл, қайратты болып өседі. Жасы он үшке толғанда бес қаруын асынып, сырттан келген дұшпанға тойтарыс беру мақсатында соғыстың әдіс-тәсілдерін үйреніп, өзін шыңдай береді. Құдайназар ағасы да батырды сырттай бақылып, көңілі тоқ жүреді. Текей жебені нысанаға дәл тигізіп, найза мен айбалтаны пайдаланып, қылыштасу өнерін де үйрене бастайды.
Күндердің бір күнінде Ұлы жүзге аты мәлім Әуіп палуан Сыр өңіріне келіп, «Менімен белдесуге дәті жететін палуан бар ма? – деп жар салады. Жылқы бағып жүрген жас Текей мұны естіп, Әуіп палуанды іздеп келеді. Биік төбе басында екеуі біраз белдесіп, аты мәшһүр Әуіптің жауырынын жерге тигізеді. Текейдің есімі содан бастап аңызға айналып, алты Алашқа мәлім болады. Еліне қорған болар ер шықты деп, халық шуласып, Текейді төбелеріне көтереді.
Текей батыр туралы ел арасында бір аңыз әңгіме таралған. «Іштен шыққан жау жаман» демекші, қырғыздар елге шабуыл жасап, бір туған ағайын қастық қылғанда Текей қой бағып жүрген жас бала еді. Қасында кішкентайынан бірге өскен досы Керейт Бидас бар. Екеуі қашанғы ел арасында жүре береміз, майданға біз де кірісейік, жерімізді жаудан қорғайық деп келісіп, қаруларын асынып, жорыққа шыққандардың артынан ереді. Қалың қол тауға келіп тірелген екен. Қалмақтың асуында айдаһар бар, содан өте алмай тұрған қолды ер Текей құтқарып, айдаһармен алысып, екі көзін ағызып түсірген деседі. Міне, осы күннен бастап Текейдің аты тіпті кеңге жайылды. Асқан ерлігі айтылып, батыр деп дәріптелді.
Сыр сүлейлерінің жырында кездесетін айдаһардың басын шапты деп суреттеуі осы оқиғаның астарын анықтай түседі. Нұрымбет сары Шегебай жыраудың: Енді берме келейік, Қарпықтың ұлы Текейге, Айдаһардың таудағы Басын кесіп ерлеген, Уақытында қадамы, Болды ма жері жеңбеген, Ордасын бұзып қалмақтың, Арыстандай өтіпті, Ұранға шығып өрлеген, – деп жырлауы айдаһар тулы Жоңғарға қырғидай тиген батырдың ерлігінен туындаған.
1645 жылы Тәуке ханның әкесі Жәңгір хан мерт болып, жас Тәукені мұрагерлік жолымен хан көтерді. Осы құрылтайда Тәуке хан ер жетіп, тізгін ұстағанша Алашты басқаратын әрі Тәукені тәрбиелейтін аталық сайламақшы болады. Бұл құрылтай қазіргі Кентау қаласының іргесіндегі Хан тағы деген жерде өтті. Халықтың қалауы аталық болуға лайық кісілер Қара Кете Текей батыр және Бидас батырға түсті. Бидас батыр мен Текей батыр бала күндерінен іргелері ажырамаған достар болатын. Сондықтан құрылтайда Текей батыр дауысқа түспей, жолын Бидас батырға береді.
Текей батыр өмір сүрген Тәуке ханның заманында сәл де болса тыныштық пен бейбітшілік орнады. Дегенмен жаугершілік заманда, ел басына күн туған сәттерде ол өзінің қолбасшылық дарыны мен батырлығын таныта білді. Тәуке ханның әкесі салқам Жәңгір шайқаста қаза тапқандықтан Тәукенің айналасындағы батырлар мен билер ұлы жорықтарда ханды алға шығармауға кеңес берді. Осылайша батырлар алдыңғы шепте жүріп, қолбасшылық етті. Осы тұста, яғни 1689 және 1702 жылдардағы жоңғарларға жасалған жорықтар, содан кейін 1711, 1712, 1714 жылдардағы жоңғарлардың қазақ даласына үш дүркін баса көктеп кірген жорығын тоқтату жолындағы ірі шайқастарда Текей батыр айрықша көзге түседі.
Қалмаққа болысқан қырғыздың ханы Елікейдің ордасын бұзып, қызын олжаласа да дала заңынан аттамаған. Қанша жауы болса да дәстүрді сыйлап, қиянатқа жол бермеген. Елікейдің қызы Бөке сұлуды Текей батыр әйелдікке алады.
Қырғыздарға қарсы жорықта батырдың сарбазы алтын бесікте жатқан сәбиді өлтірмекші болғанда, сәбиді өлімге қимай, еліне өзімен бірге әкеліп, Бөке сұлудың бауырына салып, оған Ұлтай деп ат береді. Бөке сұлу осыдан кейін 3 ұл табады. Олар – Ақкөбек, Абақан, Құтпанбет. Ал екінші әйелі жоңғар қызы болады. Одан Кеген батыр, үшінші әйелінен Шымырбай батыр туады.
Кеген батырдың туылуы туралы тарихта мынадай аңыз-әңгіме қалған. Кезекті бір жорықта қалмақтар «Жекпе-жек» деп айқай салады. Қазақтардың арасынан қымсынбай, қорықпай, басын бәйгеге тігіп ер Текей суырылып ортаға шығады. Ал қалмақтардың ішінен көзі қанға толған, қан тілеген қас батыр Кеген шығады. Осыған дейінгі сан шайқаста қазақтардың қанша батырын жеңген Кеген енді Текеймен күш сынасады. Шоқпармен де шайқасып, ақ найзамен айқасып, алдаспан, қылыштармен күш сынасып, ақыры Кеген батырдың басын шауып, кеудесі аттың үстінде ұзақ тұрып барып, ат үстінен аунап түседі. Бұдан кейін Текей батырдың мерейі одан әрі асып, абыройы арта түседі. Сонда Текей батыр: «егер ұлды болсам сенің құрметіңе атын Кеген қоямын» деген екен.
Кейін Текей батыр мен Бидас досы екеуі бірігіп, балаларды соғыс өнеріне баулитын мектеп ашады. Қазақтың жас балаларын кішкентай кездерінен шынықтырып, батылдыққа, соғыстың сан түрлі әдіс-тәсілдерін үйретуге құрылған бұл мектептен тама Есет, Шекті, Тайман, табын Бөгенбай сынды батырлар түлеп ұшқан.
1718 жылы Тәуке хан қайтыс болған соң сұлтандар арасында таққа талас басталып, елде саяси тұрақсыздық белең алды. Бұл жағдайды өз пайдасына жаратуды көздеген жоңғарлар қазақ даласына қайтадан лап қойды. Осылайша қазақтардың басына қара бұлт үйіріліп, халқымыз елім айлап еңіреп, он адам болса соның алтауы ажал құшып жатты. Тағдырымыз қыл үстінде тұрды. Сол кезде де ер Текей атқа қонып, Қарақұмда қазақтар қаһарланып, қалмақтарға үлкен соққы берді. «Жауқашты», «Бұланты», «Қалмаққырылған», «Аңырақай» деген атпен тарихта қалған ірі шайқастар осы кезеңдерде болып, қазақтар қалмақтарды біржолата тарих сахнасынан аластатты.
Кейін соғыстан қажып, Текей батыр жұртымен бірге Жаңадария маңында Қызылқұмды бойлай қоныстанады. Жорықта жүріп өзге елдің мәдениеті және салт-дәстүрімен етене таныс Текей батыр халқының әл-ауқатын жақсарту үшін отырықшылыққа бейімдеп, қала салады. Талай жылға созылған жаугершіліктен шаршап, еңсесі түскен елді асырау үшін егін егіп, қолөнер мен сауданы дамытты. Өзінің алысты ойлап, болашақты болжай білетін дана тұлға екенін көрсетті.
Өмірінің соңында ұлдарын шақырып, үлкен ұлы Абақанға бірлікті, Ақкөбекке билікті, Құтпанбетке балуандықты, Шымырбайға байлықты, Кегенге батырлықты, Ұлтайға шанышқыны мұра етіп, батасын береді. Содан бері ел аузында «Ұлтайдан ұл туса, балыққа күн туады» деген мәтел қалған.
XVIII-XIX ғасырларда жасалған жинақтар мен карталарда Кете қазған, Сарықасқа, Сарыбай атты құдықтар мен Сырлытам, Торбай белгісі сияқты жер атаулары бар. Кейінгі зерттеушілер Кете қазған құдығын «Текей қазған» деп атап жүр. Көнекөз қариялардың айтуынша осы құдықты Текей батыр қаздырғандықтан кейіннен «Текей қазған» деп аталады. Осы аймақта «Текей құмы» деген жер атаулардың бар екені де белгілі.
Саналы ғұмырын жерін жаудан қорғауға арнап, балалары мен болашақ үшін күрескен, халқының қамы үшін аттан түспей, айбатымен, қаһарымен дұшпандарды жерден біржола қуып, елдің есінде жатталған Текей Қарпықұлының өмір тарихы міне, осындай. Ол – елдік жолында батырлықтың үлгісін көрсетіп, Тәуке ханның бас батыры болған даңқты қолбасшы, ұлт тұтастығын сақтауға үлес қосқан дарабоз.
Әнсая ӘЗИЗҚЫЗЫ,
Қармақшы аудандық тарихи өлкетану музейінің әдіскері
Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!