Аралдың ақ толқынынан шабыт алып, теңіз жағасында талай жан қалам тербеді. Бірі прозаға бағыт алса, енді бірі поэзияға жол тартып, өздерінің биігін бағындырды. Бірақ олардың кеуде сарайында теңізге деген сағыныш менмұндалап тұр. Мұны Аралдан шыққан әр қаламгердің туындысынан байқауға болады. Ақбастының төл перзенті Өтебай Серәлі дүниежүзілік теңіз күні қарсаңында «Жырлайды теңіз жырлайды» және «Теңіз әңгімелері» атты қос кітаптың тұсауын кесті.
Әбділда Тәжібаев атындағы облыстық әмбебап ғылыми кітапханада өткен жиынға зиялы қауым өкілдері, кітапхана оқырмандары мен мектеп оқушылары қатысты. Олар бүгін қаламгердің туындылары арқылы өткен ғасырда көлемі жөнінен әлемде төртінші орын алған теңіздің бүгінгі тағдырына назар салды. Теңіздің буырқанған толқынын көзімен көргендер табиғаттың жанайқайын жеткізді. Өтебай Серәлінің өлеңдері мен әңгімелерінде Ақбасты ғана емес, Аралдың кешегісі мен бүгіні сөз болған.
– Аралдың қасіреті – әлемнің қасіреті. Кешегі теңіздің қайнаған тіршілігін көзбен көрген біздің қаламымыздан тулаған толқынға деген сағыныштың қылаң беруі – заңдылық. Менің кейіпкерлерім – Арал халқы. Ақбастының әрбір тұрғыны менің туындыларымда тұр. Бұл – туған жердің алдындағы перзенттік парыздың бір бөлігі ғана. Әбдіжәміл ағамыз «Қан мен терді», «Соңғы парызды» да осы елдің алдындағы парызындай етіп жазып кетті. Қалам ұстаған біз де соған ниеттіміз. Бала күнгі шомылып өскен, жағасында ер жеткен теңіз қайтып келсе екен деген үлкен арман мен сағыныш қолға қалам ұстатты, – дейді Өтебай Серәлі.
Жиында ақын өлеңдері оқылды. Ал прозаларынан кітапхананың жас оқырмандары қойылым даярлап, көрермен көңіліне жол тапты. Сыр елінің талантты перзенті Бексұлтан Орынбасар терме айтып, ұлттық өнердің ұлылығын паш етті. Ал «Тұран-Арал» қоғамдық қорының мүшесі Әлібек Сабырбаев қаламгер шығармаларындағы Аралды қайтару жолын қарастыратын бүгінгі қадамдармен бөлісті.
– Көп жыл мұнай саласында жұмыс істедім. Мамандығым – инженер-гидротехник. Өткен жылдан бері қорға мүшелікке өтіп, Арал мәселесімен айналысып жүрмін. «Құмда қалған кемелер» деген кітап та жаздым. Аралдың мәселесін 1988 жылы Еркін Әуелбеков Мәскеуде мінберде айтып, содан бері қозғау салынған. Аралға су керек деп дабыра қылғаннан мәселе шешілмейді, түйткілді тарқатудың бірнеше жолы бар. Ең біріншісі, суды ұрлап пайдалануды доғару керек. Кеше ғана естіп отырмыз, Түркістанда негізгі жоспардан бес есе артық күріш егілген. Сала министрі бір жылда үш рет келді. Бұл тегін емес, осы жағдайды өз көзімен көріп, мәселеге төтесінен қарап жүр. Мен сіздерге бір дерек айтайын, Өзбекстанда 44 млрд текше метр өлі су жатыр. Ол – біздің су, алайын десек, жер – өзбектікі. Осындай үлкен мәселелер бар, – деді ол.
Ақын Ержеңіс Әбдінің туған ауылға арналған «Балықшылар ауылы» деген өлеңі бар. Сол өлеңнің:
«Біздің елде осындай бір ауыл бар,
Көк теңізге кіндігімен байланған», – деп келетін жолдары ойға оралғанда теңіз төсіндегі әр жанның биік-биік армандары да Аралдың айналасындағы тіршілікке жан бітіп, қайырда қалған қайықтардың ерсілі-қарсылы шапқылауы екенін білесіз. Иә, кітаптың өң бойында Аралды жағалай жайғасқан ауылдың біз айтқан армандары айғайлап тұр.
Айтпақшы, кітаптың тұсауын кесу құрметіне Әлібек Сабырбаев, Еркін Әбіл және Гауһар Қожахметова ие болды.
Аян СПАНДИЯР
Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!