Өнерге берілетін баға премиямен, халықаралық дәрежедегі құнды сыйлықпен өлшенбейтіні анық. «Оскар» алмаса да өз құнын жоғалтпаған, көптің талғам таразысынан шыққан кинотуындылар аз емес. Соған қарамастан жыл сайын өтетін кинофестивальдерді көпшілік асыға күтеді, ал режиссерлар мен киноиндустриядағы мамандар үшін бұл мерекеден кем түспейді. Себебі әлемдегі атақты кәсіби киносыншылар қазылық жасағанда туындының сапасы мен тұтастай түсірілім тобының еңбегі үздік деп мойындалып жатса, жетістік емес пе? Осы орайда кино мамандары құштар танымал 10 кинопремия жайлы сөз етеміз.
«Ника» – 1987 жылы құрылған Ресей кинематографиялық өнер академиясының жыл сайын өткізетін ұлттық марапаты. Академияның көркемдік жетекшісі және жартылай негізін қалаушы Юлий Гузман. Жиырма түрлі номинация бойынша марапаттау кезінде ұсынылатын сыйлық мүсіншенің өзі ежелгі гректердің жеңіс құдайы Никті бейнелейді. Фестивальде тек ресейлік режиссерлердің, сондай-ақ Балтық және ТМД елдерінің фильмдері көрсетіледі.
Алғашында «Алтын шиыршық» аталған американдық марапат «Сатурнды» 1972 жылдан бастап Ғылыми фантастика академиясы ұсынып келеді. Марапат академияның бірнеше өкілінің дауыс беру нәтижесі бойынша беріледі. Сыйлықтың негізін қалаушы – Дональд Рид. Аталған сыйлық фэнтези жанрын ұнататындар үшін өте танымал. Айта кету керек, 1991 жылдан бастап бұл марапат үздік сериалға беріліп келсе, 2001 жылдан бері DVD шығарылымдары үшін бекітілген.
1944 жылдан бастап әр қаңтар сайын Голливудта халықаралық баспасөз қауымдастығының дауыс беруі арқылы анықталатын ерекше марапат – «Алтын глобус». Осы уақытқа дейін қауымдастық көптеген жаңа, ерекше номинацияларды енгізіп келеді. Соның ішінде үздік киноға арналған номинация да бөлек тағайындалды. Сонымен қатар Америкада бұл сыйлық әлі күнге дейін «Оскардан» кейінгі екінші маңызды сыйлық болып саналады.
«Алтын пальма бұтағы» – Канн фестивалінде алуға болатын ең жоғары әрі танымал марапат. Оның қазіргі атауы мен формасы 1955 жылы ғана пайда болды. Оған дейін марапат «Гран-при» деп аталған екен. Пальма бұтағын Кан қаласының елтаңбасынан табуға болады, бұл сыйлық символы ретінде бұтақты таңдауға серпін бергені түсінікті жайт.
Келесі фильм сыйлығы Берлин фестивалінің ең сүйікті және ерекше марапаты десек, артық емес. «Алтын аюға» лайықты кинотуын­дыны халықара­лық сыншы­лардан құрылған қазылар алқасы анықтайды. Мүсінше бейнесінің авторы – атақты неміс мүсіншісі Рене Синтенис. 2011 жылы аталған сыйлық өзінің мерейлі алпыс жылдық туған күнін атап өтті. Берлин фестивалі барлық елдің картиналарын ұсынуға деген белсенді альтруистік көзқарасымен ерекшеленеді, сондықтан қазылар алқасы жыл сайын әлемнің түкпір-түкпірінен режиссерлердің ондаған туындысынын қатыстырады. Оның ішінде Азия немесе Шығыс Еуропа, тіпті ішінара Америка ұсынған фильмдер сыйлыққа жиі ие болады. Соңғы жылдары кинофестиваль «Күміс аюды» да бере бастады.
«Алтын арыстан» сыйлығы –Венеция кинофестиваліндегі ең жоғары марапаттың бірі. Ол 1934-1942 жылдары киноиндустриядағы басты сыйлық ретінде танымал болған. Кинофестивальдің өзі тәуелсіз авторлық киноны сүйетіндер арасында маңызға ие. Мұнда дәл осындай жанрдағы фильмдердің лауреат болуға мүмкіндігі бар.
Францияның кино саласындағы ұлттық сыйлығы – «Сезар» 1976 жылдан бастап өнер академиясының мүшелеріне, басқа да көптеген марапат секілді дауыс беру нәтижелеріне қарай беріледі. Сыйлық ХХ ғасырдағы әйгілі француз мүсіншісі және суретші – Сезар Балдаччинидің атын иемденген. Мерекелік марапаттау әр ақпанда Париж театрларының бірінде өткізіледі. Бір қызығы, ұйымдастырушылар бастапқыда «Сезарды» «Оскардың» көшірмесі ретінде тек француз тілінде өткізуді жоспарласа,1975 жылы өткізілген алғашқы рәсімнен бастап ол бүкіл Еуропалық картиналарды асыға күтетін фестивальге айналды.
1947 жылдан бастап Британдық кино академиясының ұйымдастыруымен өтетін «BAFTA» сыйлығы негізінен үздік компьютерлік ойын, теледидар өнері және кино саласындағы жетістіктер үшін беріледі. Лауреаттарға арналған сыйлық – алтыннан жасалған ерекше бетперде. Ал алғаш рет «BAFTA» сыйлығының иегерлері Лондонда 1948 жылы марапатталған.
Американдық Джон Уилсон ойлап тапқан «Алтын таңқурайдың» ерекшелігі – сәтсіз сценарий, ұнамсыз актерлік ойын және сапасыз түсірілімдерге берілуінде. 11 елден келетін 400-ге жуық қатысушының арасынан үздік картинаны, яғни сыни көзқарас бойынша нашар жұмыстарды таңдауда құпиялылық сақталады.
Кино әлеміндегі ең көне және ең беделді салалық сыйлықтың «Оскар» екені бәріне мәлім. Аңызға айналған «Оскар» – АҚШ-тың бас кинопремиясы. Мүсіншесінің дизайнын Седрик Гиббонс жасаған. Атауы тек 1939 жылы пайда болған. Ең көп таралған нұсқаға сүйенсек, марапат Академия кітапханашысы Маргарет Херриктің ұсынысына сай солай аталған деседі. «Бұл мүсін менің ағам Оскарды еске түсіреді!» – дейді ол. Өткенге кері шегініс жасасақ, «Оскар» мүсіншесін иемденуден рекордық көрсеткіш орнатқан – Walt Disney Pictures студиясы осы күнге дейін 26 марапатқа лайық деп танылған. Ал марапат саны бойынша рекордты үш фильм бөліседі: «Бен-Гур» (1959), «Титаник» (1997) және «Сақиналардың иесі: патшаның оралуы» (2003) туындылары 11 реттен «Оскар» премиясын иемденген.

Дина БӨКЕБАЙ

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!