1 желтоқсан – Тұңғыш Президент күні. Бұл күн – республика жұртшылығын Елбасының жанына топтастыратын тағы бір бүкілхалықтық мереке. Еліміз тәуелсіздік алған күннен басталған президенттік институт барлық қиыншылықты еңсеруге жол ашып қана қоймай, экономикасы қарқынды дамыған мемлекетке айналуға мүмкіндік берді. Бұл күннің шығу төркініне шолу жасар болсақ, 2011 жылдың 10 желтоқсаны күні ҚР Парламент Сенаты депутаттарының бастамасымен «Қазақстан Республикасындағы мерекелер туралы» ҚР Заңына толықтыру енгізу туралы» ҚР Заңы қабылданды. Бұл заң Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті Күнін белгілеген еді.

Жалпы, Тәуелсіз Қазақстанның дүниеге келуінің ұлы шежіресі бірқатар тарихи кезеңдерден тұрады. Олар: 1990 жылдың сәуірінде  Н.Назарбаевты Республика Президенті лауазымына тағайындау, 1990 жылдың қазанында  Қазақстанның тәуелсіздігі туралы Декларация, 1991 жылдың тамызында  Семей ядролық сынақ полигонының жабылуы және республикалық егемен алтын-валюта қорын құру, 1991 жылдың желтоқсанында  алғашқы бүкілхалықтық президенттік сайлау, біздің мемлекетіміздің жаңа атауы туралы шешім қабылдау, 16 желтоқсанда  «Қазақстанның мемлекеттік тәуелсіздігі туралы» Конституциялық заңды қабылдау, 1993 жылдың 15 қарашасында – өзіміздің ұлттық валютаны және қаржы жүйесін енгізу.

Елбасы Н.Назарбаев айрықша атап өтетін Тәуелсіздік жолындағы шежіреде Қазақстан халқы сол бір тағдыршешті кезеңде жүріп өткен үш шешуші тарихи белес бар. Оның біріншісі, біздің еліміздің алғашқы абсолютті егемен мемлекеттік актісі  Семей полигонын жабу туралы Жарлыққа қол қойылуы.

Екінші белес – 1991 жылдың 1 желтоқсанында біздің халқымыздың тарихында алғаш рет өткен жалпыға ортақ Қазақстан Президенті сайлауы. Үшінші белес – «Қазақстан Республикасының Мемлекеттік тәуелсіздігі туралы» Конституциялық заңның қабылдануы.

Әрине мұндай атаулы күн өркениетті елдердің көбінде бар. Мәселен, АҚШ-та 1971 жылы Президент Ричард Никсонның ұсынысымен және Конгресстің шешімімен әр ақпанның үшінші дүйсенбісі «Президент күні» болып жарияланып, ресми мерекелер қатарына қосылды. АҚШ-тың тұңғыш Президенті Джордж Вашингтонның туған күніне сәйкес келетін бұл мерекеде әсіресе жастарды отаншылдыққа, елшілдікке тәрбиелеу мақсатында түрлі шаралар өткізіледі. Сол сияқты Британияда маусым айында патшайымның туған күні салтанатты жағдайда, мемлекеттік деңгейде өтеді. Шығыстағы Жапонияда императордың туған күніне айрықша мән беріледі. Мұндай мысалдарды көптеп келтіруге болады.

Әр жерде әрқалай аталғанымен Президент күні елді топтастырып, жұртты жұмылдырып, жастарды мемлекетшілдікке тәрбиелейді. Сондықтан бұл мемлекетті орнықтырып, тәуелсіздігін енді нықтап келе жатқан біздің еліміз үшін де тағылымы мол мереке.

 Тарихқа үңілсек, байырғы бабаларымыз хан мен қағанға ерекше ілтипат көрсетіп, оларға Тәңірдің құты ретінде құрметпен қараған. Солардың ішінде әсіресе халықты бодандықтан құтқарған, ел түзген, мемлекет құрған қағандарды айрықша әспеттеп, оларды Елтеріс, Құтлық деп атап, ұлыстың атасына балағаны да белгілі жайт. Бұл жағдай бертінге дейін жалғасып келді. Хан Кененің басынан айырылғалы қазақ халқы құты мен қасиетінен қол үзіп, елдігінен ажырады. Алаш пен азаттық арасында үзіліп қалған сол алтын арқау тәуелсіздікпен бірге қайта жалғанды. Қазақ жұрты елдікпен бірге Елбасылы болды, Елбасы арқылы елдігін дамытты. Сондықтан Елбасы ұғымы – Ту, Елтаңба, Әнұран сияқты мемлекеттің елдігі мен бірлігін, тәуелсіздігі мен тұтастығын айқындайтын негізгі рәміздердің бірі. Осыған байланысты Елбасына деген құрметті елдікке құрмет деп қараған жөн сияқты. Ендеше Елбасы күнін атап өтуді тәуелсіздікті тұғырлы ете түсетін ерекше күннің бірі деп санаймын.

Ерхан АҚЫН

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!