Тамыры терең жайылған, тарихы кенен кешегі,
Сырланған сиқыр сырлары, дариясымен еседі.
Қасиет қонған көліне, есімі ерен Сыр елі,
Маңдайдан сипар самалы, дархан даламен көшеді.


Барына жырдың толғана, бағына бағы жармасқан,
Ғасырлар жатыр жолында Бетпақ даланы шаң басқан.
Мәдина шыққан әнімен, бұлбұлы болып елінің,
Ғани да шықты Сырымнан, ұлылар-дағы алдаспан.


Салғанда сәнді сазды әнге, салқындай қоймас сана мың,
Ауасы дара ауылдың, Қызылордадай қаланың.
Ырысың қайнар бақ болып, күрішің тағы жайнаған,
Күніне күйіп күй болған, жасара түскен жанарым.


Бабалар үні боздаған, дастаны болып арнала,
Бағаңа жетпен, боз далам, құдіреті бар Аруана.
Қазынам етсем ұласып, ұлылығыңды ұғатын,
Әріге кетсем қыр асып, сағынам сені сары дала.


Айналған әсем әніме, аңыз да болған құнар күш,
Көгінде қаққан қанатын, бағына біткен қыран құс.
Абыз бабаның Тұраны, аңыз даланың жыр әні,
Құшағын ашқан бәріне, туған жер, саған мың алғыс!


Гүлім ҚУАНЫШБАЙ,
М.Мәметова атындағы Қызылорда педагогикалық
жоғары колледжінің студенті

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!