Туризм – көптеген елдерде басымдығы мол сала. Деректерге сүйенсек, 2030 жылға қарай жалпылама көрсеткіш бойынша 1,8 млрд-тан астам адам ел аралауға шығады деп күтіліп отыр. Бұл – осыншалықты адам халықаралық шекараны асады деген сөз. Ал, Қазақстанға келер болсақ, бізде бұл үдеріс енді басталып, біртіндеп қолға алынуда. Еліміздегі демалу мүмкіндіктері жайлы әлем жұртшылығы жайлап біліп жатыр. Жақында Алматы облысының орталығы – Қонаев қаласында өткен «Туризм мен жаңа коммуникацияларды дамытудағы БАҚ-тың маңызы» тақырыбындағы І Халықаралық медиа және туризм форумы тақырыпқа түрен салып, туризмнің әлеуетін арттыруға сеп болды деуге негіз бар.
Ауқымды шараға Қазақстан мен Бельгия, Түркия, Британия, Франция, Австрия, Нидерланд, Германия, Бельгия, Швейцария, Молдова, Өзбекстан, Қырғызстан және Әзірбайжан елінен 200-ден аса БАҚ басшылары, журналистер, PR-менеджерлер, баспасөз хатшылары, медиа саласындағы үкіметтік емес ұйым өкілдері қатысты. Алғысөзді Алматы облысының әкімі Марат Сұлтанғазиев алып, туризмді дамыту, халықтың өмір сапасын арттыру өңірдегі басты міндеттердің бірі екенін атап өтті.
«Қонаев қаласында қос бірдей халықаралық деңгейдегі шара – Медиа және туризмнің халықаралық форумы және әуе шарларының фестивалі өтіп жатыр. Әлемнің 15-ке жуық мемлекетінің және еліміздің көптеген өңірінің БАҚ өкілдері қатысып отырған медиа форумның маңызы зор. Бұл ірі екі шара өңір туралы ақпараттық кеңістікте оң пікір қалыптастырады деген сенімдеміз. Себебі Алматы облысы үшін туризмді дамыту – маңызды экономикалық фактор», – деді ол.
Өңір басшысы аймақта атқарылып жатқан іс-шаралардың маңызын, туризмдегі инфрақұрылым, қызмет сапасын көтеру сынды бүгінгі өзекті мәселелерді қозғай келе мына жайтты айтты: «Алматы облысында кәсіпкерлер туристік нысан салса, шығындарының 10%-ын, жол бойындағы сервистік нысандарды салса 10%-ын, туристік автобус алса 25%-ын қайтару механизмі қарастырылған».
Медиа форумның ашылу салтанатына Ақпарат және қоғамдық даму министрі Дархан Қыдырәлі де арнайы қатысты.
«Мемлекет басшысының Жарлығымен Алматы облысы екіге бөлініп, жаңа облыс орталығы – Қапшағай қаласына Қонаевтың есімін беру тарихи әділеттілік болды. Облысқа алғаш рет келіп отырғандықтан өңір басшылығын осы тарихи шешіммен құттықтаймын. Өздеріңізге белгілі, ел арасында «тарих Шумерден басталады» деген сөз бар, ал біздің тарихымыз Іле өзенінен басталады. Тіпті, көне түрік күнтізбелік мүшел жыл санауы Іле өзенімен байланысты. Қонаев құрылғалы бері ауқымды шаралар ұйымдастырылып келеді. Облыс әкімі айтып кеткендей, туризмді дамыту үшін БАҚ-тың ақпараттық насихатының маңызы ерекше. Медиа мен туризмді бір жерге тоғыстырған бұл форум Алматы облысының туризмінің дамуына септігін тигізеді», – деді министр.
Игілікті іс-шараның басты ұйымдастырушысы, «Түркітілдес журналистер қорының» президенті Нәзия Жоямергенқызы әлемдік туризм пандемиядан кейін дамығанын атап өтіп, дүниежүзі бойынша туризм саласындағы былтырғы кіріс 1 трлн АҚШ долларға жеткеніне де назар аударды.
«Алматы облысы – қазақтың ежелгі әдет-ғұрпы, тарихы, салт-дәстүрінің ең басты даму мекені. Сол себепті форум биыл осы жерде ұйымдастырылып отыр. Тамызда Анталиядан журналистер келіп, өңір басшысының қолдауымен бұл жерде тағы да ауқымды шара өтеді. Онда туризмді дамыту, инвестиция тарту секілді мәселелер қарастырылатын болады. Шетелге шығу жақсы, бірақ Қазақстанның да көрікті жерлері көп, соларды бұқаралық ақпарат құралдарында, әлеуметтік желіде насихаттап, ішкі туризмді дамытуға шақырамын», – деді Н.Жоямергенқызы.
Әрі қарай форум жұмысы үш сессияға бөлінді. «Қазақстандағы туризм: даму келешегі мен мүмкіндіктер» сессиясына «Alatau Aqparat» media holding» директоры Ержан Төлек модератор болды. «Kazakh Tourism» ҰК» АҚ Басқарма төрағасы Талғат Аманбаев Қазақстандағы медиа және туризм, Түркия Республикасы Туризм министрлігінің Орталық Азия мен Кавказ аймағындағы кеңесшісі Алпарслан Акынджы Жаңа «Жібек жолы» туристік белдеуіндегі Түркі ұйымына мүше елдердің ынтымақтастық негіздері, Өзбекстанның Экология, қоршаған ортаны қорғау және климаттың өзгеруі министрінің кеңесшісі Лола Рахманбаева Орталық Азиядағы экотуризмнің келешегі туралы баяндады.
Екінші сессия медиа, PR және туризм индустриясына арналды. «Молдова-1» қоғамдық телеарнасының Әлеуметтік-экономикалық тақырыптағы жобаларының бас редакторы Людмила Барба мемлекет, БАҚ және үкіметтік емес ұйымдардағы туризмді дамытудың ынтымақтастығына, «COJEP International» президенті Али Гедикоғлұ Франциядағы этикалық медиа, идеологиялық медиа және туризмге ықпалына, Түркияның «Еуразия мәдениет және спорт ынтымақтастығы» қоғамдық қорының директоры Ахмет Түзүн әлемдік спорт туризміне, ал қазақстандық PR мамандары клубының президенті Шынар Жәнібекова туризм индустриясындағы PR қызметінің ерекшеліктеріне тоқталды. Үшінші сессияда Синтетикалық медиа: контент қалыптастырудағы нейрожүйе сөз болды. Жасанды интеллект форум қатысушыларының қызығушылығын тудырғаны рас.
«МЫҢ БОЯУЛЫ АСПАН: БҰЛ – КАППАДОКИЯ ЕМЕС, ҚОНАЕВ
Форум аясында әуе шарларының фестивалі де қатысушылардың назарын аударып, жылы жүздесудің соңы көтеріңкі көңіл күйге ұласты.Шараны ұйымдастырудағы басты мақсат – қалдықтарды бөлек жинау, қайта өңдеу, экологиялық өңдеуге болатын ыдыс-аяқ пен басқа да экоматериалдарды пайдалану арқылы табиғатқа құрметпен қарауды насихаттау.
– «Облыста туризмді ілгерілету және дамыту жолға қойылған. «Konayev international balloon fest» шар фестивалі де аймақтағы айтулы оқиға болмақ. Бұл – қонақтар үшін табиғаттың сұлулығын тамашалауға және ұмытылмас әсер алуға мүмкіндік. Таңғы сағат 5-тен бастап фестивальге жиналған көрермен осындай сұлулықты тамашалауға шабыттанды, тіпті сағат 7-ге таман шармен биіктікке шығуға ниет білдіргендердің үлкен кезегі пайда болды. Яғни, осы арқылы біз туризмге түрен салуға болатынын көрсетеміз. Оған 6 ай бойы дайындалдық, талдай келе Қазақстанда мұндай фестиваль өтпегенін білдік, қолға алдық. Қонаев тұрғанда Каппадокияға барудың қажеті жоқ деп жазып жатыр желіде. Бұл – үлкен нәтиже», – деді өз сөзінде Алматы облысының әкімі.
КӨЛСАЙДАҒЫ КЕРЕМЕТ НЕМЕСЕ ТҮРГЕНДІ ТҮРЛЕНДІРЕ АЛСАҚ…
Мұнан соң форум қатысушылары көркем де келбетті Көлсайды аралады. Автобустан түсе сала ақ жауын басталды. Жаңбырдан кейін өлкенің әсемдігі одан сайын ашыла түсті. Жұпар шашқан иіс, тынысыңды ашатын таза ауа жайлы әңгіме тіпті бөлек.Осы ғажап көрініске көз суарған шетелдіктер алдағы уақытта жұмақ мекенді бір көруге асығары даусыз. Себебі Аспантау баурайындағы әспеті бөлек әсем табиғат жанға қуат сыйлады.
Мемлекет тарапынан экотуризмді дамытуға бағытталған бірқатар бағдарлама іске асуда. Соның бірі – осы Көлсай сайына апарар жолды электр желісімен қамту мәселесі. Бұған ауқымды қаржы бөлінген. Бірер жыл бұрын Қайыңды жолы, Саты сайына апаратын жолға жөндеу жүруде. Ал «Көлсай көлдері» ұлттық паркінде 200-ге тарта азамат еңбек етеді. Оларды мазалайтын басты сауал – жалақының аздығы. Жыл басында еңбекақы 20 пайызға өскен екен. Дегенмен жауапты міндетке жұмылған мамандар үшін бұл да төмен. Яғни ұлттық парк қызметкерлері еліміз бойынша ең төменгі жалақы алатын азаматтардың санатында. Жалақы көтерілсе, жақсы мамандар тартылып, бәсекеге сай орта қалыптасар еді. Ал бәсеке болған жерде прогресс болады. Дегенмен бұл салада жұмыс істейтін мамандардың көпшілігі табиғи парк аумағына жақын орналасқан ауылдардың тұрғындары көрінеді. Олар жалғыз бұл жұмыспен шектеліп қалмай, мал шаруашылығы секілді өзінің басқа да кәсіптерімен қатар айналысады.
Көлсайға жақын орналасқан елді мекен тұрғындарының тұрмысын жақсартуға туристік орын оң әсерін тигізуде. Туристерге қызмет көрсету, жатын орын ұсыну, атқа мінгізу, тамақ әзірлеу секілді көптеген жұмыспен айналысатын осы жергілікті тұрғындар. Осыдан бес жыл бұрын мұнда жылына небәрі 6-7 мың турист келсе, қазір бір маусымда ғана 165 мың турист Көлсайға табан тірейді екен. Бұл – қуанарлық жайт.
Түрген шатқалына жол түсіп, таудан құлай ағып жатқан «Аюлы» сарқырамасының сұлулығына да тамсану бұйырғанын айтпай кетуге болмас. Табиғаттың әсем жерлерін ақын-жазушылар өлеңіне қосып, жырлап келеді. Алайда бұл ғажап сұлулықты көзбен көріп, жүрекпен сезінген бөлек. Суы тұнық, шағаласы аспан әлемін шулатып ұшып жүретін мекенде турист көп. Ал халықаралық форумнан соң олардың саны тіпті артатыны анық. Біз тек қолда барды ұқсатып, өзге елдер секілді ішкі туризмді дамытуға жұмыла күш салуымыз керек деген оймен жолға шықтық.
ШАРЫННАН ШЫРАЙ КЕТПЕСІН…
Шақырымдарды артқа тастап, Шарын шатқалына жеттік. Мұндағы сұлулықты сөзбен айтып жеткізу мүмкін емес. Шарынды Американың аты әйгілі Гранд шатқалының кішірейтілген көшірмесі деп те атайды. Тарихи деректерді парақтасақ, оның бұл аумақта пайда болғанына 12 млн жылдан астам уақыт болған. Тау биіктігі 300 метрге дейін жетеді. Төмен түсетiн жалғыз аяқ жол ертегiлер елiне әкететіндей.
Ақ жолақ белдеулер санғасырлық тарихтан сыр ақтарады. Бiрде мүсiн кейпiнде, бiрде алып киiз үйлi ауылды көз алдыңа әкелетiн құзар жартастың қылығына қызығасыз. Ал қызғылт қамалдар аңғары таңғажайып сымбатымен елiктiредi. Анықтап қарасаңыз, өзіңізді ашық аспан астындағы мұражайда жүргендей сезінесіз. Сандарды сөйлетсек, былтыр 19 мың турист Шарын шатқалын тамашалаған көрінеді. Оның 60 пайызға жуығы – шетелдіктер. Соның ішінде Балтық жағалауы елдері, Еуропа мен Азиядан келушілер көп. Бір қызығы, мұнда динозаврлар кезеңінің жәдігері ретінде белгілі ерен ағашының барын білдік. Ол мұз дәуірінде де міз бақпай, «тірі» қалған. 1964 жылдан бастап ерен тоғайы табиғат ескерткіші деп жарияланған екен. Айтпақшы, Шарынның аумағында жүргізілген қазба жұмыстарының нәтижесінде геологиялық дәуірде өмір сүрген пілдердің, мүйізтұмсықтардың, стенон жылқысының және кейбір жоғалып кеткен өсімдіктердіңде қалдықтары табылған деген дерек бар.
Қазір шатқалды туристерге тартымды ету жалғасып жатыр. Мұнда енді кемпинг, глэмпинг және этноауыл мен эко-қонақ үйлер көбейетінін білдік. Қуантатыны, парк аумағында құрылыс жүрмейді, нысандар жеңіл жиналатын конструкциялар арқылы тұрғызылады. Себебі, ұлттық парк туристер қызығатындай түрленгенмен, табиғи келбетін жоғалтпауы тиіс.
Қалай десек те, тұралаған туризмді дамыту күн тәртібінен түспеуі керек. Ал жүздеген жанның басын біріктірген форум ішкі туризмге жан бітірді дей аламыз. Біз оны келген меймандардың табиғатымызға деген ерекше ықыласы мен қызығушылық танытқан пікрінен байқадық. Мәселен, осы басқосу кезінде Германиядан келген әріптесіміз, «Европа» телеканалының қожайыны Алипаша Акбаш Қазақстан туризмін өз арнасында насихаттауға дайын екенін айтты. Әзірбайжандық журналист Эльчин Маликли «Бакупост» сайтында Қазақстан үшін арнайы айдар ашатынын жеткізді. Франциялық Али Гедикоглу ЮНЕСКО сияқты халықаралық ұйымдар өткізетін әлемдік көрмелерде Қазақстан туризмін насихаттауға ұсыныс айтты.
Жалпы, туристер қауымына заманауи қалалардан гөрі көне, тарихи қалалар, көз тартар ерекше табиғат қызығырақ екені түсінікті. Тек туристер ағылатындай алғышарт жасалуы тиіс. Ал ол уақыттың еншісіндегі шаруа ғана…
М.СНАДИН
Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!