Жақын ауданның бірінде бір тылсым оқиға орын алды. Жас түскен келін кеш бата есік алдына су төгуге шығады. Шелегін көтерген бойы тысқа шыққан келін екінші қайтып үйге кірмейді. Ұшты-күйлі жоқ. Ауылда оны көргендер де кезікпейді. Арада жылжып жылдар, сырғып айлар өтеді. Алыстан бір келіншектің бойы көрінеді. Сөйтсе, осыдан 5-6 жыл бұрын жоғалып кеткен жас келін екен. Құдды жаңа ғана кетіп, дым болмағандай шелегін ұстап келе жатқандай.
Ауылдағы молдаға апарып, ол келіншектен барлығын сұрай бастайды. Ештеңеге пәрменсіз болған келін тіпті «а» деп ауыз ашуға әлсіз еді. Молданың айтуынша, кешқұрым су төгуге шыққан жас келін көшіп келе жатқан жындардың керуеніне тап болған. Олармен ілесе кетіп, керуен қайта айналып келгенде түскен екен. Адам сенгісіз жағдай. Бірақ аңыз әңгіме болып қалған мына оқиға да соған саяды.
Бір шалғай ауылдық жерде, ертеректе болған оқиға екен. Қыз бен жігіт үйленіп ұлан-асыр той жасапты. Отыз күн ойын, қырық күн тойын өткізіп абыр-сабыр адам аяғы басылыңқыраған кешкі апақ-сапақ мезгіл болса керек. Жас келін отауынан шығып далаға шықпақ болыпты. «Бұл жердін қыр-сырын білмейсің» деп қасына күйеуі де ере шығады. Жеке отаудан сәл әрігерек бір түп шеңгелдің түбіне қарай жас келін шапанды желең бүркеніп алып кете барады. Ақ көйлегінің етегі жер сызып бұраңдап бара жатқан келіншегіне сыртынан сүйсіне қарап күйеуі шеттеп қала береді.
Сол мезетте кеште қоюланып ай туады. Шеңгел жақтан үп еткен сыбыс жоқ. Күйеуі дыбыс береді. Тым-тырыс. Сәл тың тыңдап, «ал мен бара жатырмын» дейді. Үн жоқ. Жігіт ақырындап бір түп шеңгелге жақындайды. Келсе жан баласы жоқ екен. Жана ғана көз алдында құманын алып дүзге кеткен келіншегі құмға сіңгендей ғайып болыпты. Жігіт аттандап ауылды басына көтереді. Бүкіл ауыл боп ат тұяғы жетер жерге дейін келіншекті іздей бастайды. Келіншектің ауылына хабаршы шабады. Бүкіл ел-жұрт аяғынан тік тұрып іздеу салады. Ұшты-күйлі бір дерексіз кетеді. Көрдім, білдім деген жан болмайды…
Арада жылдар өте береді. Келіншектен бір хабар жоқ, жұрттар сан-саққа жорып бұл оқиғаның ізі суып күдерін үзе береді. Неше жаз, неше күз өтеді. Бір күні кеш қоюланып түн түнегі түсе бастағанда сол ауылға алыстан баяу жылжыған бір бейне жақындай түседі. Алғашқыда оны ешкім байқамайды. Тек түннің түнегін əппақ ай қуып айнала ағараңдай көрінгенде ғана сыртта шаруасымен жүрген бірен-саран адам сұлбаны байқайды. Жақын маңда жаяу адам келетіндей ауыл да жоқ. Жұрт жиналып «бұ кім екен жапан даладан келе жатқан?» деп жалғыз адамды күтеді.
Жолаушы жақындағанда жұрт гу ете қалады. Жапырлап жол ашып лəм-мим деуге халдері келмей аңырап қалады. Басына шапанын бүркеніп, ақ көйлегінің етегі жер сызып, қолында құманы бар бұл – жоғалып кеткен келіншек еді. Тап бір жаңа ғана түзге шығып келгендей асықпай өз отауына енеді. Оң босағаға тізе бүге беріп «уф-ф» деп терең демін шығарады да бір жағына қарай қыйсайып құлай береді. Сол құлағаннан ол есін жимастан үш күннен соң бақилық болады. Қыздың əкесі қолынан келгенін аямай қызын тірі алып калғысы келіп бар тəуіп, бақсы-балгерді жинайды. Еш қайран болмаған екен. Көпті көрген атағы жер жарған молда:
«Менің пайымдауымша, бұл қыз күн мен түннің алмасу сəтінде көшіп бара жатқан перінің көшіне тап болған сияқты. Күнмен жағаласып ұйықтама, күн батарда жас келіншек суға бармасын, жалғыз түзге шықпасын деген ырымдар бекер емес. Күн мен түн алмасарда перілер əсіресе белсенді болады екен. Бұл сондай періге соқтығысып калған сияқты. Көшкен перілер өздерімен ілестіріп кеткен. Енді бұл бұ дүниелік адам емес» депті.
Иә, қай уақытта болмасын білген дұғамызды оқып, піссімілләмізді ауыздан тастамағанымыз дұрыс. Қалайда бір тылсымның бар екені ақиқат.
Әжеміз кішкентайымызда «Түнде суды ашық қалдырма», «Түнде суға түспе» деп отыратын. Не деген бітпейтін тыйым деуші едік. Сөйтсек оның астары тереңде жатыр екен ғой.
Жынның басшысы Самандун Сүлейменге мың жүйрік тұлпар ұстап беріпті дейді. Сүлеймен оның қызметіне риза болып:
– Не сұрайсың? – дейді. Самандун:
– Өзен-көлді ежелден мекен етуші едік. Оны бізден тартып алып, оны адам ұрпағына бердің. Бізге мекенімізді қайтар! – деп сұрайды. Сүлеймен:
– Дегенің болсын. Бірақ түнде пайдаланасың. Күндіз адам баласының игілігінде, – дейді.
Содан жын-жыбыр түнде өзен-көлді аралап, сайран құрады екен. Бір күні бір жігіт үйінде ішерге суы болмай, түнде өзенге барады. Барса, жындар су бермейді. Жігіт Сүлейменнің сарайына барып, болған жайды айтып береді. Сүлеймен жігітке бір дұға жазып береді де, Самандунға сәлем айтады:
– Суға барғанда мынаны оқы, Самандуннің есіне сал, – дейді. Жігіт суға барып дұғаны оқиды. Дұғасы мынадай екен: «Су иесі – Сүлеймен, су алуға рұқсат ет». Оны естігенде Самандуннің барлық жынға:
– Бұл жердің шын егесі – Сүлеймен патша. Су беріңдер, – дейді.
Содан бастап адамдар түнде су алғысы келсе: «Су иесі – Сүлеймен, су алуға рұқсат ет», – деп сұрайды екен.
Көрші ауылда Серік деген жігіт тұрды. Күні-түні көше кезіп жүретін. Сөйлемейді. Адамға тіке қарамайды. Біреулер – «жын ұрған» десе, біреуі – «су перісі қағып кеткен ғой» дегенге саяды. Әйтеуір ауыл іші у-шу. «Түнде суға барма, айдың жарығы түскен суды ішпе» деп әжелеріміз тыйып отыратын. Оны Серік елемесе керек. Кеш қайта ауыл шетіндегі дария жиегіне су алуға барыпты. Сол кеткеннен ұзақ уақытқа оралмайды. Ауыл болып іздеді. Таппады. Арада бір апта өткен соң көрші Жұмағазы ата тауып алыпты. Бірақ, жағдайы әлгіндегідей. «Не болды? Не көрді?» деген сауалдар жауапсыз қалған.
Бұл оқиға ауыл тұрғындарын біраз есеңгіретті. Кейбірі қорқып тысқа шығудан қалған. Шап-шағын ауыл болғасын қауіп қай жерден келіп қаларын білмей аң-таң. Туыстары Серіктің жағдайын көріп аудан орталығындағы мешітке апарып оқытты. Бір айда өз-өзіне келген соң жақындарына мән-жайды айтса керек. «Отыз тістен шыққан сөз, отыз рулы елге тарайды» емес пе? Кішкентай балаға дейін қорқынышты әңгіме қылып айтып жүрді. Оқиға былай басталған екен. Қонаққа кетерде Серікке әжесі ауладағы шелек-бөшкелерге су тасып, толтырып қой дейді. Жігіт онысын ұмытып кетсе керек. Әжесі келмей су тасуға бекінеді. Бірақ, кеш те батып үлгерген екен. Содан дарияға барады. Шелегін енді батыра бергенде су бетінен әдемі қыздың бейнесін көреді. Аң-таң болып біраз отырады. Құлағынан «суға түс» деп шақырған нәзік дауыс естіледі. Өз денесін өзі басқара алмаса керек. Дарияның ортасында билеп, ән салған 2-3 сылқым қол созады. Қиял әлеміне кеткен Серік ес-түссіз қолын беріп, ортаға қарай жүзеді. Одан соң не болғанын білмейді. Бірақ, есін жиғанда қорымдардың басын паналап жүр екен. Көрген көрші ата ертіп, үйіне әкеледі. Молдаға оқытпас бұрын күндіз де, түнде де ұйықтай алмай сандырақтаған екен. Иә, бұл жігітті су перісі қаққан. Сенбейін десең, айналада біз білмейтін қаншама тылсым дүниелер орын алуда. Үлкендеріміздің айтып кеткен тыйымдарының өз мәні бар екеніне тамсанбай қоймайсың.
Қазақ арасында «түнде суға барма, суға түспе» деген ырым осыдан қалыпты. Ал дастарқанды жинамай, ыдысты жумай сол күйінше қалдыруға болмайды. «Пәлекеттер аралайды, ас ішеді» дейтін үлкендер. Тамақтың да бетін ашық қалдырмауды қадағалап отыратын. Мұндай ұғым қайдан шықты?
Аналарымыз ыдыстың бетін жабатын қақпағы болмай қалған жағдайда бетіне «Бисмиллә» деп жіңішке ағаш сиқты нәрсені көлденең қоятын.
Жәбир (р.а) жеткізген хадисте Алла елшісі (с.ғ.с):«Ыдыстарыңның (су, тамақ) бетін жабыңдар, есіктеріңді (түнде) ашық қалдырмаңдар және шырақтарыңды сөндіріңдер. Ақиқатында, шайтанға сусын беру, оған есіктерді ашу және ыдыстарды ашық (алдына тамақ жайып қою) қалдыру халал емес. Біреулерің ыдыстың бетін жабатын нәрсе таба алмаса, «Бисмиллә» деп ыдыстың бетіне көлденең бір нәрсені қойсын…» десе, тағы бір хадисте: «Ыдыстарыңның (су, тамақ) бетін жабыңдар. Расында бір жыл ішінде оба ауруы жүретін бір түн бар. Бұл оба ауруы тек ашық ыдыстағы тағамдарға түседі» деген екен.
Ал бейуақ уақытта ұйықтауға болмайтын тыйым қайдан шықты? Үйде үлкендер «Кешпен таласа ұйықтама» деп отыратын. Жалпы қазақта «бейуақ» деп, күн қызарып батып, қараңғы түн әлі түсе қоймаған апақ-сапақ кезді айтады. Бұл – ақшам намазы мен құптан намазының арасындағы мезгілге тура келеді. «Қазақ ұғымында бейуақ ыңғайсыз уақыт. Бұл уақытта ұйықтауға қатаң тыйым салынған. «Іңірде жатқан ырыссыз қалар» деген мәтел осыны айғақтайды.
Мұның шариғатта да негізі жоқ емес. Сахаба Әбу Һурайрадан жеткен бір «хадис шәрифте» былай делінеді:
«Шынында Алла елшісі (с.ғ.с) құптаннан алдыңғы ұйқыны ұнамсыз көретін әрі құптаннан кейін әңгіме дүкен кұруды ұнамсыз көретін».
Хадистен де анық байқағанымыздай, Пайғамбарымыз ақшамнан кейін ұйықтауды қош көрмеген. Осыған орай, үш мәзхаб ғұламалары ақшам намазынан кейін ұйықтауды «мәкруһ» санаса, Ханафи ғалымдары «Егер құптанға тұрғызатын адамы болса, ақшамнан кейін бір сәт ұйықтауына рұқсат» деп есептеген. Себебі сақаба Абдулла ибн Омар құптанға оятуды сұрап, өзі ақшамнан кейін бір сәт мызғып алатын болған екен.
Сонымен қатар басқа бір «сахих хадисте» күн батқанда жер бетіне жын-шайтандар жайылатыны айтылады. Қазақта мұны «іңірде шайтан көшеді» деп түсіндірген. Сол екі арада қараңғы түскенше біраз уақыт жас балаларды далаға жібермеуді де қатаң ескерткен Алла елшісі. Ендеше, бейуақытта ұйықтамаудың бір мәні осында жатуы мүмкін.
«Дастарқанды, ыдысты, тамақты аттама», «Жаман әдетті үйренбе», «Етбетіңнен жатпа», «Кісі төсегіне отырма», «Түнде мал санама», «Түнде күл шығарма», «Түнде кір су төкпе», «Лас су баспа» деген тыйымдар өте көп. Қазақта жас келін, жаңа босанған ана түнде жалаңбас далаға шығуға болмайды. Бұл уақытта «жамандар» үйір болады деседі. Бірақ бұған құлақ асып жатқандары аз. Кейде шаршағанда жаздыгүні далада суы күнге жылынған «душқа» түсе саламыз. Түн болсын, күн болсын. Елемейміз де. Әжелеріміз «Кеш қайта даладағы суға түспе, екі кештің ортасында «жамандар» жүреді» деп отырушы еді. Бірде бір ауылда мынадай оқиға орын алды. Жұмыстан шаршап келген келіншек екі кештің арасында суға түседі. Әлдененің демалған тынысын естиді. Мән бермейді. Жоғарыдан аққан су өздігінен тоқтайды. Сол кезде көзін ашса, алдында қап-қара сұлба тұр екен. Қатты қорыққан ол аузын енді аша бергенде ішіне кіріпті-мыс. Бір кезде келіншек енесі, атасы, балаларының дауысын салып жүгіріп жүр дейді. Молдаға апарса мұны да жын қағыпты.
Тылсымға бірі сенсе, енді бірі елемейді. Бірақ тыйым сөздің тереңіне бойлаған қазекем астарында не жатқанын өз тәжірибесінен өткізген ғой…
Әңгімелер авторы Айнұр ӘЛИ
Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!