Қазақ жерінде құпиясы ашылмаған сан мыңдаған мекен бар. Ұлы дала төсіндегі тылсымға толы бұл орындардың әрқайсысы өз тарихын жастап алып, үнсіз жатқандай. Кейбірі бабаларымыздың күнделікті өмірін, мәдениетін бейнелесе, енді бірі табиғаттың ғажайып сырын паш етеді.

Кейбір мекендердің құпиясы әлі күнге дейін зерттеушілер үшін жұмбақ күйінде. Жер асты үңгірлері, доп секілді домалақ тастар, дыбыс шығаратын құм төбелер бәрі-бәрі адамзат тарихы мен табиғаттың өзара байланысын аңғартады. Сол себепті әрбір сапар, әрбір зерттеу тек географиялық емес, рухани саяхат та болып келеді. Өткен мен болашақ арасындағы көпірге айналған тылсымға толы тарихи мекендер жайлы қалам тербеуді жөн санадық.

Тылсымға толы мекендер: табиғат пен тарих құпиясы
Фото: httpskia.com.kzkzkiagokiago-iuznyi-kazaxstan

Ақмешіт үңгірі – табиғаттың тылсым туындысы

Қазақ даласы табиғи ғажайыптарға толы. Солардың ішінде адамды бір көргеннен-ақ тылсымына тартып әкететін, сыры мен сымбаты үйлескен ерекше нысандардың бірі – Ақмешіт үңгірі. Оңтүстік Қазақстан облысы, Бәйдібек ауданы аумағында, Шымкент қаласынан шамамен 90 шақырымдай қашықтықта орналасқан бұл мекен табиғат пен тарих тоғысқан, аңызға толы ерекше нысан. Өлке тұрғындары оны көнеден келе жатқан тарихи қастерлі орын ретінде құрметтейді, ал кейінгі жылдары үңгір жалпыұлттық қасиетті орындар қатарына іліккен. Сондай-ақ ол көлемі мен құрылымы жағынан Орталық Азиядағы ең ірі табиғи үңгірлердің бірі саналады екен.

Ақмешіт үңгірінің басты ерекшелігі оның алып көлемінде. Үңгір ішіндегі кеңістік футбол алаңындай үлкен, ал биіктігі 25-30 метрге дейін жетеді. Ішке кірген адам өзін жерасты сарайында тұрғандай сезінеді. Төбеден түсетін жарық үңгір ішін жұмбақ сәулеге бөлеп, ерекше атмосфера қалыптастырады.

Халық арасында үңгірдің «Ақмешіт» деп аталуы да тегін емес көрінеді. Ішкі кеңістігінің күмбезге ұқсас болуы, жарықтың жоғарыдан түсуі оны мешітке ұқсатады. Көне замандарда жергілікті тұрғындар бұл жерді қасиетті орын санаған деген аңыз-әңгімелер де жиі кездеседі.

Ғалымдар үңгірді зерттеп, оның әктасты жыныстар қабатының ойылуынан пайда болғанын анықтаған. Тіпті кейде аңдап қараған адамға үңгірдің саңылауы киіз үйдің шаңырағы сияқты көрінеді. Үңгір ішінде ұзындығы 7-8 метрлік үлкен жол-жырық бар. Зиярат етушілер осы жол арқылы түсіп, өз армандары мен дұға-тілектерін Жаратушыға арнайды. Бұл дәстүр қашан басталғаны белгісіз, бірақ халық арасында бұл үңгірді мешіт тәрізді қасиетті орын болған деген әңгіме көп айтылады.

Жергілікті өлкетанушылардың айтуынша, үңгірге сырттан кіретін құпия жолдар болған. Десе де екі ғасыр бұрын жер сілкінісі салдарынан мешіт күмбезінің бір бөлігі опырылып, үңгірде үлкен саңылау пайда болған. Сол себепті бұрынғы құпия жолдар жабылып қалған көрінеді.

Ғылыми тұрғыдан алғанда, Ақмешіт үңгірі әлі күнге дейін геологтар тарапынан үлкен қызығушылық туғызып отыр. Мұнда жерасты микроклиматы, жыныс қабаттарының құрылымы, табиғи дыбыс жаңғырығы секілді бірегей құбылыстар бар. Үңгірді арнайы биолокациялық құралдармен тексергенде, адам денсаулығына кері әсер ететін геомагниттік толқындар жоқ екені анықталған. Яғни Ақмешіт үңгірінде адам ағзасына зиян келтіретін энергия жоқ, керісінше, жанға тыныштық пен жайлылық сыйлайды.

Үңгірдің ішіндегі ауа қашанда жайлы деседі келушілер. Жазда даладағы ыстық 40 градустан асса да, үңгір ішінде 17-19 градус шамасында жайлы температура сақталады. Үңгір төбесінен мөлдір тамшылар үзіліп тамады, жергілікті халық бұл құбылысты «Ақ молданың көз жасы» деп атайды. Осы су тамшылары мұндағы өсімдіктерге өмір сыйлайды.

Халық арасында мынадай да аңыздар кездеседі. Бір кездері үңгірде алып айдаһар өмір сүріпті. Ол қараша халықтың мал-мүлкін жеп кетуді жиілеткен соң амалы таусылған ел Ақмешіт әулиеден көмек сұрапты. Ақмешіт әулие тылсым білімнің күшімен айдаһарды жеңген деседі. Өмірінің соңында мүрдесін үңгірге жерлеуін өтініп, сол жер «Ақмешіт үңгірі» деп аталып кеткен деседі жергілікті тұрғындар.

Тағы бір аңызға сүйенсек, ертеде үңгірде жамағат жиналып намаз оқитын, құлшылық жасайтын мешіт болған. Үлкен саңылау арқылы адамдар ішке кіріп, өз дұғаларын орындаған. Осы оқиғалар халық жадында рухани береке мен қасиеттілік белгісі ретінде сақталған. Әрине бұл деректің ғылыми дәлелі жоқ, бірақ үңгірдің ерекше тыныштығы мен кеңдігі адамның ойына түрлі әсер сыйлайтыны анық.

Кейінгі жылдары Ақмешіт үңгірі ішкі ьтуризмнің маңызды нысандарына айналып келеді. Табиғат аясында демалуды, тарихи- танымдық сапарларды ұнататын жандар үшін бұл жер таптырмас бағыт. Алайда мамандар үңгірге барғанда қауіпсіздік талаптарын сақтаудың маңызын ескертеді, себебі табиғи нысан болғандықтан, оның ішінде арнайы инфрақұрылым толық дамымаған.

Ақмешіт үңгірі – тек табиғи феномен емес. Ол аңыз, тарих, табиғат пен сенімнің тоғысқан нүктесі, табиғаттың адам қолы жетпес шеберлігінің дәлелі. Зиярат етушілер мұнда келіп, табиғат сұлулығына таң қалып, бірер уақытқа рухани тыныштық табады. Аңыздар мен әңгімелер үңгірдің әр тасында, әр тамшысында құпия күш пен тылсым барын еске салады.

Тылсымға толы мекендер: табиғат пен тарих құпиясы
Фото: Александр Кузнецов

Торыш алқабы – тас шарлар мекені

Қазақстанның батысында, Маңғыстау түбегінің қуаң да қатал табиғаты аясында адам ақылына сыймайтындай бір құбылыс бар. Ол – Торыш алқабы. Халық арасында бұл жер «Шарлар алқабы» деген атаумен кең таралған. Жер бетіне шашылып жатқан алып домалақ тастар бір қарағаннан-ақ адамды таңданыс пен күмәнге қалдырады. Оларды табиғат жаратты ма, әлде белгісіз бір өркениеттің ізі ме?

Торыш алқабы Маңғыстау облысының Қарақия және Маңғыстау аудандарының шекарасына жақын аумақта орналасқан. Бұл жерде көлемі бірнеше сантиметрден бастап, диаметрі 3-4 метрге дейін жететін мыңдаған тас шарлар бар. Кейбірі қолдан тегістегендей мінсіз дөңгелек болса, енді бірі жартылай бөлінген, қабат-қабат құрылымымен көзге түседі.

Алқаптың бір ерекшелігі, тас шарлардың белгілі бір тәртіппен емес, бей-берекет шашылып жатуы. Осы жайт олардың шығу тегі туралы сан түрлі болжамның тууына себеп болған.

Ғалымдар Торыш алқабындағы тас шарларды «конкреция» деп атайды. Бұл миллиондаған жыл бұрын теңіз түбінде шөгінді жыныстардың ортасына минералдардың жиналуы нәтижесінде түзілген геологиялық құрылым. Уақыт өте жыныс қабаттары мүжіліп, ал ең тығыз бөлігі домалақ тас шарлар жер бетіне шығып қалған.

Алайда бұл ғылыми түсінік көпшілік үшін әлі де толық сенім тудыра қойған жоқ. Себебі кей шарлардың мінсіз пішіні, ішкі құрылымының қабат-қабат болуы, тіпті кейде «тігіс» ізіне ұқсас сызықтардың кездесуі адамдарды басқаша ойға жетелейді.

Иә, халық арасында Торыш алқабына қатысты аңыз-әңгіме аз емес. Бірі бұл шарларды ежелгі алыптардың қаруы десе, енді бірі аспаннан түскен метеориттер деп болжайды. Кейбіреулер бұл мекенде ерекше энергетика барын, ұзақ жүрген адам өзін өзгеше сезінетінін айтады. Әсіресе күн батар шақта тас шарлардың көлеңкесі ұзарып, айналаға тылсым тыныштық орнағанда, алқап мүлде басқа әлемге ұқсап кетеді. Осы сәттер Торышты мистикалық мекен ретінде таныта түсетіні анық.

Кейінгі жылдары Торыш алқабы отандық және шетелдік туристердің қызығушылығын арттыра бастады. Фотографтар, саяхатшы-блогерлер, зерттеушілер бұл жерді «ашық аспан астындағы табиғи музей» деп атайды. Дегенмен мамандар тас шарларды орнынан қозғауға, сындыруға немесе алып кетуге болмайтынын ескертеді. Бұл табиғи мұра, оны сақтау баршаға ортақ міндет.Торыш алқабы – тек геологиялық құбылыс емес. Ол адамға уақыттың қаншалықты терең, табиғаттың қаншалықты құдіретті екенін үнсіз еске салып тұрғандай. Мыңдаған жыл бойы өзгермей жатқан тас шарлар адамзаттың өткіншілігін, ал табиғаттың мәңгілік екенін тағы бір еске салады.

Тылсымға толы мекендер: табиғат пен тарих құпиясы
Фото: httpsel.kzgaiip_bolgan_kirik_er____25345

Ғайып Ерен Қырық Шілтен

Нұх пайғамбардың кемесі қалған Қазығұрт тауы қалың қазаққа мәлім. Дәл осы тау баурайындағы киелі деп саналатын орындарының бірі – Ғайып Ерен Қырық Шілтен. Бұл мекен табиғат пен аңыздың, ғылым мен сенімнің бірегей үйлесімін көрсетеді. Мұнда биіктігі 15 метрге жететін екі алып жартас орналасқан. Жергілікті халық бұл екі тасты «Адам ата – Хауа ана» деп атап кеткен. Жартас арасынан түскен жарғабақ адам үшін өтетін жолға айналған. Аралығы шамамен 20-30 см ғана. Халық сенімі бойынша, пейілі таза адамдар бұл тар жолдан еш қиындықсыз өте алады, ал ниеті кірлеген адам қиындыққа ұшырайды. Алайда ел аузында тараған бұл құбылыстың ақиқат немесе жалған екенін бір Құдай біледі.

Кейбір аңыздар бұл жерді араб ғұламасы Әл-Ғазалимен байланыстырады. 13-14 жасында Үндістаннан араб елдеріне білім іздеп шыққан Әл-Ғазали мінген керуен жол бойы қырық қарақшыға кездеседі. Қарақшылар жолаушылардан ақша талап еткенде, Әл-Ғазали анасы берген тиынның бәрін қарақшыларға санап береді. Қарақшылар баланың адалдығына таңырқап, ақшасын қайтарып беріп, батасын сұрайды. Батадан кейін қарақшылар құсқа айналып, аспанға ұшып кеткен деседі. Сол күннен бастап бұл жер «Ғайып Ерен Қырық Шілтен» деп аталып келеді. Бұл аңыз адамдардың адалдық пен сенімге үндесе, тағы бір аңызда бұл жерді Шілтер атты әулие мен оның қырық серігі қорғаған деп айтады. Олар Қазығұрт етегінде тынығып, бесін намазын оқып жатқан сәтте қарақшыларға тап болады. Шілтер әулие серіктерімен бірге намазын бұзбай оқиды, сол кезде Алла тағала олардың дұғасын қабыл етіп, оларды тасқа айналдырады. Сол сәттен бері бұл жер халық арасында киелі мекен ретінде саналады. Аңызға сәйкес, Шілтер әулие басында бір түп киелі тұт ағашы өсіп, Адам ата мен Хауа ананың белгілері бейнеленген. Тастардағы тесіктер Хауа ананы от пен судан аман сақтаған Адам атаның «қырық тесігі» деп түсіндіріледі.

Ғайып Ерен Қырық Шілтеннің айналасында табиғаттың туындысы іспетті таңғажайып бейнелер бар. Жан-жануарлар, дастархан, түйе сияқты мүсіндер қолдан қашалғандай әсер қалдырады. Қос жартастың арасындағы жол, халық сенімі бойынша, күнәсі аз адамдарға бұл жол жеңіл көрінеді. Тіпті тұрғындардың айтуынша, арық адам өтпей қалып, толық адам оңай өтетін сәттер кездеседі екен. Кей дерекке сүйенсек, бұл жерге келген адамдардың арасында ауруынан айығып, мақсат-мұраттарына жеткені де бар көрінеді.

Сондай-ақ мұнда үш бұлақ бар, әрқайсысының дәмі мен емдік қасиеті әртүрлі. Бірі іш ауруларына ем болса, екіншісі көз ауруларына, ал үшіншісі құлақ ауруларына пайдалы деп айтылады.

«Ғайып Ерен Қырық Шілтен» атауы үш тілдің қоспасынан құралған. «Ғайып» – араб тілінен, «көзден таса, жоқ болу» деген мағынаны білдіреді. «Ерен» – көне түркі тілінен алынған, «ер, ерекше, қасиетті» деген ұғым болса, ал «Қырық Шілтен» – парсы тілінен, «қырық тән немесе қырық күш» дегенді білдіреді екен. Сол себепті жер атауы өзінің рухани мәнін, құдіретін және тарихи аңыздарын бірден көрсетеді.

Ғайып Ерен Қырық Шілтен тек табиғи феномен ғана емес, халық жадында рухани күштің, сенімнің, адалдықтың және батаның мекені ретінде қалған киелі орын. Бұл жерге келген әрбір адам тек ғажайып табиғатты тамашалап қана қоймай, рухани әсер мен тарихи аңыздарға куә болары анық.

Тылсымға толы мекендер: табиғат пен тарих құпиясы
Фото: Фото «Visit Zhetysu» турстік ақпараттық орталығы

Айғайқұм: Алтынемелдің тылсым құм төбесі

Қазақстанның көрікті табиғаты мен тылсым мекендерінің бірі – Алтынемел ұлттық паркі. Ел аңызында айтылғандай, осы аймақтың атауын Шыңғыс хан өзі қойған деседі. Бүгінде Алтынемел тек табиғат сұлулығымен ғана емес, сондай-ақ құпиялы құм төбесі – Айғайқұммен де танымал.

Айғайқұм – жай төбе емес, ерекше құм жотасы. Ол Үлкен Қалқан мен Кіші Қалқан тауларының ортасында орналасқан, биіктігі 150 метрге жетеді, ал ұзындығы 3 шақырымға созылады. Кәдімгі құм төбелерден ерекшелігі – оның өзіне тән дыбысы мен тылсым атмосферасы.

Айғайқұмның атауы айтқандай, бұл төбеден ерекше дыбыс естіледі. Аңыз бойынша, дыбыс бірнеше шақырым қашықтыққа таралады, тіпті жердің дірілдеуіне әсер етеді деседі. Біреулердің сенімінше, құм төбенің астында Шыңғыс хан көмілген деген аңыз бар, бірақ ол әлі табылған жоқ. Басқалары бұл құбылысты табиғатпен байланыстырады. Мысалы Құдайдан қорыққан шайтан құм астына тығылып, қайта шығуға талпынғанда осындай дыбыс пайда болады деп сенетін көрінеді.

Айғайқұмның дыбысы мен ерекше қалыптасуы тек аңыз емес, ғылыми тұрғыдан да түсіндіріледі. Құм төбенің қалыптасуы Қалқан тауларынан соғатын желдің бағыты үнемі өзгеріп тұруының нәтижесі. Бұл құм түйіршіктерін елеу арқылы үлкен жота пайда болуына себепші болады. Ал дыбыс шығуы – құм жел әсерінен қозғалғанда пайда болады екен. Кейде ол ұшақтың гүріліне ұқсас дыбысқа айналады. Әсіресе түнде, шығыстан салқын жел соққанда дыбыс айқын естіледі. Сонымен қатар адам төбе басына шығып, құмға отырып сырғанаса, дыбыс шығады деген құбылыс та бар.

Кең далада мұндай үлкен құм төбенің ерекшеленуі көңілге көп сұрақ ұялатады. Алайда бұл тек табиғаттың кереметі ғана емес, аңыздар мен мистикалық сенімдермен үйлескен ерекше мекен. Айғайқұмды көрген әр адам оның тылсымдық энергиясын сезініп, таңқалып қайтады. Мұнда жел мен құм және кең дала ерекше дыбыс пен көрініс жасап, адамдарға тылсым әрі әсерлі тәжірибе сыйлайды. Алтынемел ұлттық паркіне саяхат жасағандар үшін «Айғайқұм» баруға міндетті саналатын орындардың бірі.

Қазақ жерінде талайды таң қалдырар табиғат тылсымдары мен киелі мекендер көптеп кездеседі. Тіпті еліміздегі кез келген елді-мекеннің тарихына үңіле қалсаңыз, таңғажайып аңыз әңгімелерге қанығасыз. Бүгінгі мақаламызда төрт түрлі тылсым мекенді таныстырып өттік. Мұндай мекендерді танып-білу ұлттық жадымызды жаңғыртып, рухани құндылықтарымызды сақтаудың басты тірегі болып қала бермек.

А.ОРАЛБАЙ

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!