Таяуда оралдық ақын жігіттің Сыр топырағына табаны тиді. Сондағы әлгі жігіттің ең бірінші ойы – ұлтымыздың қазақ деген ұлық атауын қайтарған орынды барып көзбен көру, сол жердің топырағын сүю болған екен. Ал біз сол топырақты әр күні әр сағатта сүюге мүмкіндігіміз бар. Тіпті сол жерге барып, қазақ зиялыларының осыншалықты еңбегін сезініп, өн-бойымыздан өткізер едік. Солақай саясаттың салқыны біздің тарихымыздың көпшілігін тып-типыл етті.

1925 жылдың 15 сәуірінде басталған ҚССР Қырғыз (қазақ) кеңестерінің V съезі 19 сәуір күні түйінделді. Міне, сол жиында қазақ деген тарихи атауымызды қайтардық. Еліміз Қазақ ССР-і болып аталды және Ақмешіт астана болып бекітіліп, атауы Қызылорда болып өзгерді. Арада ғасыр өтіпті. Ғасырдан асып, келесі кезеңге аяқ бастық. Теміржол вокзалының алдында көзге сонадайдан түсер ерекше ғимарат тұр. Басы артық ешнәрсесі жоқ осы құрқылтайдың ұясындай бөлмелердің ішінде том-том тарих сайрап тұр. Тамырсыз тасына да тіл бітсе тарихтың бетін парақтайтын біздің елдегі осы бір ғимарат – «Ақмешіт» музейі. Көненің көзіндей болған тарихи нысан бүгінде жаңарған. Іші-сырты жаңа кейіпке енген. Табалдырықтан аттай қалсаңыз, тарихқа қанығасыз.
Ә дегеннен ғимараттың жаңарғаны табалдырықтан бастап-ақ көзіңізге түседі. Бұрынғы көне ғимарат жаңарып, қабырғалары да ашық түспен көңіліңді шайдай ашады. Облыстық музейдің басшысы Сапар Көзейбаев пен музейдің ғылыми қызметкері Асхат Сайлау бізді ең әуелі жаңашылдыққа қадам басқан нысанның жұмысымен таныстырды.

– Келуші кіреберіске келгенде мұнда тұрған планшет арқылы қайраткер суретінің үстіне барса, өмірбаяны мен қызметі, елге атқарған еңбегі айтылады. Ахмет Байтұрсынұлы, Міржақып Дулатұлы, мүмкін Сәкен Сейфуллин туралы білгіңіз келетін шығар?… Қалаған кісінің суретіне планшетті апарсаңыз, мәліметке қанығасыз. Бұл панорамалық картинада біз барлығын қамти алмадық, сыйғанынша алдық. Әйтпесе Алаш қайраткерлерін түгендеп, барлығын қояр болсақ ғимараттың барлық қабырғасы да жетпейді, – дейді музей басшысы.
Қызылорда астана болған уақыттағы осында еңбек еткен қайраткерлердің қай көшеде тұрғанын осыған дейін де қаламға арқау етіп жүрдік. Дегенмен, біздікі тұспал болатын. Таяуда ҚР Президенті архивінен қол жеткізген 400 беттік мәлімет пен видеоларда көп жайт айқын жазылған.

– Біз архивтен тапқан құжаттарға қарасақ, сол уақытта күн сайын үлкен жиын өтіп отырған. Апта сайын емес, әр күн сайын түрлі мәселені талқылаған келелі кеңестер. Олар дамыл таппаған. Қазақ халық ағарту институтының ұйымдастыруымен өткен жиындар, ол жиындардың қайда өткені, оған қатысқан Жүсіпбек Аймауытұлы, Смағұл Сәдуақасов, Телжан Шоманов, Бейімбет Майлин, Ілияс Жансүгіров сияқты қазақ интеллигенциясы өкілдері жайлы мағлұматтар және фотосуреттердің біразын алып келдік. Біз әкелген 45 суреттің ішінде Қызылорданың сол уақыттағы жағдайы, көшелері, демалыс паркі, медицина саласы, Қазторг, Профсоюз қызметкерлерінің суреттері бар. Алты минуттық деректі фильмде 1927 жылы қазан төңкерісінің 10 жылдығы, ол жиынға мемлекет қайраткері Нығмет Нұрмақовтың қатысып, сөз сөйлегені, сол кезеңдегі қала көшелері мен адамдары түсірілген, – дейді Асхат Қожагелдіұлы.

Айтпақшы, әкелінген құжаттардың ішінде Қызылорданы салуға қанша ағаш, қанша кірпіш кеткені жөніндегі есептер де бар. Оның ішінде А.Кенжиннің Қызылорданың санитариялық жағдайының төмен екенін айтқан дерек те кездеседі.
– Қызылордадан астана жасау оңай болмаған. Нығмет Нұрмақовтың баяндамасында да біраз жайт ашып айтылады. Сырттан келген қызметкерлерге баспана табу мәселесі болғанын да құжаттан көреміз. Атақты Әбілқайыр ханның ұрпағы саналатын Ермұхаммед сұлтанның немересі Ибрагим Қасымов есімді ағартушы болды. Сол кісінің үйін Міржақып Дулатовқа қалай алып бергені туралы Кенжиннің бұйрығы да табылды. Бұл жерде күштеп тартып алып берген деген мәселе жоқ. Міржақып Дулатұлы сыйлы болған. Қасымов та елдегі алғашқы ағартушының бірі. Көзі ашық, көкірегі ояу азамат Дулатұлына деген құрметпен өзінің баспанасын берген екен. Алдағы уақытта 1928 жылғы архив деректерін көтергіміз келіп отыр. Президент архивінде ол бар, – дейді ғылыми қызметкер.

Ғасыр бұрынғы тарих беттерінде Алаш қайраткерлерінің ізі қалған мекенде біз Ахмет Байтұрсынұлы, Міржақып Дулатұлы, Әлихан Бөкейхановтардың табанының табы қалған жерді басып жүрміз.Көненің көзін көрген әрбір нысанға тіл бітсе, талай оқиғаны айтып берер еді… Бұл күнде олардың әрбірінің қай үйде тұрғанына дейін құжатта сақтаулы. Бұйырса, жарқыратып, тақтайша ілетін де күн келер… Кейінгі ұрпақ «бұл жерде Ахмет атаның үйі болыпты» дегенді айтып, кеудесін мақтаныш сезімі кернесе қандай ғанибет…

– 1925 жылы өткен V съезге 500 адам келген. Сол бес жүз адамға жатын орын дайындау, ас-ауқат дайындау – мұның барлығы үлкен дайындық болды. Осы мәселелер айтылған телеграммалар да сақталған. Ол аз адам емес. Етті арзандату, оны шаруашылықтардың жауапкершілігіне беру, кереует жеткізу, ғимаратты босату тәрізді мәселелер жазылған құжаттардың да көшірмесін әкелдік. Тұтас тарих қой. Жоғарыда айтып өткен панорамалық картина сырттан келген қонақтарға, мектеп оқушыларына арнайы дайындалған. Келешек ұрпақ білу керек. Қызылорданың астана болғанын, қазақ деген атауды осы жерде қайтарғанын естен шығармау керек, – деді А.Сайлау.

Музейдегі әрбір бұрышта қойнауы ғасыр жүгін арқалаған тарих тұр. Ақмешіт бекінісінің суреті мен макеті де көзге сонадайдан менмұндалайды. Қызылорданың атауын қойған Қоңырқожаның да, атақты Лапиндердің де тарихы қойылған. Мәскеудің қақ ортасынан нотариус ашып, қылышынан қан тамған қызыл империя айыптаған қандастарымызды қорғап шыққан Сералы Лапиннің еңбегінің өзі неге тұрады. Лапиндер мен Қожықовтардың: қос әулеттің тарихында қазақ тарихының көп бөлігі көрініп тұр. Асхат Қожагелдіұлы алдағы уақытта да ізденіс арта түсетінін айтты.
– Бізге ел асып, сыртқа барудың қажеті шамалы. Ташкенттегі архивтің өзін ұлт жанашырлары сол уақыттың өзінде елге көшіріп алуы бек мүмкін. Біз қазір Президент архивінен көп қазына таптық. Алдағы уақытта да жыл сайын қоржынымыздағы қазынаны арттыра түсеміз. Ұлттың тарихы шын, ақиқат болуы керек, ол ұмытылмауы керек, – дейді А.Сайлау.

Музей директоры Сапар ағай мен Асхат мырзаның қасында тұрып, «Ақмешіт» музейін өз қаражатымен, осындағы қызметкерлердің өз күшімен қайта жаңғырғанын естіп, риза болдық. «Музейде мамандыққа жан-тәнімен берілгендер ғана жұмыс істейді» деді директор. Екі азаматтың ұлт тарихына келгенде жанын сала тер төгетініне қарап тұрып, расы- мен мамандыққа адамдардың кездейсоқ келмейтінін түсіндік.
Дәулет ҚЫРДАН,
Суретке түсірген
Нұрболат НҰРЖАУБАЙ.
Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!