Дамыған медицина заманында адамдар мың құбылып, Жаратушының жаратылысын өзгертіп әлек. Бұрын  өкпе, жүрек, ұйқы безі, бауырды ауыстырғанды естісек, енді еркекті әйелге, әйелді еркекке алмастыру оңай шаруаға айналды. Алғашқылары адам денсаулығын жақсартудың қамы деп қарасақ, соңғысының жөні бөлек. Тіпті мұны Алексей Цой басқаратын Денсаулық сақтау министрлігі де қолдап, қараша айында жыныс ауыстыруға рұқсат беру туралы бұйрықты бекітті. Басты талап – жыныс ауыстыру үшін адамның жасы 21-ден асуы керек және психикалық  мінез-құлық ауытқулары болмағаны дұрыс. Тышқан жылы тосын сыйға айналған бұл шешімге көбі наразы. Әрине, менталитетке сай келмейтін шаруаны шама шарқынша тарқатуды жөн санадық.

Алдымен шығу тарихына үңілдік. Қазаққа жат көрінетін жыныс ауыстыру операциясы  алғаш рет осыдан 79 жыл бұрын қолданысқа еніпті. Нақты айтсақ, 1931 жылы Эйнар Вегенер есімді даниялық суретшіге жасалған екен. Бастапқыда жұбайының өтінішімен әйел болып киініп, жаңа туындының кейіпкеріне айналған ол бірте-бірте әйел киімін үстінен тастамайтын болған. Себебін сұраған жақындарына ол өзін әйел кейпінде өте ыңғайлы сезінетінін айтқан. Ақыры Эйнар жынысын ауыстыруға ота жасатып, есімін Лили Эльба деп өзгертеді. Нағыз әйел болып, бала туғысы келген, бірнеше рет жатыр жасатуға да әрекет еткен екен. Алайда бойына күшпен қондырылған жатырды жатырқаған ағзасы бір күнде сыр беріп, Эйнар қайтыс болады. Жалпы ХХ ғасырдың басында өзінің әу бастағы жаратылысын «қателік» деп танып, жынысын ауыстырғысы келетіндерге бірден «шизофрения» деген диагноз қойып, оларды өмірбақи психиатриялық ауруханада қамап ұстаған екен. Эйнарды мысалға алуымыздың себебі де бар. Жынысын ауыстырған адамның өмір сүруі 2,5 есеге төмендейді. Дәрігерлердің айтуынша, жыныс ауыстыру операциясынан кейін адамның өмірі кемі 15-20 жылға күрт қысқарады. Себебі органдардың табиғи функциясы бұзылады. Әйел болғысы келген еркек тестостерон гормонын тежеп отыратын әйел гормондарын ішеді. Еркек болғысы келген әйел керісінше күшейткіш гормон қабылдайды. Мұның бәрі денсаулыққа әсер етпей қоймайды. Яғни Жаратушының жаратылысына қарсы шыққандар 15 жыл ғана өмір сүреді деген сөз. Айтпақшы, қазақстандық дәрігерлердің жыныс ауыстыруда тәжірибесі жоқ. Мәселен, Таиланд елі бұл тұрғыдан әлемге әйгілі. Елімізде операция жасатқан адамдар кейін Таиландқа барып, сол елдің медицинасына арқа сүйеуге мәжбүр болады деген сөз. Онда несіне елімізде мұндай ота жасатуға рұқсат берілді?

Өткен аптада қоғамның актуалына айналған тақырыпқа Қазақстан мұсылмандар діни басқармасы пәтуасын берді. Шариғи тұрғыдан жыныстық мүшені ауыстыруға тыйым салынады. Оған төмендегі мына аят-хадистер айғақ болады.

 Жыныстық мүшені ауыстыру – Жаратушының жаратылысын өзгерткенмен тең. Алла Тағала мұндай өзгертулерді харам еткен. Себебі мұндай сорақы іс-әрекет ібіліс шайтанның діттеген мақсатына кіреді.

Яғни шариғат бойынша ер кісінің жыныс мүшесін әйелдің жыныс мүшесіне ауыстыруы немесе әйелдің жыныстық мүшесін ер кісінің жыныстық мүшесіне ауыстыруы – харам.

Қоғамды жат қылықтан арылтуға психологтардың көмегі ауадай қажет. Облысымызға белгілі психолог Ләйла Өтегенова ең алдымен бала тәрбиесіне аса мән беруіміз керек дейді.

– Еркектің өзін әйелше сезінуі, әйелдің өзін еркекше ұстауы – денсаулықтағы кінәрат, гормондық бұзылыстың туа біткенінен болмаса, көп жағдайда психикалық ауытқу емес, жетіле келе қызығушылығына, ортасына қарай қалыптасып жатады. Бұл – жүре қалыптасатын мінез. Оны дер кезінде байқап, дұрыс бағыттап жіберсе, түзетуге болады. Адамдардың бәрі бірдей емес. Олардың ішінде ортаға бейімделгіш, еліктегіштері болады. Жыныс ауыстырушылардың көбі осындай адамдардан шығады. Сондықтан ондай жандарға дұрыс тәрбие қажет, – дейді психолог.

Біздің ел жыныс ауыстыру операциясына рұқсат берген Орталық Азия аймағындағы тұңғыш әрі жалғыз мемлекет. «Алғашқы», «тұңғыш», «бірінші» деген атақ қай салада болмасын үлкен мәртебе. Дегенмен қоғам дертіне алғаш болып үлес қосқанымыз қынжылтады. Ата-баба дәстүрінен, діні мен ділінен алшақтай қоймаған қазақ үшін бұл қасіретпен тең.

Ерасыл ШӘРІБЕК

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!